Алматы және Жетісу облыстарындағы бірнеше ауылда су қатып, халық жылусыз қалды

Алматы облысында бірнеше ауыл қыстың аязында сусыз қалды. Қарасай ауданында қатты суықтан су құбырлары қатып, халық бірнеше күн бойы қара суға қолы жете алмай қалған. Сусыз және жылусыз қалған тұрғындар ТЖ жариялауды талап етуде. Одан бөлек, Сарыөзек тұрғындары да дәл осы күйді кешуде, деп хабарлайды Agroqogam.kz.

Алматы мегаполисінің тап бүйірінде орналасқан Жаңатұрмыс және Қырғауылды тұрғындарының сусыз отырғанына үшінші күн болған. Судың жоқтығына ауа райының күрт сууы әсер еткен. Тұрғындарға су берілетін магистральды құбыр қатып қалып, салдарынан бірнеше ауыл, мыңдаған үй сусыз қалған. Бұл жайт әсіресе үйіндегі пеш су арқылы қызатын тұрғындар үшін қиынға соғуда.

«Судың қатып қалғанына үш күн болды. Әлі күнге дейін ештеңе жасай алмай отыр. Жағдай қиын. Көптеген адамның пеші осы су арқылы қызады. Мынадай аязда халық сусыз, жылусыз отыр», — дейді ауыл тұрғыны Айман Халықова.

Су құбырларында қатып қалған мұзды жібіту үшін белсенділер резеңке дөңгелектерді әкеліп жағып, қыздырған. Халық қысқа тиісті деңгейде дайындалмады дегенді алға тартып, аталған жайтқа Қарасай ауданы әкімдігін кінәлауда.

«Сорақылық! Адамдар сусыз қалғаны аздай, енді жылу да жоқ. Себебі циркуляция жоқ. Қарт кісілер не істейді? Мүгедектер ше? ТЖМ шақырыңдар», — деп талап етті тағы бір тұрғын Таира Мамедова.

Елдімекендерді сумен қамтамасыз ететін «ТАУ САМАЛЫ» МКМ қызметкері Тілепбергенов Асланның айтуынша, бұл елдімекендерге су таудағы су жинақтаушы арқылы беріледі.

«Үш күннің ішінде тауда отыз градус аяз болған. Сол себепті су қатып қалған. Бірінші себеп, жоғарыда лагерьде су жинақтаушы бар. Жоғарыдан шугаға қар аралас су келіп, бізге келетін құбырды бекітіп қалған. Соның салдарынан қатып қалды. Қазіргі таңда екінші 159-ші құбыр бар, соны іске қосуға әрекет жасап жатырмыз. Соларды жалғап суды төменге түсіріп келе жатырмыз», — деген ол халықты шыдай тұруға шақырды.

Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естеновтың айтуынша, оқиға орнында тәулік бойы екі апаттық бригада жұмыс жасауда. Ал әкімдіктің таратқан ақпаратына сай, кеше кешкі сағат 16:50 шамасында су құбырының жұмысы қалпына келтірілген.

«Энергетика және ТКШ басқармасының ақпараты бойынша Жаңатұрмыс және Қырғауылды ауылдарын су беру қалпына келтірілді. Бұл үшін қосымша сумен қамту желісі тартылды. Қазіргі таңда негізгі су құбырын жібіту жұмыстары жүргізіліп жатыр», — деп хабарлады Қарасай ауданының әкімдігі.

Дегенмен, халық әлі де әлеуметтік желілер арқылы су келмей тұрғанын хабарлауда.

Жетісу облысында да жағдай мәз емес. Мәселен, көрші облысқа қарасты Сарыөзекте тұрғындар қар ерітіп, балалар жуындыруға мәжбүр болған.

«Күн суықта халыққа қиын болды. Қарды ерітіп су жасап отырмыз ғой. Сарыөзекте осы су проблемасы қашан шешілер екен. 30 жыл болды шешілмеген проблема. Енді міне, қыста сусыз қалдық», — дейді тұрғындар.

Аталған жайтқа қатысты пікір білдіріп, халықты сабырға шақырған ауыл әкімі Тұрсынбаев Батырхан болса, су каналы қызметкерлері, белсенділер бірігіп, олқылықты реттеу үшін түн демей жұмыс жасап жатыр.

«Бізде Сарыөзек ауылында күннің суығына байланысты, насостардың күюіне байланысты су жоқтың қасы. Басында насостардың күйіп кетуі салдарынан су тоқтады. Артынша оларды ауыстырдық, бірақ, Сарыөзектегі су қоймасына суды толтыра алмай жатырмыз, су қысымы өте төмен…

Төрт-бес күн болды, бірнеше көшеге су жеткізе алмай жатырмыз. Сіздерден өтініп сұрайтынымыз, мынадай жағдайда кішкене көмектеріңізді тигізсеңіздер. Су жоқ болса, береке де болмайды. Түнде сағат төртке дейін су құбыры жігіттері, қаншама белсенділер сонда жұмыс істедік, сабыр сақтап, шыдамдылық танытып, осы проблеманы шешетін болсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Қазір жалғыз су таситын көлік. Сонымен тасып жатырмыз халыққа. Ол жігіттерде үш-төрт рет су тасып жатыр. Осындай кезде бір-бірімізге қол ұшымызды беріп, мықты болайық. Елдің қамын ойлап, судық жақсы ағуына күш салайық бәріміз. Шыдамдылық таныта білейік», — деп ағынан жарылды әкім.

Айтолқын Адырбай,

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.