Алматы облысында өткен агрофорумда шенеунік қайтыс болды

Фото из открытых источников

Алматы облысында өткен «Agro-Business Forum Assy-2023» кезінде жергілікті шенеунік қайтыс болды. Аталған жайтты өңір әкімдігі растап отыр, деп хабарлайды Agroqogam.kz.

Ведомство ұсынған дерекке сай, Еңбекшіқазақ ауданында жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін мерекеде әкімдік өкілі өзін нашар сезінген. Асы үстіртінде өтіп жатқан форумда арнайы шақырылған медицина қызметкерлері қызметкерге жедел көмек көрсеткенімен, ер адам есін жимастан оқиға орнында көз жұмған.

Алматы облысы әкімдігінің берген ақпаратына сүйенсек, қайтыс болған ер адам Бәйтерек ауылдық округі әкімінің аппаратында қызмет еткен. Бұл күні ол мерекеге қызмет бабымен емес, қонақ ретінде барыпты. Әкімдік өкілдері оның денсаулығының күрт нашарлауына шараның тым биікте өтіп жатқаны әсер етуі мүмкін деп болжап отыр.

«Асы үстірті – теңіз деңгейінен 2800 метр биіктікте орналасқан жазғы жайлау. Оның денсаулығына дәл осы жайт әсер еткені болуы ықтимал. Әріптесіміздің өлімі – ұжым үшін орны толмас қаза. Қайтыс болған азаматтың отбасына материалдық көмек көрсетіледі», — дейді әкімдік өкілдері.

Айта кету керек, Еңбекшіқазақ ауданында өтіп жатқан агрофорумда өңірдегі ауылшаруашылық кәсіпкерлері мен фермерлер қатысып, ондағы жәрмеңкеде өзінің өнімдерін ұсынды. Шараға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысқан.

Айтолқын Адырбай,

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.