Алматы облысы Көлащы ауылында зейнеткердің 15 бас қойын белгісіз жануар қырып кеткен. Малының барлығын несиеге алған Жантереев Жұмабай жаз бойы баққан қойларынан айрылғанына қатты наразы. Ал жергілікті ветеринарлар малды өлтіріп кеткен қандай жануар екенін таппай отыр. Белгісіз жануар өткен жазда бір емес, бірнеше үйдің малын қырған, деп хабарлайды Agroqogam.kz.
Аталған жайтты зейнеткердің қызы Сатылғанова Бағдат баяндап берді. Оның айтуынша, 70-тен асқан ата-анасы қой алу үшін несие алған. Алайда несиесі аяқталмай жатып, малы бір-ақ күнде қырылып қалды, дейді ол.
«Белгісіз жануар түн ішінде барлық қойымызды қырып кетті. Қандай жануар екенін білмейміз. Кәдімгідей қанын сорып алған, етіне тиіспеген. Ит пе, жартқыш аң ба, жабайы мысық па – белгісіз. Ешкім білмейді. Өкініштісі, әкем бұл малды несиеге алған. 300 мыңға бір несие алған, былтыр шөп жетпей тағы 100 мың алған, одан соң 180 мыңды бір алған. Жаз бойы еңбектеніп, ауылдың бір шетінен шөп жинап, азық жинағанда, арты осылай болды. Әкем түні бойы жылап шықты. Оның күйін еңбекпен адал ақша табатындар ғана түсінеді», — дейді ол.
Оның айтуынша, мұндай жайт ауылда бірнеше мәрте орын алған. Соған қарамастан құзырлы органдар тұрғындарды хабарландырмағанына наразы. Ол кәдімгі ауыл ішіне жабайы жыртқыш қайдан келгеніне аң-таң.
«Бірнеше рет елдің малын осындай жануар қырып кеткен дейді. Енді естіп отырмыз. Неге тұрғындарға хабарламайды? Сонда халық қамданар еді. Бір амалын жасап, аңдыр еді. Аң болса аулап, ит болса, бір шараны неге жасамайды? Әкемнің еңбегін өтеп берсе дейміз. Тым болмаса несиесін құтылса жақсы болар еді. Анам да, әкем де зейнеткер», — дейді тұрғын.
Ал Жибек жолы ауылдық округінің ветпункт меңгерушісі Оралхан Жакупов болса, жағдайдан хабардар екенін, десе де үкімет тұрғынның қырылған малы үшін өтемақы бермейтінін жеткізді. Белгісіз жануардың тұрғындар малын қырып кету жағдайы осымен бұл ауылда үшінші рет орын алып отыр. Бұл бір жаздың ішіндегі үшінші жағдай, дейді ол.
«Иә, бұл жағдай туралы білемін. Барлығы 9 бас ұсақ мал өлген, қалғаны түрлі жарақат алған. Тістеп тастаған қандай жануар екенін әзірге білмей отырмыз. Биыл мұндай үш жағдай орын алды. Бас-аяғы 11-15-ке жуық қой өлді. Біз енді не істерімізді білмей отырмыз. Себебі жабайы иттерді атуға заң мұрсат бермейді. Ал аулау тіпті мүмкін емес болып отыр. Мұны жоғары жақтан шешу керек. Ал біз қазір жабайы иттерді қалай атамыз? Өтемақы жөніне келер болсақ, заң бойынша тек инфекциялық аурулар салдарынан өлген малға ғана өтемақы төленеді. Сол үшін өтемақы жоқ. Қазір бұл мәселе бойынша ақылдасып жатырмыз», — дейді ол.
Ал Бағдат Сатылғанова болса, әкесінің жағдайына алаңдайды.
«Әкеме обал. Зая кеткен еңбегім-ай, деп қатты уайымдауда. Қазір анама хабарластым. Қалған 3-4 малдың да жағдайы мүшкіл. Ауыл халқының жағдайы мәз емес. Бір қой 60-70 мың тұрады. Әзер өмір сүріп отыр халық», — дейді зейнеткердің қызы.
Айтолқын Адырбайқызы,
Алматы облысы
Agroqogam.kz.