Дайрабаев: «Маған тапсырыс берушілер кім екенін жақсы білемін»

Фото: КазТАГ

Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев пен оның ұлдарына қатысты дау әлі бітер емес. Кеше Алматыда Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросында өткен баспасөз мәслихатында Василий Ковешников есімді азамат депутаттың ұлдары өзін еріксіз жұмыс істетіп, ақысын төлемей қойған деп мәлімдеме жасаған болатын. Ал бүгін депутаттың өзі болса аталған жайтты жоққа шығарып, өзіне ақпараттық шабуыл жасалып жатқанын жеткізген, деп хабарлайды Аgroqogam.kz тілшісі.

Депутат Дайрабаевтың есімі соңғы айларда БАҚ беттерінен жиі қылаң беріп жүр. Жуырда ғана оның ұлдарына «алаяқтық» жасады деген айып тағылған. Ал енді күні кеше өткен баспасөз мәслихатында депутаттың ұлдары адамның еңбегіне ақы төлемей, ұрып-соғып жұмысын істеткен деген ақпарат айтылды. Аталған жайт бойынша Жигули Дайрабаевтың өзіне хабарластық. Алайда депутат уақыттың тапшылығын айтып, желідегі парақшасындағы осы оқиғаға қатысты пікірін жіберді. Онда ол өзінің отбасына қатысты айтылған деректерді әлдекімнің қасақана жасап отырған ақпараттық шабуылы деп жазған.

«Менің естуімше, біздің ауылдың бір азаматы материалдық жағдайы төмен, қаражатқа мұқтаж адамды тауып алып, оған «ақша берем немесе мәселеңді шешіп берем», деп уәде етіп, «Сен Дайрабаевты және оның отбасын жаманда, оны жағымсыз жағынан көрсет», — деп айтқан екен. Өзім заңның да, ардың да алдында таза болғандықтан, «тапсырыс берушілер» нақ өзіме тиісе алмай, ең жанды жерім — балаларыма қысым көрсетуді жөн көрген… Оның нақты кім екенін жақсы білемін. Оның қолында фактілер жоқ, тек бос сөз ғана. Сол себептен жала жабуды ресми БАҚ арқылы емес, әлеуметтік желі арқылы ұйымдастырып отыр. Осыдан-ақ түсіне беріңіздер.

Жер дауы бойынша көтерген у-шудың басы-қасында жүрген де сол адам болып шықты. Қолданған тактикасы дәл сондай – проблемалары бар ауыл тұрғындарын жинап алып, жабырқаған көңіл-күйлерін пайдаланып, сыртымнан тон пішіп жүр. Айта кетейін, ол «тапсырыс берушінің» мәселе көтерген ауылға еш қатысы жоқ. Дәл сол жерде болған БАҚ өкілі мұны жақсы біледі және дәлелдеп қойған екен.

Маған қарсы ұйымдастырылған жасанды резонанстан хайп жасап, атақ жинап жүргендер де жоқ емес. Олардың кім екенін жақсы білемін.

Дәл қазір жұмыстың көптігінен уақытым тимей жүр. Бірақ жақын арада «тапсырыс берушілерді» заң алдында жауапқа тартатын боламын. Әр айтылған сөздері мен әрекеттері өздеріне қарсы пайдаланылатын болады», — деді ол.

Сонымен бірге ол Ковешников деген азаматты жеке білмейтінін айтты.

«Мен Василий Ковешниковпен жеке таныс емеспін. Бірақ білуімше, ол менің ұлыммен 1,5 жыл бойы ауыл шаруашылығында әр түрлі жұмыстар істеген. Құлдықта ұстау деген мүлдем болмаған, ол өз еркімен жүрді және жұмыстан кез келген уақытта кете алатын еді. Ол осылай жасапты, ол оның құқығы! Құжаттары да өзінде болған, ол өңірде емін-еркін жүрді. Бұл маған «жақсылық ойлайтын» азаматтардың арнайы тапсырыспен жасалған іс-шарасы деп ойлаймын», — деген ол өзінің арын қорғау үшін сот және құқық қорғау органдары жүгінетінін мәлімдеді.

Айтуынша, өзіне «күйе жаққан» азаматтарды тауып, заң алдында жауапқа тартуды көздеп отыр.

Баспасөз мәслихатында не айтылғанына қысқаша тоқтала кетсек.

