Еңбекшіқазақ ауданында ауыл шаруашылығы саласында, оның ішінде су, жер дауы секілді мәселелер әлі де толықтай шешімін таппай отыр. Бұл туралы аппараттық жиын кезінде аудан басшысы Алтай Досымбаев мәлім етті, деп хабарлайды agroqogam.kz.
Аудандық аппараттық жиында ауыл басшылары әкімнен сөгіс естіді. Бұған себеп – тиісті тапсырмалардың орындалмауы, қаражаттың игерілмеуі. Аудан әкімінің айтуынша, ауыл әкімдерінің өз міндеттеріне немқұрайлы қарауы проблемалардың қордалануына алып келуде.
«2022 жылдың қорытындысы бойынша екі ауылдық округ әкімдеріне сөгіс жарияланып, бір округ әкіміне ескерту бердім. Яғни, берілген тапсырмаларды уақытылы орындамай, немқұрайды қарағанның салдарынан бүгінгі күні игерілмеген қаражаттардың берілген бағдарламаның орындалмауына әкелуде, сонымен қатар, тұрғындар үшін маңызды жол, санитарлық тазалық, ауыл шаруашылығындағы су, жер дауы сияқты мәселелер шешімін толық таппай отыр», — деді ол.
Еске салсақ, Еңбекшіқазақ ауданында ауызсу мен ауылшаруашылық мақсаттағы жерлер проблемалары бұған дейін де айтылып келді.
«Ескелді, Еңбекшіқазақ. Панфилов, Іле, Райымбек, Қарасай, Кеген аудандарында қосымша жер бекіту жұмыстары өте баяу жүргізіліп жатыр. Бұл жағдай жергілікті халықтың наразылығын тудыруда. Аудан тұрғындары бір қолда үлкен көлемдегі жерлердің болуына наразылық білдіріп отыр», — деген болатын өткен жылдың мамыр айында бұрынғы Алматы облысы әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев.
Айтолқын Адырбайқызы,
Алматы облысы,
Agroqoqam.kz