Еліміздегі білім, ғылымның дамуына үлкен леп әкелген «Болашақ» бағдарламасына биыл 30 жыл. Бағдарлама аясында осы уақытқа дейін 12 мыңнан астам кадр әзірленген. Бұл мамандар бүгінде қайда және орталықта қандай жаңалықтар бар? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын «Болашақ» «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Олжас Берлесұлы Qogam-media.kz тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.
- Олжас Берлесұлы, «Болашақ» бағдарламасының іске қосылғанына 30 жылға жуық уақыт өтті. Осы уақыт ішінде қанша қазақстандық студент стипендиялық бағдарламамен шетелде білім алды?
Бағдарлама жүзеге асқан 30 жыл ішінде шетелде 12 мыңнан астам білікті кадр даярланды. Оның ішінде 9 412 түлек келісім-шартты орындады, 2 926 түлек міндеттемелері бойынша жұмыс істеуде, 87 түлек шарттық міндеттемелерді орындауды кейінге қалдыруда. Ол оқуға, бала күтіміне және басқа да себептерге байланысты.
Халықаралық бағдарламалар орталығы «Болашақ» бағдарламасы стипендиаттарының академиялық оқу (магистратура, докторантура, резидентура) ақысын қатаң түрде шетелдік университет белгілеген ресми құнына сәйкес төлейді. Ал, шетелдік жоғары оқу орны академиялық оқу ақысы туралы ақпаратты оқу орнының ресми сайтында жариялайды. Сонымен қатар, оқу ақысы университетпен салыстырылады. Орталық өз кезегінде «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттарын оқыту құнын төмендету мәселелері бойынша шетелдік жоғары оқу орындарымен тұрақты негізде келіссөздер жүргізеді. Атқарылған жұмыс нәтижесінде 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында бюджет қаражаты үнемделді. Сонымен қатар биыл «Болашақ» стипендиясы аясында қоса қаржыландыру мүмкіндігі енгізілді. Яғни, үміткер шетелдік жоғары оқу орнынан грант ұтып алса, орталық жатын орын, тамақтану, ұшу, оқулық сатып алу сияқты қалған шығындарды өтейтін болады. Бұл бюджет қаражатын айтарлықтай үнемдеуге, жоғары оқу орындар географиясын кеңейтуге мүмкіндік береді. Мұндай стипендиаттар үшін еңбек өтілі 1 жылға қысқартылады. Атап айтқанда, республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларында еңбек өтілі 5 жылдан 4 жылға, өңірлерде – 3 жылдан 2 жылға қысқарады.
- Бағдарлама аясында қанша маман елде қызмет етуде? Осыған байланысты Сіздерде қандай да бір статистика жүргізіле ме? Яғни, «Болашақ» түлектері белгіленген уақыт өткен соң өзге елге кетіп қалу тәуекелдері бар ма?
Қазір шарттық міндеттемелерін орындап жатқан 2 926 түлектің (99,04%) жұмыспен қамтылып, өз міндеттемелерін орындауда, 28 түлек (0,96%) жұмысқа орналасу сатысында. Бүгінгі таңда түлектердің ішінен ауылдық жерлерде барлығы 18 адам еңбек етуде. Сонымен қатар, «Болашақ» бағдарламасы түлектері оқуды ұйымдастыруға арналған шарты бойынша алған мамандығымен Астанада немесе республикалық маңызы бар қалаларда – кемінде бес жыл не Қазақстан Республикасының өзге өңірлерінде – кемінде үш жыл еңбек қызметін үздіксіз жүзеге асыруға міндеттелген. Сонымен бірге, міндеттемелері аяқталған түлектер жұмысқа орналасқаны туралы анықтамаларын тапсыру міндеттерінен босатылады.
- Елімізде бірқатар салаларда кадр тапшылығы айқын білініп отыр, оның қатарында ауыл шаруашылығы, инженерия, машина құрастыру, энергетика, автоматтандыру салалары бар. Тапшылық бар, гранттар бөлінеді, бірақ мамандар өз саласы бойынша жұмыс істемейді. «Болашақ» бағдарламасы маман тапшылығының орнын толтыруға қандай үлес қосты? Мамандықтар қалай іріктеледі?
Елімізде кадр тапшылығы мәселесі бар өкінішке орай. Дегенмен мемлекет басшысының «Болашақ» бағдарламасын инженерлік-техникалық мамандарды даярлауға бағыттау жөніндегі тапсырмасына сәйкес 2021 жылдан бастап инженерлік-техникалық мамандықтар үшін 555 стипендияның 60% мөлшерінде квота бөлінді. Бұдан басқа, 2023 жылы инженерлік-техникалық қызметкерлер үшін 12 айға дейінгі мерзімде тілдік даярлықтан өтуге мүмкіндік беретін жаңа жеңілдікті санат енгізілді.
