Алматы облысының тағы бір ауыл әкімінің басы дауға қалды. Әлеуметтік желіде Алматы облысы Ащыбұлақ ауылы әкімі Оңалбаев Жасұланның тұрғындарға «Мені халық сайлаған жоқ» деп мәлімдеген видеосы тарауда. Аталған бейнежазбаға қатысты облыс әкімдігі пікір білдірді.
Желіде қызу пікірталас тудырған видеода тұрғындармен әлдебір мәселе бойынша кездескен әкімге: «Сізді халық сайлады. Сол үшін де сіз халықпен бірге болуыңыз керек», — деген наразылық айтылған. Алайда әкім тұрғынның бұл уәжіне:
«Қателесесіз, мені депуттар сайлаған. Келесі жолы сайлауға түссем, сол кезде халық сайлайды», — деп жауап берген әкім.
Ауыл басшысының бұл жауабына тұрғындар қанағаттанған жоқ. Олар:
«Енді сіз кімге жұмыс істейсіз, депутаттар үшін бе, халық үшін бе?», — деп ашуға мінді.
Аталған мәселе бойынша Алматы облысы әкімдігі пікір бідірді. Әкімдіктің хабарламасына сай, ауданның әдеп жөніндегі уәкілетті тұлғасы Жасұлан Оңалбаевпен түсіндіру жұмыстарын жүргізген.
«Оңалбаев Жасұлан Шералыұлы Ащыбұлақ ауылдық округінің әкімі ретінде «Қазақстан Республикасындағы жергілікті және мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 36-1-бабы, 10-11-тармақтарына сай 2020 жылғы 29 желтоқсан күні аудандық мәслихат депутаттарының сайлау құқығы негізінде төрт жылға сайлаған. 2021 жылғы шілде айынан ауыл әкімдерін сайлау тәртібі өзгеріп, оған сай округ әкімдері Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Заңына сай жалпыға бірдей, тікелей сайлау құқығы негізінде ҚР азаматтарының (ауыл тұрғындарының) жасырын сайлауы арқылы сайланады.
Ауданның Әдеп жөніндегі уәкілі Ж.Оңалбаевпен түсіндіру жұмыстарын өткізіп, алдағы уақытта мұндай әрекеттерге жл бермей, Мемлекеттік қызметкерлердің әдеп жөніндегі кодексін қалтқысыз орындау туралы қатаң тапсырылды», — делінген хабарламада.
Айтолқын Адырбай,
Алматы облысы,
Agroqogam.kz