Асау үйретіп, бәйге алған 17 жастағы Дария

Ат құлағында ойнап, бәйгеге қатысып, асау үйрету — ерлердің ісі деп жатамыз. Десе де, мұндай күрделі кәсіпті меңгеріп жүрген нәзік жандылар арамызда жоқ емес. Солардың бірі – атыраулық Дария Болат. Небәрі 17 жастағы мектеп оқушысы Agroqogam.kz порталына сұхбат беріп, өзінің ерекше кәсібі, сүйікті ісі және ұлттық спорт туралы кеңінен баяндап берді.

Атырау қаласындағы Тасқала елдімекенінде тұратын Дария Болат бүгінде 11 сыныпта оқиды. Жылқы малын ерекше сүйетін бойжеткен 15 жасынан бастап асау үйретіп, бүгінде ат спортымен кәсіби түрде айналысуда. Дарияның айтуынша, бұл спорт түріне ден қоюына жылқыға деген махаббаты себеп болыпты.

«15 жасымнан бастап асау үйрете бастадым. Асау үйретуді қолға алып, меңгеруіме себеп болған бір жайт – алғашқы сәйгүлігім. Әдемі деген ат қойып, меншіктеп алған сәйгүлігімді өзім үйретсем деген талпыныс болды», — дейді Дария.

Дарияның айтуынша, ол жастайынан ата-әжесінің қолында өсіп, төрт түлік малдың қыр-сырына қаныға жүріп бой жеткен. Әжесіне қолғанат болып, мал сауысып жүріп, жылқыға деген көзқарасы да өзгере бастайды. Уақыт өте келе, алдына мақсат қойып, ақша жинап жүріп, өзі ұнатқан сәйгүлікті де сатып алады.

«Жалпы атқа мінуді өз талпынысым арқылы үйрендім. Әрине алғашында жылқыға мініп көрмеген мен үшін бірден бас үйретілмеген атқа міну оңайға соққан жоқ. Алғашында қорықтым бірақ, тәуекел етіп міндім. Осы жолда қанша мәрте аттан құласам да, қайсар мінезімнің арқасында ақыры үйреттім! Міне, солай үйреніп кеттім», — дейді мектеп түлегі.

Дария сәйгүлігі Әдеміні жуасытамын деп деп қолын сындырғанын жасырмайды. Ал қызының осы бір қауіпті әрі тәуекелі көп іске бүйрегі бұрып тұрғанын көрген ата-анасы бастапқыда қызын ойынан айнытпақ болыпты. Десе де, оның кәсібіне деен махаббатын көріп, таңдаған жолына қарсы тұрмапты.

«Әкем Берекенов Болат және анам Жұмағалиева Айсулу қарапайым көпбалалы отбасынан шыққан жандар. Ата-анам басында қарсы болды. Атқа мініп шабу немесе атқа бас үйретуде оқыстан болатын жағдайлар көп болады. «Бір жеріңе оқыс теуіп қалса, мертігіп қаласың» деп ескертті. Ондай жағдайларды да бастан кешірдім. Бірақ өзім жылқыны ес білгелі жақсы көремін. Жылқы жайлы кино көп көріп қызығушылығым одан сайын артты. Ең алғаш «Жау жүрек мың бала» деген кинодағы Қорлан деген батыр қызды көріп, соған еліктедім. Аса үйрету өте қиын іс екен. Асауды кез келген адам үйрете алмайды. Өте қауіпті. Бірінші рет жылқымды үйретемін деп қолымды сындырғанмын. Әрине, уақыт өте келе бәріне үйренесің ғой. Дегенмен ат та адам сияқты. Олардың түрлі-түрлі мінезі болады. Өте тентек аттар болады. Міне, сондай малды үйрету ұзақ уақыт алады. Жалпы жылқымды қарауға күніне 2-3 сағат жұмсаймын. Бірақ қораға бір кірсем шығуым қиын. Себебі жылқының қасында ұзақ уақыт сөйлесіп жүре беремін», — дейді Дария.

Одан бөлек Дария аттың үстінде садақ атумен айналысады. Бұл спорт түрін де ол жүрек қалауымен таңдаған.

«Бұл спорт түрімен кәсіби түрде айналысамын. Атырауда Өнербек Жанбалаев деген ағамыздың жеке қожалығында арнайы жаттықтыруға арналған орын бар, сол жерде дайындаламын. Жүлделі орындар да алып жүрмін. Қазір әлеуметтік желіде маған қызығып, еліктеп жатқан қыздар да көп. Көбі маған «үйрете аласың ба?» деп өтініш айтып жатады. Ұлттық спорттан бәйгеге қатыстым. Ауыларалық бәйгеде 20 аттың ішінен екінші келдім», — дейді кейіпкеріміз.

Бүгінде Дарияны қыз қуу секілді ұлттық ойындарға қатысуға шақыратындардың қарасы көп. Ол өз шеберлігін шыңдай түсу үшін мұндай шараларға белсенді қатысып келеді. Атбегі қыз болашағын ат спортымен байланыстырады. Ол мектептен соң Алматыдағы оқу орындарының біріндегі ұлттық спорт түрі мамандығы бойынша оқуға түспек.

«Қазақтың ұлттық дәстүрін дамытайық. Бұл — біздің тарихымыз. Жылқыға деген махаббат біздің қанымызда бар. Қазақта қаншама батыр қыздар ат құлағында ойнаған. Сол себепті, біз де бұл саланы дамыта түсейік. Маған көп адам таңғалып жатады, менің ат үстінде садақ ататын өнеріме тамсанатындар көп. Мен бұл спортта әлі де машығымды арттырамын. Мақсатым көп», — деп сөзін қорытындылады Дария Болат.

Сұхбаттасқан Айтолқын Адырбай,

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.