«Болашақ» бағдарламасы шеңберінде халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның, еңбек нарығының қажеттілігінің орта мерзімді болжамын ескере отырып, мамандықтардың бағыттары бойынша стипендиялардың шекті санын айқындау жолымен орталық және жергілікті атқарушы органдар ұсынатын өтінімдер негізінде оқыту үшін басым мамандықтардың тізбесі жасалады.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі 2023 жылға арналған басым мамандықтар тізбесін жасау үшін барлық орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға және 220 түрлі ұйымдарға (квазимемлекеттік сектор, мед.ұйымдарға, ірі жеке ұйымдарға және т.б.), сондай-ақ 113 ЖОО-на ресми сұрау жолдады. Басым мамандықтар тізбесіне академиялық оқыту үшін 100 мамандық жатады. Оның ішінде инженерлік-техникалық – 30, «жаратылыстану ғылымдары» бағыты бойынша – 6, «әлеуметтік ғылымдар» бағыты бойынша – 19, «білім беру» бағыты бойынша – 5, «медицина» бағыты бойынша — 30 және «креативті индустрия» бағыты бойынша – 10.
Тағылымдама бойынша 162 мамандық қарастырылған. Олар: инженерлік-техникалық – 65, «жаратылыстану ғылымдары» — 9, «әлеуметтік ғылымдар» – 24, «білім беру» – 8, «медицина» — 39 және «креативті индустрия» — 17.
- «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алып келген жастардың көбі қай салада еңбек етіп жүр?
Бүгінгі таңда түлектердің 36% жеке компанияларда, 15,1% квазимемлекеттік секторда, 28,2% мемлекеттік мекемелерде, 10,8% мемлекеттік органдарда, 0,8% қоғамдық бірлестіктерде, 1,3% халықаралық ұйымдардарда, 0,9% ұлттық компанияларда, 6,5% шетелдік компанияларда, 0,4% дипломатиялық өкілдіктерде еңбек етіп жүр.
- Ел арасында іріктеуден әділ өту мүмкін емес деген секілді алып-қашпа әңгіме кездеседі. Жалпы стипендиаттар қалай іріктеледі, Сіз осы қызметке келгелі қандай өзгерістер бар?
Өзіңіз айтқандай ол тек алып-қашпа әңгімелер. Конкурстық іріктеу ашық түрде өтеді. Тәуелсіз сараптама комиссиясы конкурстың екінші кезеңіне сәтті өткен үміткерлермен дербес әңгімелесу өткізеді, түпкілікті шешімді республикалық комиссияның отырысы қабылдайды. Республикалық комиссияның шешімі отырысқа қатысып отырған Комиссия мүшелері санының кемінде төрттен үшінің даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Үміткерлерді іріктеудің бүкіл процесі аудио және бейне тіркеуден өтеді. Сұрақтар саны, оның ішінде комиссия қоятын қосымша сұрақтар нақты регламенттелген.
Сонымен қатар ҚР Ғылым және жоғары білім Министрлігінің және Халықаралық бағдарламалар орталығының Қазақстандағы Франция Елшілігімен келісімге қол қойылды. Келісім шеңберінде инженерлік-техникалық мамандықтар бойынша оқуға түсетін «Болашақ» бағдарламасына үміткерлер француз тілін оқыту бойынша тегін курстардан өте алады.
Халықаралық бағдарламалар орталығына келгеніме жарты жыл болды. Осы уақыт аралығында «Болашақ» халықаралық стипендиясына құжаттарды қабылдаудың үш легін өткіздік, қазіргі уақытта төртінші легі жүріп жатыр. Бірлескен ынтымақтастықты жүзеге асыру мақсатында бағдарлама түлектерін жұмысқа орналастыру және тиімді бастамалар ретінде қазақстандық озық ұйымдармен меморандумдар жасадық. 2020 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осы орайда Халықаралық бағдарламалар орталығында орталықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметін күшейту мақсатында комплаенс-офицер лауазымы енгізілді. Комплаенс-офицердің мақсаты – мүдделер қақтығысын жою, сондай-ақ ҚР қолданыстағы заңнамасын, оның ішінде сыбайлас жемқорлықты жоюмен байланысты ықтимал тәуекелдердің алдын алу.
- Жалпы 30 жыл бойы қаншама мамандарға жаңа серпіліс беріп, елге жаңалық әкелген бағдарлама әлі жалғаса ма? «Болашақтың» болашағы бар ма?
Бұған дейін айтып өткенімдей, бағдарлама көмегімен 30 жыл ішінде 12 мыңға жуық маман дайындалды. Жыл сайын Қазақстандағы еңбек нарығына талдау жүргізе отырып, мамандардың белгілі бір тапшылығын анықтаймыз және олар үшін жеңілдіктер қарастырамыз.
