Ауыл балалары және робототехника: екі ұғым неге үйлеспей тұр? 

Робототехника барлық техникалық саланың бастауы. Қазір әлемде робототехниктердің дәуірі жүріп-ақ тұр. Ал Қазақстанда ше? Ауыл балаларының мұрнына робототехниканың «иісі» бара ма? Qogam-media.kz порталы бұл сұрақты осы салада көптеген оқушыға менторлық етумен айналысатын, робототехниканы ғылыми тұрғыдан зерттеп жүрген Cерік Төленовке қойды. 

Серік Төленов әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Робототехникалық жүйелер мамандығының PhD докторантурасын бітірген. Робот құрастыру, робот жүйелерін жобалау, роботқа бағдарлама жазу сынды күрделі салалар бойынша тәжірибесі мол. Бүгінде Алматы қаласындағы түрлі мектеп оқушыларын робототехникаға баулып, қазақ балаларының бұл саладағы әлеуетіне толықтай баға беретін ментор ретінде танылған. Сол себепті біздің еліміздегі робототехника жай-күйі қандай деген сұраққа тосылмай жауап берді. Айтуынша, қазір бұл сала ата-аналар арасында «беделді» бағытқа айналды, демек болашағы зор.

«Жаман емес. Әсіресе, соңғы 2-3 жылда робототехника қарқынды дамып келе жатыр. Балалардың, ата-аналардың қызығушылығы көп. Болашақ осы робототехникада екенін жақсы түсінетін ата-ана бары қуантады. Мен өзім оқушыларды мектеп деңгейінде олимпиадаға дайындау, жеке тренер болу, Қазақстан ішіндегі және әлемдік жарыстарға дайындаумен айналысамын. Нәтиже өте жақсы. Мәселен, 2022 жылы Женевада өткен халықаралық First Global Challenge деп аталатын робототехниктер байқауында Қазақстан командасы бірінші орын алып, рейтингте бірінші болып тұр. Бұл үлкен көрсеткіш. Биыл дәл осындай байқау Сингапурда өтеді. Соған бару үшін менің оқушыларым аталған байқаудың өңірлік, Орта Азиялық іріктеуінен өтуге дайындалып отыр. Сингапурге өтіп, әлемдік деңгейде орын аламыз деген үмітіміз зор», – дейді ол.

First Global Challenge байқауының Орта Азия елдері арасындағы іріктеу кезеңі Астанадағы әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында қыркүйектің 7-9 аралығында өтеді. Оған Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген командалар қатыспақ. Мұндай жарыстар оқушылар үшін де, робототехника қозғалысында еңбек етіп жүрген жандар үшін де үлкен мотивация. 

Серік Төленовтің сөзінше, әзірге мемлекет тарапынан мұндай халықаралық жарыстардан орын алған балаларға ешқандай сыйақы не басқа да марапаттар берілмейді. Бұған «етіміз үйреніп кетті» деген ойын жеткізген 29 жастағы ментор, бізден гөрі кішігірім байқауларда орын алған спортшылар мен әншілердің насихаты көбірек. Есесіне, ғылымды насихаттауға, балаларға құрмет көрсетуге келгенде кемшін қалып жатамыз деп қынжылады. 

«Түрлі мүдделі ұйымдар робототехника бойынша жарыстар ұйымдастырып, мүмкіндіктер беріп жатыр. Соған да рахмет айтамыз. Мәселен, соңғы жарыс Haileybury Іnternational School мектебінде ұйымдастырылды, командамыз екінші орын алды. Жарысты Ustem robotics және Daryn ұйымдары бірлесе өткізді. Бірінші орын алғандарда шетелге жолдама, 11-сыныптың алты оқушысына гранттар берілді. Тұран университеті 4 грант, ҚБТУ 2 грант ұсынды. Яғни, балалардың, жалпы Қазақстанның робототехникадағы дамуына бей-жай қарамайтын кісілердің, ұйымдардың арқасында осындай шаралар өтіп жатыр», – дейді ол.

Бұл саланы дамытса  – робототехниканың балаларға да, ата-анаға да, қоғам мен мемлекетке де берері көп дейді. Балалар командамен үлкен ғылымға қарай бағыт алады, техникалық саланың маңызын түсінеді. Сол себепті мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, балалар, әсіресе ауылдағы дарынды балалар пайдалы салаға көптеп бет бұрар еді деген пікірін білдірді маман.

«Бүгінде өзім тек қала балаларымен жұмыс істеймін. Робот құрастыруға арнайы жабдықтар, заттар қажет. Мұның барлығына қолдау керек. Бүгінгі күні ауылда, әсіресе шалғайдағы ауыл балаларының робототехника тұрмақ, сапалы білім алуға көп мүмкіндігі жоқ. Себебі маман тапшы. Бұл жаңадан пайда болып жатқан бағыт және бұл салада шәкірт тәрбиелейтін мамандар енді-енді оқу бітіріп жатыр. Сондықтан ауыл мен робототехниканың әзірге үйлесуі қиын болып тұр. Менің ойымша, ауылдағы мыңдаған дарынды балаға роботты бағдарламалау, жобалау, құрастыруды үйрете алсақ, қаншама тамаша мамандар ел игілігіне қызмет етер еді. Бірақ шыны керек, бізде мектептер туралы сөз қозғамай-ақ қояйық, университеттердің өзінде техникалық тұрғыдан жабдықталған, заманауи робототехникалық зертханалар тапшы. Бұл  проблемалар жалпы робототехниканың дамуына, әлемдік деңгейге сай болуына кері әсерін тигізеді. Бұл салаға қызыққан балалар ғылым жолына түскенімен, ары қарай зерттеуге, салаға түпкілікті бойлауға мүмкіндік болмай отыр. Практика жоқ. Университеттердің білімі теориядан ары аспайды. Сол себепті, бірінші кезекте жабдықтау, робототехникамен айналысуға мүмкіндік жасау қажет. Сонда балалар да, жастар да заманауи техникалық ғылымды меңгеруге ұмтылар еді», – дейді маман. 

Айтолқын Адырбай, 

Qogam-media.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.