Алакөлдегі балық зауыты балаларға арналған балықтан жасалған тағамдар өндіруді қолға алды, деп хабарлайды Agroqogam.kz тілшісі.
«Болашақ Бастау» ЖШС Алакөл балық өңдеу зауытының технологы Никита Кашкаревтың айтуынша, зауытта балаларға 8 айлығынан бастап беруге болатын тағамның 2 түрі жасалуда. Маман мұндай өнім шығару зауыт қызметкерлерінің идеясы және толық рецептурасын де өздері толық жасап шығарған. Зауыт бұл идеяны іске асыру үшін арнайы құрал-жабдықтың барлығын өз қаражатына сатып алыпты.
Жаңа құрал-жабдық тартылған балықеті мен балық филесін, ақтабан мен алабұға паштеттері, күріш немесе картоп қосылған балық-өсімдік дәрумен кешендері, уылдырық майы, балық шұжықтарын шығаруға мүміндік беріп отыр.
Атап өтсек, Алакөл ауданында қуаттылығы жылына 1400 тонна шикізат өңдейтін «Болашақ Бастау» ЖШС-ны қосқанда барлығы 7 балық шаруашылығы, 2 балық өңдеу кәсіпорны және 2 цех тіркелген. Бұл ретте балық өңдеу кәсіпорны өңдеу қуатын арттыруға дайын, бірақ бұл балық аулау лимитін ұлғайту мәселесіне байланысты. Балық зауыты тәулігіне шикізатқа байланысты 5-тен 10 тоннаға дейін балық өнімін, сондай-ақ 3 тоннаға дейін балық сүйегінің ұнын өндіре алады. Мысалы, көксеркенің, тұқы мен басқа да балық түрлерінің сүбесі, сондай-ақ тартылған балық және кептірілген өнімдер шығарылады.
Айтолқын Адырбай,
Жетісу облысы,
Agroqogam.kz.