«Ауыл – Ел бесігі»: Алматы және Ұлытау облыстары бөлінген миллиардтарды неге игере алмай отыр?

Астана. 25 шілде. /Айтолқын Адырбай/ QOGAM-MEDIA.KZ – Бүгін Үкімет отырысында «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасының игерілуі мәселелері қаралып, әр өңірдің әкімі есеп берді. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың сөзінше, бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында бөлінген қаражат Алматы және Ұлытау облыстарында тиісті деңгейде игерілмеген.

Қуантыровтың баяндамасына сәйкес, елімізде 6 295 ауылдық елдімекен болса, оның 3,5 мыңының даму әлеуеті жоғары. Олардың дамыту үшін биыл «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде бюджеттен 198,2 млрд теңгеден астам қаржы бөлініпті. Бұл қаражат 2019 жылмен салыстырғанда 6,7 есеге көп. Салыстырмалы түрде 2019 жылы ауылдарды дамытуға бағытталған қаражат тек 29 млрд теңгені құраған-ды, дейді министр.

Тағы бір айта кетерлігі, ауылдық елдімекендерді дамытуға жеке кәсіпкерлікті (инвестицияларды) тарту артқан, мәселен 2019 жылы жеке кәсіпкерлер жалпы сомасы 2,5 трлн теңге қаражатты ауылдарды дамытуға бөлсе, бұл сома 2022 жылы 3,1 трлн теңгеге жеткен. Сондай-ақ министр шекаралық аймақтарда маңызды болып отырған базалық инфрақұрылым мәселесін шешуге күш салынатынын жеткізді. Атап айтқанда интернет проблемасын шешуге басымдық беріліп отыр. Одан бөлек Қытаймен шекаралас аймақтардың мәртебесін қайтаруға да көңіл бөлінеді, деп уәде берді Қуантыров.

Бағдарлама өңірлерде қалай жүзеге асуда?

2023 жылдың бірінші жартыжылдығындағы деректерге сәйкес, өңірлер бойынша бөлінген қаражаттың 7 пайызы ғана игерілген.

«Қаражаттың жоғары игерілуі Павлодар, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында байқалады. Ең төмен игерілу Алматы және Ұлытау облыстарында тіркеліп отыр. 1,6 мың жобаға конкурс өткізілді. Өңірлер бөлінісінде ең көп аяқталған жобалар Жамбыл, Павлодар, ШҚО-да», — деді ол өз баяндамасында.

Өңірлер бойынша алар болсақ, Жамбыл облысында 268 жобаның 75-сі аяқталып, жылдың екінші жартысына 196 жобаны жүзеге асыру міндеті қалып тұр. Өңірде 90 ауылды дамыту көзделіп отыр. Павлодар облысында 85 жобаның 30-ы сәтті жүзеге асқан.

Ұлытау неге артта?

Бұл ретте бағдарламаны жүзеге асыруда бөлінген қаражатты игере алмай отырған екі облыстың бірі – Ұлытау облысының әкімі процесстің неліктен кешеуілдеп отырғанын түсіндіруге тырысты. Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, бар гәп алғашқы жартыжылдықта қаражаттың игерілмей қалуына конкурстық рәсімдердің кеш өткізілуінде.

«9 ауылдық елдімекенге 21 жобаны іске асыру үшін 2023 жылы  2 млрд 536 млн теңге бөлінген. 21 жобаның 20-сы бойынша мемлекеттік сатып алу көзделген, 1 жобаның жобалық-сметалық құжаттамасы түзетілуде. Құрылыс бойынша артта қалушылық Ұлытау аудандық ауруханасы, 10 тұрғын үйге инженерлік-коммуникациялық инфрақұлымды жасау жобаларында байқалады. Себебі — конкурстық рәсімдердің кеш өткізілуіне байланысты. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 27 шілдеде басталады. Жалпы 9 айдың қорытындысы бойынша жұмыс өндірістік кестесіне енгізіледі. Бұл 2023 жылдың қазан айында аяқталатын жобалар.  Сонымен қатар ауылішілік жолдарды жөндеу бойынша жалпы ұзындығы  45 км болатын 17 жоба қарастырылған, игеру тек 2 жоба бойынга 61 млн теңгені қамтыды, жұмыс көлемі 95 пайыз орындалды. Бүгінгі күні 10 жоба бойынша жұмыстар аяқталды. Тек техникалық қадағалау бойынша қорытынды болмай алты ай бойынша игеру болған жоқ», — деген ол жыл соңына дейін бөлінген ақшаны толық пайдалануға уәде берді.

Десе де, үкімет басшысы аты аталған екі облысқа қатысты бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау және пайдалану, тендерлерді уақытында өткізбеу тиісті бақылаудың болмауы объктілерді енгізу  мерзімдерінің бұзылуына әкелетінін айтты.

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.