Ауыл ветеринары: жерлер деградацияға ұшырап жатыр

Алматы облысы Күрті ауылында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер деградацияға ұшырап жатыр. Бұл туралы ауылдың мал дәрігері облыс әкімімен кездесу кезінде айтты.

«Аудандағы қой малының 48 пайызы Күрті ауылында. Бірақ бізде ветеринарлық пункт жоқ. Осыған байланысты ветеринарлық дәрігерлік пункттің ғимаратын салып беруді сұраймыз. Бізде өнеркәсіп орны жоқ. Кеше ғана «Дәулет-бекет» ЖШС құрғақ түйе сүт өндіру мақсатында зауытын салып жатыр. Сондықтан мұндай мал дәрігерлік пункт өте қажет. Тағы бір айтар мәселем, осы Күртіде мал санының артуына байланысты жердің деградациясы жүріп жатыр. Сондықтан маусымдық жайылымды ауыстыру мәселесін қарастыру қажет деп есептейміз. Бұрын біздің осы өңірдегі малдың барлығы Қарасай ауданының маусымдық жайылымдарында жайылып, күзде күзеуге осы ауылға қайтып келетін. Қыстауымыз бар 15-20 км жерде. Сол жерде де жер деградацияға ұшырап жатыр. Ауыл тек қана мал шаруашылығымен айналысады. Ауылдың сүйенетіні – мал. Осы мәселеге көңіл бөлуді сұраймыз», — деді Күрті ауылы ветеринариялық пунктінің мал дәрігері Дәурен Далибаев.

Ауылға ветеринариялық пункт қажет деген өтінішті қолдаған Марат Сұлтанғазиев бос тұрған ғимараттардың бірін талапқа сай етіп, ветпункт ретінде жасақтап беруді тапсырды. Ал жайылымдық жерлер проблемасын жергілікті деңгейде шешу керектігін айтты.

«Өте күрделі сұрақтар. Биыл біз ветдәрігерлердің жалақысын 30 пайызға ұлғайттық. Енді көлік жағынан қиыншылық болып тұр, ветлаборатория қажет. Оны келесі жылға бюджетке кіргіземіз. Ветлаборатория бойынша бос ғимараттарды заңдастыруды қарастыру керек, әрине, бірақ талапқа сай болсын.

Расымен, мал басы көбейіп кетті, әр ауданда сондай. Бұрынғыдай регламент жоқ, жайлау, қыстау деген жоқ. Мал басын көбейтуге болмайды деген тағы жоқ. Жамбыл ауданында біреу үйінде 500 қой ұстап отыр. Үй шаруашылығында мал басы шектеулі болуы керек. Кәсіпкерлік ретінде ауылшаруашылық субъектісі болса, ол басқаша болуы керек. Қарасайда да жайлауға да, қыстауға да орын жоқ деп ойлаймын. Сондықтан бұл мәселені жергілікті деңгейде шешуіміз керек», — деді әкім.

Бұл ретте әкім жалпы Алматы қаласына іргелес орналасқан Алматы облысында жайылым мәселесін шешу қиынға соғып тұрғанын жеткізді. Облыс басшысының сөзінше, Алматы облысында тұрғындар саны жылдан жылға артып келе жатқандықтан, бұл өңірде мал жайылымы емес, инфрақұрылымды дамыту бірінші орында тұр.

Айтолқын Адырбай,
Алматы облысы,
Agroqogam.kz.

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.