Биыл елімізде 1,3 млн гектар жерге шегіртке таралуы мүмкін

5 шілде. /Айтолқын Адырбай/ QOGAM-MEDIA.KZ – Әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі ел алқаптарына таралып жатқан шегірткелер видеосы – фейк. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлім етті.

Ведомствоның хабарлауынша, аталған кадрлар басқа елде түсірілген. Десе де шегірткенің италиялық прус деп аталатын түрі биыл 1,3 млн гектар жерге таралуы мүмкін, деп хабарлайды Qogam-media.kz.

Биылғы жаз маусымы еліміздің бірқатар өңіріндегі аграрийлер үшін оңайға соқпай отыр. Еліміздің батысы мен солтүстігіндегі фермерлер егіс алқабын таптап өтетін киіктер үйірінен зардап шегіп отырғанда шегірткелердің егіс алқаптарында «ойран салуы» «жығылғанға жұдырық» болғандай-ақ. Әлеуметтік желілердегі шегіртке қаптаған егістіктердің видеосы да диқандардың мазасын алып отыр. Бұл ретте ауыл шаруашылығы министрлігі италиялық прус шегірткесі егістіктерге қауіп төндіріп отырғанын, биыл 1,3 млн гектар жерге шегіртке таралуы мүмкін екенін жасырмайды. Дегенмен АШМ табын шегіртке зиянкестеріне қарсы жұмыстарды уақытылы және сапалы жүргізу бойынша барлық шара қабылданып жатыр деп сендіріп отыр.

«Республикалық бюджеттен табын зиянкестерімен күресуге пестицидтерді сатып алу, оларды сақтау, тасымалдау және қолдану жөніндегі қызметтерді сатып алуға арналған 3,8 млрд теңге бөлінді», – делінген министрлік таратқан хабарламада.

Республика бойынша италиялық прусқа қарсы өңдеу 1,1 млн гектар жер жүргізілген, бұл белгіленген аумақтың 85%-на тең. Шегірткеге қарсы өңдеу Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қызылорда және Павлодар өңірлерінде аяқталған.

Ал күні кеше шегірткелер Абай облысында тіркеліп, өңірде қорғаныс шаралары қолға алыныпты.

«Атап айтқанда, Шаған ауылында 120 гектар жайылым өңделді, ауыл шаруашылығы дақылдары алқаптары зардап шеккен жоқ. Бұл ретте шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу олардың зияндылықтың экономикалық шегінен жоғары таралатын жерлерде, яғни өсімдік өнімінің жоғалуына әкелуі мүмкін болған жағдайда жүргізілетінін атап өткен жөн», – дейді ведомстводағылар.

Осыған байланысты, өңірлердегі жұмысты үйлестіру үшін әкім орынбасарларының басшылығымен жедел штабтар құрылып, мониторинг және қорғау іс-шаралары бойынша жұмыстарды ұйымдастыру жоспарлары бекітілген.

Тұтас алғанда, Қазақстан бойынша химиялық өңдеулерді жүргізу кезінде 212 бірлік арнайы техника, оның ішінде 130 жерүсті желдеткіш бүріккіш, 35 аэрозольді газ генераторы, 26 аса жеңіл авиация кемесі және 21 ұшақ жұмылдырылған.

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.