Алматы облысы Жаңалық ауылынан өтетін тасжолды кеше тұрғындар жауып тастады. Кешкі алтыдан бастап, сағат он бірге дейін созылған наразылық тасжолда он жасар баланың мерт болуы салдарынан орын алған. Халық ауылды бөліп жатқан жолда жарықтандырудың болмауына қарсы шығып, жағдайды тез арада шешуді талап етті, деп хабарлайды Agroqogam.kz.
19 қыркүйек күні Алматы-Жаңалық тасжолы толығымен жабылды. Қарақұрым жиналған жұрт балаларын сабаққа жіберуге қорқатынын, оқушылардың мектепке баруына ешқандай жағдай жасалмағанын айтып, наразы болды. Жаңалық ауылын қақ ортасынан бөліп жатқан жол арқылы ағылып жатқан көліктер өте көп. Ал ауылдағы жалғыз мектеп болса, ауылдың екінші бөлігінде орналасқан. Яғни, оқушылар таңның атысы, күннің батысы үлкен трассадағы жаяу жүргіншілерге арналған жолмен өтіп, мектепке қатынайды.
«Біз балаларымызды сабаққа қалай жібереміз? Тып-тыныш жаяу жүргіншіден өтіп бара жатқан баланы көлік қағып өлтірді. Бізге осы мәселені шешіп беріңдер! Қыс түседі, көктайғақ болады, жарық жоқ, неге жарықтандыру жоқ», — деп наразы болды тұрғындар.
Айтуынша, жолда жарықтандыру бар. Десе де белгісіз себептермен оны қоспайды.
«Құрметті әкімдік! Сіздерге Жаңалық ауылының тұрғындары үндеу жасап тұрмыз! Мектепті де күтіп жүргенімізге жыл болды. Бұл мектепті салуды бастау үшін тағы қанша бала өлуі керек. Бұл қауіпті трасса. Жыл сайын бұл оқиға қайталанады. Жарықты жасап еді, күнде қоспай өшіріп қояды. Бүгін қосып қойыпты. Өшірмеңіздер мүлдем!» — деп талап етті олар.
Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 19 қыркүйекте 18:45 шамасында болған.
«Тoyota Camry автокөлігінің 24 жастағы жүргізушісі Жаңалық ауылында Жетіген-Алматы автожолының бойында жаяу жүргіншілер өткелінде 10 жасар баланы қағып кеткен. Алған жарақаттарының салдарынан бала оқиға орнында мерт болды», – делінген хабарламада.
Қазір полиция аталған дерек бойынша тергеу жүргізіп жатыр.
Жаңалық ауылының тұрғындары кісі өліміне алып келген жол апатының бұған дейін де болғанын айтады. 17 тамызда Тереңқара ауылында көлік 3 баланың анасын қағып кеткен. Бұл кезде де тұрғындар жолды жауып, қауіпсіздікті күшейтуді сұраған.
Ал ауыл әкімі тас жол республикалық маңызға ие болғандықтан, аудан өз бетінше жарықтандыру жүйесін және жол белгілерін орната алмайтынын мәлімдеген.
Айта кету керек, Жаңалық ауылына жақында ғана Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев келіп, ескі мектептің жағдайымен танысқан. Тұрғындар сол кезде ауылға тағы бір мектеп керектігін жеткізген болатын. Ол кезде елдімекендегі оқушылар Байсеркедегі мектепке баруға мәжбүр екені айтылған. Өйткені, Жаңалық ауылындағы бір ғана оқу ғимараты балаларға лық толған. Үш ауысыммен жұмыс істеп тұр.
«Балаларымыз мектептен үйге қайтқанда көліктер дамыл таппай ағылатын қара жолды кесіп өтеді. Сондықтан осы тұсқа бағдаршам орнатса, оқушыларды таситын арнайы автобус бөлінсе тіптен жақсы», – деп ескерту жасаған ауыл тұрғыны Салтанат Пазылбекова.
Айтолқын Адырбайқызы,
Алматы облысы
Agroqogam.kz.