Алматы маңындағы мал сүйегін өңдейтін шаруа қожалығы заңсыз жұмыс істеп келген

Алматы облысы Талғар ауданында сүйек ұнын өндіретін «Асанбек» шаруа қожалығы жергілікті халықты мезі еткен. Тұрғындар цехтың мал қалдықтарын көму ережелеріне бағынбағанын, салдарынан аталған цехтен шыққан жағымсыз иіс «өміріміздің шырқын бұзып отырғанын» айтты. Олар өз шағымын өңір басшысы Марат Сұлтанғазиевке жеткізді, деп хабарлайды agroqogam.kz.

Бүгін Сұлтанғазиев Талғар ауданының проблемалық ауылдарымен кездесіп, халықты толғандыратын мәселелерге назар аударды. Ол Жаңалық, Дәулет, Қарабұлақ, Қызылту ауылдарына арнайы соғып, олардың жанайқайын естіп қайтты. Тұрғындардың айтатыны бір – суармалы жерлердің жоқтығы, жарық, газ проблемалары, сонымен бірге мектептердің жоқтығы немесе олардың тозығы жетуі.

Кездесуде Талғар ауданындағы кей кәсіпорындардың қызметі тексерілетін болды. Мәселен, Дәулет ауылында неше жылдан бері көтеріліп келе жатқан  «Асанбек» шаруа қожалығының ісіне әкім прокуратурадан араласуды сұрады.

Халықтың айтуынша, аталған кәсіпорын мал сүйектерінен ұн өндірумен айналысады. Десе де, аталған қожалықтан қолқаны қабатын жағымсыз иіс шығады. Оның бір себебі биологиялық қалдықтарды көму және кәдеге жарату ережелерінің сақталмауында жатыр.

«Жазда жағдай тіптен нашарлайды. Шірік иіске шыдау мүмкін емес», — деді дәулеттіктер.

Осы келеңсіздікке облыс әкімінің назарын аударған белсенділер аталмыш кәсіпорын рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істейтінін айтты.

Талғар ауданындағы және басқа да осыған ұқсас кәсіпорындар тиісті тексеруден өтетін болды. Қоршаған ортаны ластау, Экологиялық кодекс пен санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды бұзу фактілері анықталған жағдайда кінәлілер жазаланатыны айтылды.

Одан бөлек, Қызылту ауылының тұрғындары үшін бүгінде ең ауыр мәселе – зират болып отыр. Халық бүгінде ауыл маңындағы мазар толып кеткенін айтып, көмек сұрап отыр. Жиында зират аумағын кеңейту үшін шаруа қожалығының теңгерімінен 1,5 гектар жер бөлу туралы шешім қабылданды.

Айтолқын Адырбай,

Алматы облысы,

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.