«Болашақ» бағдарламасы бойынша техникалық және IT мамандықтарына гранттар саны 60%-ға дейін көбейді. Үміткерлерді қолдау үшін «Инженерлік-техникалық қызметкерлер» жаңа жеңілдік санаты енгізілді. Сонымен қатар ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Халықаралық бағдарламалар орталығының бастамасымен медициналық қызметкерлердің квоталық санаты бекітілді. Яғни, 2023 жылдан бастап инженерлік-техникалық қызметкерлер мен медициналық мамандар жеңілдетілген шарттармен «Болашақ» халықаралық стипендиясының конкурстық іріктеуіне қатыса алады. Бұған дейін іріктеуге жеңілдетілген шарттармен ауылдық жерлерден үміткерлер ғана қатыса алатын. Бұл – оқытудың осы бағыттары бойынша үміткерлерді қолдаудың қосымша шараларының бірі.
Аталған өзгертулердің арқасында қазақстандық дәрігерлер мен техникалық қызметкерлер және ауылдық елді мекеннен шыққан үміткерлер мерзімі 12 айға дейінгі тегін тілдік дайындықтан өте алады.
Бұл шаралар Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде және ел экономикасын көтеруге техникалық мамандар санын арттыру үшін енгізілді.
Бағдарламаның елге әкелер пайдасы мол. Оған дәлел әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алып, бүгінде мемлекетке пайдасын тигізіп, ел дамуына үлес қосып жатқан стипендиаттарымыз бен түлектеріміз.
Қазақстандық дәрігерлер «Болашақ» бағдарламасы аясында шетелдік жетекші жоғары оқу орындары мен клиникаларда тағылымдамадан өтіп, заманауи медициналық технологияларды пайдаланып, күрделі кардиохирургиялық және нейрохирургиялық операцияларды жүргізуге мүмкіндік алды. Дәрі-дәрмек пен ауыр сырқаттарды емдеудің жаңа әдістерін ойлап тапқан жас ғалымдар пайда болды.
Мәселен, ҚазҰАЗУ халықаралық вакцинология орталығының директоры, профессор, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Қайсар Табынов Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тіркеген COVID-19 індетіне қарсы NARUVAX C-19 вакцинасын жасап шығарды. Бағдарламаның тағы бір түлегі, «Орталық клиникалық аурухана» АҚ нейрохирургі, бірінші санаттағы дәрігер Марат Саршаев ми тамырларына 3000-нан астам эндоваскулярлық және микронейрохирургиялық оталар жасады. ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығы ауруханасы директорының орынбасары, нейрохируг Мыңжылқы Бердіқожаев ми тамырларына 4000-нан астам оталар жасап, Қазақстандағы тұңғыш механикалық тромбэктомия жасады.
«Болашақ» бағдарламасының дәрігер түлектері еліміздің барлық өңірлерінде, соның ішінде ауылдық жерлерде де еңбек етіп жүр. Мысалға, дәрігер Марат Бердімұратов «Болашақ» бағдарламасымен Оңтүстік Кореяда ғылыми тағылымдамадан өтіп, Ақкөл аудандық ауруханасына оралды. Онда ол шетелде алған білімі арқасында лапароскопия әдісін пайдаланып, заманауи хирургиялық операциялар жасайды. Онколог Бағдат Нұрмағанбетов Израильде бір жылдық тағылымдамадан өтіп, қазір Қарағанды облысының Ақтоғай аудандық ауруханасында жұмыс істейді. Ауылдық ауруханада Бағдат онкологиялық ауруларды алдын алуды, ісіктерді алып тастаудың миниинвазивтік хирургиялық оталарын, химиотерапиялық емдеу шараларын жүзеге асырады.
Сонымен бірге, білім саласы үшін «Болашақ» бағдарламасы бойынша 900-ден астам маман даярланды. Олардың басым көпшілігі бастауыш, орта, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында және білім беру орталықтарында, соның ішінде ауылдық жерлерде де жұмыс істейді.
Мысалы, Гүлім Батырғалиева ауыл мектебінде ағылшын тілін үйретеді. Қазіргі таңда Гүлім Ақмола облысының Шортанды ауданында 6 сыныпта 80-нен астам оқушыға ағылшын тілін үйретеді. «Болашақ» бағдарламасының арқасында Әбділда Шәменов пен Нұрбек Еңсебаев технологиялық инновациялар саласындағы ең батыл идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік алды. Олардың «SEZUAL» атты жобасы нашар көретін және зағип жандарға осы әлемді көруге мүмкіндік берді. Сонымен қатар стипендия түлектері «Астана» халықаралық қаржы орталығы, бірқатар Ұлттық медициналық орталықтары, AstanaHub, Astana IT университеті сынды стратегиялық маңызы бар жобаларды, сондай-ақ көптеген мұнай-газ кен орындарын іске қосуда шешуші рөл атқарып келеді.
Бағдарлама түлектері денсаулық сақтау, мемлекеттік басқару саласына, адами капиталды дамытуға, инновацияларды енгізу және бизнес-процестерді оңтайландыруға, мәдениет пен өнерді ілгерілетуге, сондай-ақ мемлекеттік бастамаларды іске асыруға қомақты үлес қосып келе жатыр. Сондықтан «Болашақ» бағдарламасының болашағы бар деп ойлаймын.
- Сұхбатыңызға рахмет! Сәттілік.
Айтолқын Адырбай,
Qogam-media.kz.