Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров мәжілістің бүгінгі жалпы отырысында елдегі аграрлық сектордағы өткір болып отырған субсидиялар мәселесін көтерді. Халық қалаулысы ауыл шаруашылығы министрлігін сынға алып, шұғыл түрде шаруалардың былтырғы субсидияларының барлық түрі бойынша барлық борышын қысқа мерзімде өтеу шарасын қолға алуды талап етті, деп хабарлайды Аgroqogam.kz.
Премьер-министр Алихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдаған Саиров тиісті министрліктің жұмысына көңілі толмайтынын айтты. Атап айтқанда gosagro.kz платформасындағы кемшіліктер көптеген шаруаны тығырыққа тіреп қойғанын жеткізді.
«Аумалы-төкпелі заманда Қазақстанның аграрлық секторы терең күрделі жағдайға тап болып отыр. Өңірлерде 2022 жылы тауарлық субсидиялар 50 пайызға төленген, инвестициялық субсидиялар 30-40 пайызға төленген, алынған қарыздар бойынша екінші деңгейлі банктердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау бойынша да осындай жағдай орын алды. Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған инвестициялық субсидиялар және ЕДБ-дің пайыздық мөлшерлемесін өтеуге арналған жаңа gosagro.kz платформасы толық жұмыс істемейді, мемлекеттік дерекқорлармен интеграцияланбаған, субсидиялар алуға өтінімдерді қабылдауға қабілетсіз. Өтелмеген қарыздар бойынша пайыздық мөлшерлемені өтеу үшін субсидиялар алу мүмкіндігінің болмауы, кәсіпкерлерді субсидиялау қағидатына сәйкес алты пайыздың орнына банктерге кредиттің толық мөлшерін 17-20 пайызбен төлеуге мәжбүр етеді. Бұл онсыз да титықтап отырған шаруашылықтарға жығылған үстіне жұдырық болатыны анық», — дейді ол.
Одан бөлек, депутат астықты форвардтық сатып алуға бөлінген қаражаттың қысқаруы шаруаларды айналым қаражатынан шектеп отырғанын, салдарынан биыл егін егуге жеткілікті қаражат болмай қалғанын атап өтті.
«Ағымдағы жылы астықты форвардтық сатып алуға бөлінген қаражаттың бұрын-соңды болмаған қысқаруы орын алды. Мәселен Ақмола облысы бойынша 12 млрд теңгеге қажеттілік бола тұра форвардтік сатып алуға тек қана 4 млрд теңге бөлінді. Бұл көптеген шаруаны айналым қаражатынан шектейді. Қазақстандағы астық қоры 2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша өткен жылғы деңгейден бір жарым есеге көбейген. Майлы дақылдар қоры 22 пайызға көбейген. Бұл ауылшаруашлығы тауарын өндірушілер өсірген егіннің едәуір бөлігі сата алмай қалды деген сөз. Яғни, биыл егін жұмыстарын жүргізуге жеткілікті қаражат жоқ. Ауыл шаруашылығы министрлігі аграрлық сала өкілдерінің пікірімен санаспайды. «Өзім білемін» деген волюнтаристік пиғылмен жұмыс істеуде. Аграрлық секторды ауылшаруашылығы министрлігінің волюнтаризмінен құтқару керек», — деген ол «Аманат» партиясы фракциясының отандық аграрлық секторды қолдау үшін ұсынып отырған шұғыл шараларды қабылдау қажеттігін кесіп айтты.
Нақтырақ айтсақ, 2022 жылға арналған субсидиялардың барлық түрі бойынша барлық борыштарды қысқа мерзімде өтеу, 2023 жылы ағымдағы субсидияларға өтінім беру жүйелерінің толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету, ағымдағы жылы субсидияларды төлеу үшін бюджеттен қосымша қаражат бөлу, форвардтық сатып алу сомасын өткен жылғы көрсеткіштерге дейін ұлғайту, ішкі нарықтағы жүктемені теңестіру үшін тұрақтандыру қорына кемінде 1 миллион тонна көлеміндегі бидайды интервенциялық сатып алу, күнбағыс тұқымна экспорттық баж салығын алып тастау. Депутаттың сөзінше, бұл жыл сайынғы шілде-тамыз айларында келетін шикізат өңдеудің бәсеңдеуі кезеңінде нарықты қолдауға мүмкіндік береді.
Айтолқын Адырбай,
Agroqogam.kz