Алматы облысы Жамбыл ауданы Мыңбаев ауылының мыңнан астам тұрғыны қарашаның суығында жылусыз қалды. Тұрғындардың айтуынша, бұл жайттың орын алғанына 2,5 апта болған. Алайда мәселе күні бүгінге дейін шешілмей келген. Аталған жайтқа Мәжіліс депутаты Әлия Әбсеметова араласты, деп хабарлайды Agroqogam.kz.
Жамбыл ауданының тұрғыны Жадыра Серікқызының айтуынша, газ қысымы Мыңбаевта ғана емес, Жамбыл ауданының бірнеше ауылында және Ұзынағаштың өзінде де шектен тыс төмендеп кеткен. Жылудың аз берілгені сонша, тіпті үйдің іші 17-18 градустан аспайды, деп шағындануда халық. Әсіресе, жас босанып келген аналар мен кішкентай сәбиі бар аналар қиналуда.
«Газ бар, бірақ қысым жоқ деген не сұмдық. Халық бар газдың игілігін көре алмай отыр. Бұл бір-екі күнгі жағдай емес, міне бүгін екі жарым апта болды қысымның төмен болғанына. Күн суықта неге қара халық, жас сәбилер тоңып отыруы керек. Балалар соның салдарынан ауырып жатыр. Жас босанған аналар да жазып жатыр үйдің іші суық екенін», — дейді ол.
Ал жергілікті әкімдіктің берген ақпаратына сай, бүгінгі таңда тұрғын үйлерде газ өшіріліп, құбырдың бітелген жерін анықтау жұмыстары жүргізілуде.
«Негізі мүлдем газ жоқ емес, қысым төмендеген. Әр үйде әр түрлі жағдай.
Бүгін 9:00 ден 17:00 аралығында газ өшіріліп, құбырдың бітелген жерін анықтау жұмыстары жүргізілуде.Барлық мүмкіндікті қолдануда, аудан әкімінің тікелей бақылауында», — деді әкімдіктің баспасөз хатшысы Бахтияр Жамбылұлы.
Одан бөлек, ол «Тәуекел газ» ЖШС қосымша газ таратқыш шкафтарын орнатқанын, сондай-ақ 28-29 қарашада газдың жұмыс қысымын өлшей отырып, абоненттерге көшеде тексеру жүргізгенін хабарлады.
«Магистральдарды тексеру кезінде конденсаттың пайда болуы анықталды. 2022 жылғы 30 қарашада сағат 9.00-14.00 аралығында халыққа үздіксіз газ беру және себебін жою үшін «Тәуекел газ» ЖШС Үмбетәлі ауылынан Мыңбаев ауылының соңғы нүктесіне дейін ұзындығы 15 км диаметрі 114 мм және 89 мм орташа қысымды құбырларды үрлеп, тазартатын болады», — дейді әкімдіктегілер.
Аталған жайт туралы әлеуметтік желіден білген Мәжіліс депутаты Әлия Әбсеметова да жағдайдан хабардар. Ол бұл іске араласып, шұғыл мән-жайды білгенін жеткізді.
«Біз Екібастұз мысалынан сабақ алуымыз қажет. Ал ауыл-ауылдарда мынадай жағдайдың орын алуы дұрыс емес. Сол себепті өз тарапымнан хат әзірлеп жатырмын. Жергілікті атқарушы органдарға шұғыл хабарластым. Халықты қыстың күні жылумен қамту өте өзекті мәселе. Жағдайды оңды шешіп беруге барымды саламын», — дейді ол.
Айтолқын Кузербаева,
Алматы облысы
Agroqogam.kz