Психологиялық тұрғыда сау ұрпақты тәрбиелеу үшін қажетті факторлардың негізгісі – толыққанды отбасы. Ажырасқан жұптар санының артуы шешілуі қиын күрделі проблемаға айналып келе жатыр. Дәл осы пікірді QOGAM-MEDIA.KZ тілшісіне отандық психотерапевт, балалар психологы Әсел Асқарбекқызы жеткізді. Айтуынша, әр баланың толыққанды отбасында тәрбиеленуі үшін қоғамда отбасы институтының мәртебесін арттыру қажет.
«АХАЖ АЖ» ақпараттық жүйесінің мәліметтеріне көз жүгіртсек, соңғы он жылда ресми некесін бұзып, ажырасып жатқан отбасылар саны азаймай тұр. Мәселен, 2013 жылы 51 305 отбасы ажырасса, 2019 жылы 60 мыңға жуық жұп екі бөлек кеткен. 2022 жылы 128, 5 мың жұп некесін заңды тіркетіп, тағы 51 220 ажырасуға бел буған. Бұл дегеніңіз еліміздегі жылына әр 2000 жұптың біреуі ажырасады деген сөз. Ал Ұлттық статистика бюросындағы деректер бойынша 711 мың кәмелетке толмаған баланы тек анасы, 300 мың баланы тек әкесі жалғыз тәрбиелеп отыр. Балалар психологы Әсел Асқарбектің сөзінше, ажырасулардың артуы, тиісінше толыққанды отбасында тәрбие алатын балалар санының артуы бүтін бір қоғамның психологиялық саулығына әсер ететін үлкен фактор. Сол себепті отбасы институтын нығайтуға барынша көңіл бөлу қажет.
«Бізде ажырасу секілді ауқымды, маңызды мәселені үлкендер жағы, ер мен әйел көбіне өздері шеше салады. Баланың құқықтары, оның ішінде қажеттіліктері мен қалауы, қала берді олардың сезімін аяққа таптау, олардың сөзін көзге ілмеу белең алып отыр. Ажырасу мәдениеті де, ажырасудың әдебі де қалыптаспаған. Әйел мен ер өзінің эгосын қанағаттандыруға мән беріп, баланың жан-дүниесіне үңілмейді. Балаға деген немқұрайлылықтың арты үлкен дертке әкеледі. Сол себепті, егер сіз ажырасуға бел бусаңыз, қандай да бір себеппен жұп болып қалу мүмкін емес болып жатса, бірінші кезекте бұл мәселені балаңызға түсіндіріп, балалар үшін ауыр болмайтындай етіп екіжақты шешуге тиіссіз», — дейді ол.
Психологтың сөзінше, толық емес отбасында тәрбиеленген баланың түпсанасында өмір бойына әкесіне не анасына деген ауыр реніш қалады. Бұл оның жеке басына ғана емес, қоғамдағы орнына, адами қасиеттерінің бұрыс қалыптасуына алып келеді. Ал қазақ халқының бұдан жүз жыл бұрынғы көзқарасына, түсінігіне сай келмейтін бүл үрдіс еліміздің ұлт ретіндегі болашағына да қауіпті, деп санайды ол.
«Сараптай қарасақ, ажырасу қазақ халқында болмаған. Ажырасу кеңестік кезеңде белең ала бастап, тәуелсіздік жылдарында өршіп отыр. Бұл, меніңше, отбасы құндылығының өте төмендеп, құнсызданып кеткенінің белгісі. Әр ұлттың ұлттық кодына сай сол ұлттың психологиялық келбеті қалыптасады. Яғни, бір тағдыр мың тағдырдың бетбұрысына әсер ететінін біз есте сақтауымыз керек. Әрине, демократиялық қоғам болғандықтан ажырасу да, басқа да неке қатынастары болуы заңды. Дегенмен, ерлер мен әйелдер арасындағы психологиялық сау қатынасты қалыптастыруды идеология арқылы реттеуге болады дегенге толық сенімдімін», — дейді маман.
Әсел Асқарбектің сөзінше, ата-анасы ажырасқан отбасында тәрбие алған балалар мен толық отбасында бақытты балалық шағын бастан өткерген баланың айырмашылығы жер мен көктей.
«Алдыма проблемаларын айтып, екі жас келсе «ажыраспа» дер едім. Қандай жағдай болмасын, ересек адам болған соң шешуге болады. Баланың жанына жара салмай, оларды түпсіз-тұңғиық, шешілмейтін проблемамен бетпе-бет келтірмеу маңыздырақ. Бірақ, өкінішке қарай, психотерапевтің алдына мұндай проблемамен келетін жұптар жоқтың қасы…
Ал мектеп жасындағы болсын, балабақша жасындағы болсын балалардың психологиялық портретін жасаған кезде, осы толық емес отбасындағы балаларға көп мән беретінмін. Олар бірден білініп тұрады: өзіне сенімсіз, керегін сұрап ала алмайды, ұяңдау немесе шектен тыс белсенді, өз эмоцияларын басқара алмайтын болады, түрлі тесттер, ойындардан олардың жан-дүниесі жаралы екенін сеземіз. Кейде олармен жұмыс істеу де қиынға соғады. Олар ата-анасының назарына өте-өте мұқтаж келеді.
Әрине, жалғыз қалған әйел немесе ер адам оған материалдық жағдайын жасауға қауқарлы болуы бек мүмкін, бірақ оған екінші анасы не әкесін алмастыруға қауқары жетпейді. Қазақта төрт құбыласы тең деген сөз бар. Міне, ата-ана жеке дара құбылаға татитын, үлкен тәрбие мектебі», — дейді психолог.
Сөзінше, жас отбасыларды қолдау, ажыраспау туралы насихат жұмыстарын жүргізу, отбасы институтын сөз жүзінде емес, іс жүзінде жүргізу, отбасындағы зорлық-зомбылық жасағандарға жазаны күшейту – проблеманы шешудің негізгі жолы. «Осылай кете берсек, ажырасқандар саны арта берсе, ал біз ел болып, ұлт болып бұған тосқауыл бола алмасақ, дерті асқынған, мүгедек қоғамға айналуымыз мүмкін.
Айтолқын Адырбай,
Qogam-media.kz