Алматы облысындағы тағы үш елдімекенді заңсыз қоқыс үйінділері табылды

Алматы облысындағы қатты тұрмыстық қалдықтардың жылдық көлемі 430 мың тоннаға жетіп артылады. Алайда оның тек 22,2 пайызы ғана қайта өңделеді. Десе да қоқысқа батқан өңірдегі экология саласына жауапты тұлғалар экологиялық апат жоқ деп мәлімдеуде, деп хабарлайды Аgroqogam.kz тілшісі.

БАҚ-та Алматы облысының маңындағы ауылдардың қоқысқа «батып» жатқаны туралы ақпараттарды жиі кездестіреміз. Қаптаған заңсыз қоқыс полигондарынан облыстағы елдімекендер көз ашпай келеді. Күні кеше ғана Алматы облысы әкімдігінің 2023 жылғы 28 наурыздағы «Облыстың елді мекендерін көктемгі-күзгі санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандыру екі айлығын өткізу» туралы №101 қаулысына сәйкес құрылған штаб мүшелері Іле ауданының қоршаған ортаны қорғау саласында экологиялық талаптардың орындалуын бақылау мақсатында аралау жұмыстарын жүргізген болатын. Нәтижесінде Энергетический, Байсерке, Боралдай ауылдық округтерінде заңсыз қоқыс үйінділері анықталды.  Экология департаментінің берген мәліметіне сүйенсек, бұл жайт қатаң бақылауға алынған.

«Экология департаменті тарапынан заңбұзушылықтарды болдырған жауапты лауазымды тұлғаларға заңбұзушылытықтарды жоюға бағытталған тиісті тапсырмалар берілді. Орын алған фактілер бойынша жергілікті полиция басқармасы өз құзыреті шегінде шаралар қабылдап, АЕК материалдарын рәсімдеп экология департаментіне жолдаған жағдайда, департамент өз құзыреті шегінде ҚР заңдарына сәйкес, тиісті шаралар қабылдайтын болады. Аталған заңбұзушылықтың жойылуы экология департаментінің қатаң бақылауына алынды», — делінген экология департаментінің хабарламасында.

Күні кеше облыстың өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы облысының экологиялық ахуалы жөнінде айтылды. Алматы облысы Энергетика және ТКШ басқармасы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Айдос Тастановтың мәліметінше, өңір аумағынан жылына 429 мың тонна қалдық шығады.

«Жылына 429 мың тонна қалдық жиналады, оның 95 мың тоннасы, яғни 22,2 пайызы қайта өңдеуге жіберіледі. 2027 жылға дейін 22,2 пайызды 25 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту үшін арнайы бағдарлама әзірленген. Жобаны жүзеге асыру үшін 92 млн теңгеге бюджеттік өтінім берілді. Қонаев қаласында қатты қалдықтар полигонын салу және сұрыптау желісін салу жоспарланып отыр», — дейді маман.

Айта кету керек, брифинге сонымен бірге облыста 7 қоқыс полигоны мен заңсыз қоқыс үйінділері бар екені айтылды. Десе де заңсыз 23 үйіндінің орны жойылмаған, оның 20-сы облыстың су жаңа орталығы — Қонаевта, сондай-ақ Іле, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр аудандарында.

Айтолқын Адырбай,

Алматы облысы

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.