Диқандар үшін ауыр соққы: аграрийлер премьерден көмек сұрады

Фото: Kapital.kz

Астана. 29 ақпан./Айтолқын Адырбай/ QOGAM-MEDIA.KZ – Қазақстандық фермерлер импорттық техниканы сатып алу кезіндегі инвестиция және несие бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауды алып тастау туралы бастамаға қарсы шықты.

Олар бұл отандық агросектор үшін ауыр соққы болады деп мәлімдеді.

Өнеркәсіп министрлігі 21 ақпан күні ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің импорттық техниканы сатып алу (лизинг) кезінде инвестиция және несие бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялаудан бас тарту туралы бастама көтерген болатын.  Алайда отандық фермерлер бұл бастама сала өкілдері үшін ауыр соққы болатынын айтып, үкімет басшысы Олжас Бектеновке хат жолдады.

Хатта сала өкілдері өнімділігі жоғары импорттық техниканы таңдаған өндірушілерді қолдаудан бас тартпау туралы ұсыныс айтты.

«Мұндай шешім диқандар үшін ауыр соққы болғалы тұр. Өйткені кәсіпкерлерге отандық техниканы ғана таңдауға мәжбүрлейді. Ал күн райының қолайсыздық қаупі, нарықтағы бәсекелестікті ескерсек, ауыл шаруашылығына өнімділігі жоғары техника керек. Әзірге Қазақстан нарығында мұндай машиналар жоқ», – делінген хатта.

Аграрийлер мемлекеттік өнеркәсіптік және аграрлық саясатты іске асыру кезінде мүдде теңгерімін сақтау, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің мүддесіне нұқсан келтірмеу маңызды екенін еске салды.

«Қоғамдастық Өнеркәсіп министрлігінің бастамасына жаппай қарсы. Бұл шара техника паркін тоздырады, аграрлық сектор жұмысының сәтсіздігіне және елдің азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін», – деп жазды олар хатта.

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.