Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Көксу ауданы тұрғындарымен кездесу кезінде жайылымдық жердің тапшылығы проблемасын шешу үшін не істеу керектігін айтты. Өңір басшысы жеке қосалқы шаруашылықтарда ұстауға болатын мас басын реттеп, ауыл шаруашылық жерлер картасын жасау қажет екенін жеткізді, деп хабарлайды Аgroqogam.kz тілшісі.
Бейбіт Исабаевтың айтуынша, Көксуда пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару өте баяу жүріп жатыр. 50 мың гектардан астам жер үш шаруашылықтың қолында отыр.
«Жер қатынастары саласында өткен жылы 71,6 мың гектар пайдаланылмайтын ауыл шаруашылық жерлер анықталды. Бүгінге мемлекетке небәрі 12,7 мың гектары (17,7%) қайтарылған (2022 ж. — 7,6 мың га, 2023 ж. — 5,1 мың га). Үш ірі шаруашылық барлығы 50,9 мың гектар жайылымдық жерлерді пайдаланбай отыр. Атап айтқанда, 35,9 мың гектар – «Жанатов и 10 К» компаниясы (Күрішбаев С.М.), 10 мың гектар – «Лебай» серіктестігі (Баядилов Халық), 5 мың гектар – «Ак и Компания» серіктестігі (Искаков Р.Н.). Жер пайдаланушыларға жерді игермегені үшін заңнамаға сәйкес шаралар қабылдау керек (1 жыл мерзімге нұсқамалар берілген)», — дейді ол.
Осыған байланысты сапар барысында аудан әкіміне бұл бағыттағы жұмысты жалғастыру тапсырылды. Әкімнің ауданға ісспары кезінде тағы да бір топ тұрғын жайылым жетіспей жатқанын айтып, наразылығын білдірген. Жамбыл ауылының азаматтары мал шаруашылығын дамыта алмай отырғанын айтып, қынжылды. Бұл ретте Исабаев өткен жылы халыққа жер үлестіру бойынша бір ғана конкурс ұйымдастырылғанын атап өтті. Ал бұл төмен көрсеткіш, дейді Жетісу басшысы.
«Аудан бойынша халықтың қажеттіліктері үшін 76,2 мың гектар жайылым қажет, ол үшін жайылымдарды басқару жоспарын бекіту керек. Ауданның жер қорында 126,6 мың гектар босалқы жер бар (көпжылдық екпе – 92 га, тыңайған жер – 5 841 га, шабындық – 3 287 га, жайылым – 96 415 га, басқа жерлер – 21 000 мың га). Алайда өткен жылы бір ғана конкурс ұйымдастырылған, оның қорытындысы бойынша 241 гектар жер берілген (167,4 га егістік, 46,2 га суармалы егістік, 27,4 шабындық). Аудан әкімдігі қайтарылған жерлер мен 11 босалқы жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына тарту үшін конкурстар өткізу жұмыстарын ұйымдастыруы қажет, ол үшін биыл облыстық бюджеттен 1,3 млн. теңге бөлінді. Халық арасында жер мәселесін реттеу мақсатында қабылданған шаралар жайлы түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, заңсыз әрекеттердің алдын алу қажет», — дейді Өксікбайұлы.
Жайылымдық жердің тапшы болып, билік халықтың талап-тілегін орындай алмай отырғанына жеке қосалқы шаруашылықтардағы рұқсат етілген мал басы санының реттелмей тұрғаны себеп дейді ол. Яғни, қарапайым тілмен айтқанда, әкім үйінде 40-50 бас ірі қара, жүздеп ұсақ мал ұстайтын халықтың әрекеті дұрыс емес дегенді алға тартып отыр.
«Мысалы жеке қосалқы шаруашылықтардың мал басы көп, ал ауылдың маңында жер жоқ деп проблеманы көтеріп жатырмыз. Үш-бес жылдан кейін бұл проблема 3 есеге артады. Егер бір үйден 40-50 сиыр, 200 қой шығатын болса, онда үш жылдан соң ауылдың маңында жер қалмайды. Яғни бұл проблема арта түседі. Сондықтан жеке қосалқы шаруашылықтарда ұстауға болатын мал басының максимумдық деңгейін анықтау керек», — деді ол.
Сонымен бірге ол жер қатынастары саласының мамандары ауылшаруашылық жерлерін басқару картасын жасап, ұдайы ревизия жасап отырған жөн екенін айтады. Одан бөлек, ол жергілікті шенеуніктерге үш-төрт жылға ойлануға кеңес берді.
Айтолқын Адырбай,
Жетісу облысы