Ауаға кеткен ақша немесе жалған түбіртектің жыры

Фото из открытых источников

Алматы облысында энергиямен қамтамасыз ету мекемесінің қызметкері жалған түбіртектер жасап, бірнеше ауыл тұрғынынан ақша жинап отырған. Ол бұл әрекетін төрт жыл іске асырып келген, деп хабарлайды Аgroqoqam.kz.

Алматы облысындағы Қараой, Қуат және Өтеген батыр тұрғындары «алаяқтың» заңсыз әрекеттерінің салдарынан төрт жыл бойы ақшаны «ауаға» төлеген. Оқиғаның мән-жайы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлім етті. Ведомство берген ақпаратқа сай, энергиямен қамтамасыз ету мекемесінің қызметкері 2019 жылдан 2022 жылға дейін, өкілеттігі болмаса да, аталған ауыл тұрғындарына жалған түбіртектер беру арқылы, энергия тұтынғаны үшін төлем алып, түскен ақшаны өз қажеттілігіне жұмсаған.

«Өзінің қылмыстық әрекеттерін жасыру үшін ол деректер базасына әріптестерінің логиндері мен парольдерін пайдалана отырып, жалған мәліметтер енгізген.

Сотқа дейінгі тергеу барысында ҚМА Алматы облысы бойынша Департаменті аталған ауылдардың 150-ден астам тұрғындарын электр энергиясынан ажыратуға жол бермеуге сондай-ақ 16 млн теңгеге жуық сомадағы залалды өтеуге шара қолданды», – делінген хабарламада.

«АлматыЭнергоСбыт» ЖШС жеке тұлғалармен жұмыс жөніндегі инженері сотпен алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 5-жылға бас бостандығынан айырылды.

Айтолқын Адырбай,

Алматы облысы

Agroqoqam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.