«Азық-түлік корпорациясы» нарықтағы жеке меншік жобаларға бәсекелес бола алмайды

Фото: Gov.kz

Астана. 2 наурыз./Айтолқын Адырбай/ QOGAM-MEDIA.KZ — «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» биыл фермерлерді қолдауда форвардты сатып алудың үшжақты жаңа механизмін енгізбек.

Мұндай жаңашылдықтар аграрийлерге өз өнімін жоғары бағада өткізуге мүмкіндік береді, дейді корпорацияның басқарма төрағасы Асылхан Джувашев. Одан бөлек ұлттық компания биыл шаруашылықтар қызметіне көмек көрсету бойынша жалпы сомасы 70 млрд теңге көлеміндегі қаржы бөлуге дайын. Толығырақ qogam-media.kz материалынан біле аласыздар.

Инфрақұрылымды реттеу, тауарды өткізу каналдарын жолға қою, элеваторларды жаңарту, логистика мен темір жол, одан бөлек шетел нарығына шығу мүмкіндіктері – дәл осы бағытта биыл «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» білек сыбана жұмысқа кіріспек. Бұл туралы бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен алқа отырыста «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясының төрағасы мәлімдеді. Ол министр Айдарбек Сапаровқа өткен жылдың нәтижелері мен биылға арналған жоспарын таныстырды. Джувшевтің сөзінше,  бүгінгі таңда еліміздегі астық қоры 1,4 млн тоннаны құрайды. Оның ішінде 500 мың тоннасы резервтік қор және 224 мың тоннасы бюджет қоры.

«2023 жылы егістік науқаны кезінде азық-түлік келісім  шарт корпорациясы отандық ауылшаруашылық тауар өндірушілерін 2 бағдарлама арқылы қолдады. Атап айтқанда, форвардтық сатып алу және тауарлық несие. Осы екі бағдарлама бойынша өткен жылы көктемгі егістік жұмыстарына шамамен 80 млрд теңге бағытталды. Өздеріңіз білесіздер,  өткен жыл фермерлер үшін өте қиын жыл болды. Осыған байланысты  фермерлерді қолдау үшін астықты қайтарудың жеңілдікті шарттарын қолданды.

Ал егінсіз қалған қожалықтар үшін қарыз мерзімін ұзарту ұсынылды. Бүгінгі таңда форвардтық сатып алу және тауарлық несие бойынша 55 млн теңгеге жуық сомасында несиелік қарызды қайтару мерзімін ұзартуға өтінімдер қабылданды. Тікелей сатып алу, ауыл шаруашылық тауар өндірушілерін қолдау шеңберінде азық-түлік корпорациясы шағын және орта фермерлерден 30,4 млрд теңгеге 350 мың тонна бидай тікелей сатып алуды жүзеге асырды», — деді ол.

Төрағаның сөзінше былтыр фермерлерден 4 және 5 классқа жатпайтын бидай сатып алынған. Бұл жұмыстар әлі де жалғасуда. Әділ бағамен  сатып алу арқылы 500-ге жуық ұсақ фермер мен ауылшаруашылық тауар өндірушіге қолдау көрсетілген.

Ал биыл азық-түлік корпорациясын дамыту жоспары бекітіліп, соған сай дәнді-дақыл өнімдерінің бағасы ұстап тұру міндеті алға қойылған. Бұл міндеттер тауарлар интеграциясының механизмдерін жетілдіру арқылы шешілмек. Аталған механизмдер ұн тартатын кәсіпорындарға, мал, құс өсіретін шаруашылықтарға арзандатылған бидай сатуды көздейді. Одан бөлек жеке меншік нарықты қолдау жоспарда бар, дейді төраға. Бұл үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, сақтау, сату желілерін құру міндетін орындау үшін форвардты сатып алудың үшжақты механизмін енгізу қарастырылып отыр. Бұл азық-түлік корпорациясы, фермер және өңдеу кәсіпорны арасындағы келісімшарттан тұратын тетік. Бұл ретте аталған тетік фермерді жеңілдікпен қаржыландыру, одан ары шикізатты өңдеу кәсіпорнына өткізу және дайын өнімді халыққа сату секілді қадамдарды өз ішіне қамтымақ.

«Биыл бұл жоба пилоттық режимде іске қосылмақ. Көлем айтарлықтай көп емес. Алайда сәтті жүзеге асса, ауқымды бола түседі. Бағдарлама аясында күнбағыс, күріш және қарақұмық секілді дақылдар қамтылған», — дейді Асылхан Джувашев.

Айта кету керек, биыл форвардтық сатып алуды жүзеге асыру үшін биыл 40 млрд, оның ішінде үшжақты келісім көмегімен 5 млрд теңге және қосымша 30 млрд теңге бөлінбек. Сондай-ақ қазақстандық шикізат экспортын арттыру мақсаты көзделіп отыр.

Десе де отырыста төраға корпорация қызметіне қатысты проблемаларға да тоқталып өтті. Айтуынша, жоғарыдағы атап өткен міндеттерді орындау үшін корпорация үшін ҚҚС өтеу механизмдерін енгізу қажеттілігі туындап отыр. Одан бөлек соңғы нарықта фермерлерді қаржыландыру үшін сыйақы ставкаларын енгізу қажет, дейді ол.

«Бұған дейін корпорация үшін ҚҚС өтелмеген, ал нарықтағы жеке меншік жобалар ҚҚС-ның өтелуі арқылы табыс тауып отыр. Тиісінше, азық-түлік корпорациясы олармен бәсекелес бола алмайды», — деп өз ойын айтты Джувашев.

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.