Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев бүгінгі жалпы отырыста Ресейге әскери полигондар ретінде жалға беріліп отырған жерлердің ауқымын азайтуды талап етіп, үкіметке ұсыныс тастады. Айтуынша, 1995 жылдан бастап көрші елге жалға беріліп отырған жер аумағы 8,5 млн гектарды (86 мың шаршы километр) құрайды. Сорақысы, жалға беріліп отырған бұл жердің бір гектарына Ресей тек 1050 теңге төлейді екен, деп жазады Agrogogam.kz тілшісі.
Премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдаған Серік Егізбаев әлемде жер көлемі жөнінен 9-шы орында тұрған Қазақстан ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруаларды жермен толық қамтамасыз ете алмай отырғанымыз нағыз сорақылық деп баға берді.
Әр өңірде ауылшаруашылығымен айналысатындар мәселесі жердің тапшылығына келіп тіреледі. Жайылымдық жерлердің тапшылығы проблемасы әр өңірде бар. Мәселені шешудің бір нұсқасы Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Ұлытау, Жамбыл және Қарағанды облыстарында орналасқан әскери полигондар бойынша Қазақстан-Ресей комиссиясы мүшелерінің ұстанымын өзгерту керек, деп санайды депутат.
«Жалпыға белгілі, 1995 жылдан бастап Ресей Қазақстаннан әскери полигондар ретінде жалпы аумағы 8,5 млн гектарды құрайтын немесе 86 мың шаршы километр болатын жерді гектарына 1050 теңгеге жалға алып отыр. Бұл баға 2005 жылдан бері өзгермеген. Бұл тұста бір сұрақ туындайды. Жерге тағайындалған бұл бағаны кім және қандай әдіспен бекітті? Жалға алу мерзімі аяқталғанда 1 гектар полигонды қайта құнарландыруға бұл ақша жете ме немесе бұған кететін шығын мемлекеттің бюджетіне салмақ сала ма? Салыстырмалы түрде айтар болсақ, бұл аумақ Әзербайжан, Араб Эмираттары, Чехия, Грузия немесе Дания мпен Нидердандыдың жер аумағын қоса алғандағы жер көлеміне тең. Жоғарыда аталған комиссия материалдарын зерттей келе, біздің тараптың өкілдерінің ұстанымы әлсіз деген қорытындығы келді. Ал көрші ел тарапы өз мүддесін қалтқысыз қатаң түрде қорғаумен келеді», — дейді ол.
Егізбаев бұл ретте үкіметтен аталған комиссияның қазақстандық мүшелерінің тізімін беруде сұрады. Одан бөлек, 2030 жылы жерді жалға алу мерзімі қайта қаралатынын, сол үшін қазірден бастап ресейлік әскери полигондар ретінде жалға берілген жердің көлемін азайтуды ұсынып отыр. Сондай-ақ халық қалаулысы, жалға берілген жердің бағасын да толық қайта қарау керектігін талап етті.
Айтолқын Адырбай
Agrogogam.kz