Бұл даудың басты кейіпкері – Василий Ковешников. Ол жиында Дайрабаев 2021 жылы Мерке тұрғынынан үй сатып алғанын және сол уақыттан бастап өзі депутаттың ұлдарының егістігінде еңбек еткенін жеткізген.

«Бұл 2021 жылдың мамыр айында болды. Дайрабаев менің досымнан (Мерке тұрғыны) үй сатып алып, маған «сен ешқайда кетпесің, ұлдарыммен қаласың, жұмыс істейсің» деді. Мен «ақша төлейсің бе?» деп сұрадым. Ол «көреміз» деп, маған 30 мың теңге беретінін айтты. Сол уақыттан бастап бір тиын да көрген емеспін. Басында егістікке қарадым. Марат (ред.- Жигули Дайрабаевтың ұлы) мені бір рет ұрған кезде, ол мені ұлдарымен бірге қуып жетіп, қайта қайтарып алды, «енді үйден ешқайда кетпейсің» деді», — дейді Ковешников.

Ол бірнеше рет Дайрабаевтың ұлдарынан қашып кетпек болып оқталғанын айтады.

«Егістіктен қашып кетпек болдым, бірақ қайтарып алды. Соңғы рет тәуекелге барып, сағат үште Мерке жол тарттым, жолдың жартысын жүріп өттім, ары қарай мейірімді адамдар көмектесіп, тегін апарып тастады. Ал егістікте «УАЗикте» тұрдым. 2021 жылы 20 гектар құлпынай ектік. Бұл егістікке қарап жүрдік, сөйтіп 25 желтоқсанға дейін суықта, «УАЗиктің» ішінде тұрдым. «Бичпакеттер» жедім, бір тиын ақша төлемеді», — дейді.

Айтуынша, азаматтар оған үнемі ақша төлдейміз деп уәде етіп, артынша ешқандай ақша ұстатпаған. Арасында Дайрабаевтың тағы бір ұлы Дидардың малын қарағанын жеткізді. Бірақ ол да уәдесін орындамай, оған еш ақша төлемеген, дейді Виталий. Одан бөлек, екі мәрте ұрып-соғып, бір ай бойы орнынан тұра алмай жатқанын жеткізді.

«Ауруханаға апармады. Кім мені апарады? Шығармады», — деп қосты ол.

Баспасөз мәслихатына қатысқан Pravo.kz басылымының журналисі Сабыр Мақажанов бұл жайт туралы Мерке қаласынан хабарласқан Саид есімді азамат баяндап берді дейді.

«Дайрабаевтың ұлдарының егістігінде жұмыс істеген (кіші және ортаңғы ұлдары) адам келгенін жеткізді. Олар ол адамды күштеп ұстағанын, ешқайда шығармағанын, қашып кетпек болғанымен, шамасы жетпегенін, сөйтіп күндердің бір күнінде қашып шыққанын айтты. Ол маған мен оның үйіне қатысты журналистік зерттеу жүргізгендіктен хабарласқан», — дейді журналист.

Жиында «Родник» қоғамдық қорының жетекшісі Нина Балабаева сөз алып, алдағы уақытта Ковешниковтың оқиғасы бойынша полицияға арыз жазу жоспарда бар екенін бөлісті.

«Мен құқық қорғау органдарына арыз жазуға ниеттеніп отырмын. Одан бөлек бас прокуратураға хабарласып, осы мәселені бақылауға алуды сұраймын», — деді ол.

Балабаева сөзінде адам саудасы деген не екенін және адамның еңбегін пайдалану – адам саудасының негізгі көздегені екенін нақтылай кетті.

«Адам саудасының түпкі мақсаты – адам еңбегін пайдалану, яғни адамдар құл еңбегін пайдалану арқылы байиды», — деді ол.

Еске салсақ, бұған дейін Жигули Дайрабаевтың ұлдары Жамбыл облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының бұрынғы басшысымен бірлесіп, сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін жымқырды және алаяқтық жасады деген айыппен істі болғаны туралы ақпарат тараған болатын. Артынша аталған іске депутаттың өзі де Мәжілісте пікір білдіріп, балаларына тағылған айыпты әділетсіз деп мәлімдеген. Одан бөлек мәжілісмен мандатынан бас тартпайтынын ашық айтқан.

Айтолқын Адырбай,

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.