Алматы облысында суармалы жерлерді ет өңдеу зауытының құрылысына заңсыз бөлген

Алматы облысы Панфилов ауданында салынады деп жоспарланған ет өңдеу зауытына қатысты шу ушыға түсті. Зауыт құрылысына бөлінген жер заңсыз болып шыққан. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Ғалымұрат Жүкел мәлім етті, деп хабарлайды Agroqogam.kz тілшісі.

Бұдан бірер апта бұрын Алматы облысы Панфилов ауданының тұрғындары елдімекен маңынан салынғалы отырған ет өңдеу зауытынның құрылысына қарсы шыққанын жазған болатынбыз. Ауыл белсенділері өндіріс орны елдімекеннен 500 метр қашықтықта орналасқан және мұның арты ауылдың экологиялық ахуалына кері әсерін тигізетінін айтып, шу шығарған.

Зауыттың жыры бұдан бес жыл бұрын басталған. 2017 жылдары Алматы облысының бұрынғы әкімі Амандық Баталовтың кезінде акцонерлік қоғам өкілдері өңір басшысымен кездесіп, қуаттылығы жылына 70 мың тонна болатын құс бауыздау сою және өңдеу цехын салу туралы жоспарын бөліскен. Ал ел назарына ұсынылған жоба жоспарына сай зауытта сағатына 6000, бір ауысымда 48 мың, тиісінше жылына 29,95 млн құс  сойылатыны жазылған.  Зауыттың негізгі қызметі құсты сою, етін өңдеу, мүшелеп, қораптау, одан бөлек мұздату. Зауыт Панфилов ауылдық округі маңында 4,5 гектар жерде орналасады деп жоспарланған. Өндіріс орнының құрылысы биыл, яғни 2022 жылы басталып, 2025 жылы толық іске қосылады деп көзделген еді.  Зауыттың салынуына қарсы тұрғындар  билікке жанайқайын жеткізіп, зауытты ауылдан 500 м қашықтықта емес, мүлшем алшақ, халық тұрмайтын аумаққа ауыстыруды сұрап жүргеніне де бір айға жуықтады.

Анықталғандай, тұрғындардың босқа алаңдамапты. Расымен де зауытқа ауыл маңынан бөлінген жер телімі заң талаптарына сай емес екені анықталған. Алматы облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкелдің айтуынша, аталған жерлер суармалы болған және оның нысаналы мақсатын өзгертуге болмайды. Соған қарамастан, 2017 жылы жергілікті лауазымдық тұлғалар зауыт салынатын жерді заңсыз үлестірген.

«Алматы облысының жер қатынастары басқармасы тиісті тексеру жүргізді. Ол жер телімін кәсіпкерге беру кезінде заңнама бұзылғаны анықталды. Осы бойынша тиісті құжаттар рәсімделіп, сотқа жіберіледі. Соттың шешімі шыққан соң, сол уақыттағы лауазымдық тұлғаларға қатысты да қызметтік тексеріс жүргізіледі. Панфилов ауылының маңынан бұл зауыт салынбайды», — деп пікір білдірді Ғалымұрат Жүкел.

Айтолқын Кузербаева,

Алматы облысы,

Agroqogam.kz.

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.