Ақтөбе тұрғындарына күкіртсутек иісіне үш жылдай шыдауға тура келеді

Ақтөбе облысы, 1 тамыз /Айгүл Қуандық/ QOGAM-MEDIA.KZ – Облыс орталығында
тұратындар үшін ауаның ластануы жылдар бойы шешімі табылмай келе жатқан мәселенің
бірі. Ескі кәріз құбырларынан үнемі күкіртсутектің иісі ауаға таралып, тұрғындар амалсыз
лас ауамен тыныстауға мәжбүр. Соңғы уақытта оған апталап тазартылмаған қоқыс
қосылып, «шіріген жұмыртқа» иісі де мезі қылды. Әрі Ақтөбе қоқыс полигоны бықсып
жануы жиіледі.

«Казгидрометтің» хабарлауынша, қалада жыл сайын ауаның ластану дәрежесі артып
келеді. Осы жылы, бірінші жарты жылдықта күкіртсутектің ШМК артуы 227 рет
анықталды, ШМК диаксид азот 338 рет, ШМК оксид азот 337 рет артты. Бұл туралы
мекеменің ақпараттық хабарламасында баяндалған.

Аптап ыстықта тұрғындар терезені ашудан қалды. Өйткені, ауа ластанған. Жағымсыз иіс
әсіресе түн ортасына және таңғы мезгілде күшейеді. Ыстық күні жағымсыз иістен жасыл
желектің өзі қорған бола алмайды.

Валерий Ткаченко 80 жаста. Ол қаланың орталығы саналатын 8-шағын ауданда тұрады.
Зейнеткер жаздыгүні жағымсыз иістен “қашып”, бақшаға баруға тырысады. Түнде, тіпті
салқын болса да, терезелерді мықтап жабады.

«Иістен басым ауырады. Үйдің жанында қоқыс алаңы да бар, қоқыс уақытылы
шығарылмайды. Өмір бойы осы қалада тұрамын, бірақ мұндай жағдай бұрын-соңды
болмаған», – дейді Валерий Ткаченко.

Сая болсын деп аулаға ағаш та, гүл де еккен. Бірақ жағымсыз иістен ол да құтқаратын
емес.

Зинаида Бисембаева 76 жаста, 40 жылдан астам дәрігер болып жұмыс істеген.

«Лас ауа тұрғындардың денсаулығын жақсартпайды. Өзім үйден шықпаймын. Есет батыр
көшесінде тұрамын. Үйіміздің қасында балалар емханасы мен мектеп бар, сондықтан да
қоқыстарымыз уақытында шығарылады, бірақ көрші аулада үнемі қоқыс төгетін жер бар.
Учаскелік полиция қызметкерін шақырамыз, содан кейін ғана алып кетеді. Әсіресе егде
жастағы адамдар қиын. Күкіртті сутегіден жүрек айнуы мен бас ауруы болады. Қаланың
санитарлық тазалық жағдайын ешкім мүлдем бақыламайды, адамдар туралы тіпті
ойламайды» – дейді зейнеттегі дәрігер.

Қалада қоқыс шығару мәселесі көптен бері шешілмей келеді. Осымен айналысқан
компаниялар жабылып, ал орнына келген жаңа мекемелер тиісінше жұмыс атқара
алмауда. Қоқыс контейнерлері жоқ жеке үйлер аумағында көшелерде қоқыс үйінділері,
пакеттер ағаштарға ілініп тұрады.

Полигонда өрт, қалада түтін.

Санитар-эпидемиологтардың мәліметі бойынша: атмосфералық ауа сынамаларының
нәтижелері оның құрамында күкіртті сутегінің, көміртегі тотығының, фенолдың және
шаңның артық мөлшері бар. Олардың қауіптілігі, адамдардың тыныс алу мүшелерінің
ауруларын туындатып, аллергияны күшейтеді.

Экологиялық тәртіпті бұзғандарға қандай да бір шара қолданылып жатыр ма?

Экология департаментіндегілер атмосфераның күкіртті сутегімен ластануы ескірген
тазарту қондырғылары мен канализациялық сорғы станцияларымен байланысты екенін
айтты. 40 жылдан астам жұмыс істеп келген КОС әбден ескірген, жаңартуды қажет етеді.

Департаменттің бөлім басшысы Тұрар Қожановтың айтуынша, бұл мәселені тек тазарту
құрылғысын салумен ғана шешуге болады. 10 кәріз сорғылау құрылғысында жағымсыз
иісті бейтараптандыру үшін катализатор қолданылады. Сол үшін биыл бюджеттен 478
миллион теңге бөлінген.

Дегенмен, жиі өртеніп, бықсып түтіндейтін қоқыс полигоны да ауаны ластауда. Мұндай
күндері қаланы қалың түтін басып, ыстың иісі жайлап алады. Жыл басынан бері қоқыс
полигоны 14 рет өртенді. Полигонға жауапты «Табыс Ақтөбе» ЖШС-не экологиялық
нормаларды бұзғаны үшін 258 750 теңге айыппұл салынды. Нәжістер биогазға жіберіледі.

«Aqtobe Su-Energy group» АҚ бас директоры Ерлан Блиев қала тұрғындарына жыл
соңында кәріздік тазарту қондырғыларының мәселесін шешуге кірісеміз деп уәде беріп
отыр.

«Еуропалық қайта құру және даму банкімен осы уақытқа дейін мердігерді анықтау керек.
КОС жанынан биогаз өндіретін және одан электр қуатын өндіретін зауыт салу
жоспарлануда. СЭС құрылысы 53 млрд теңгені құрайды, бұл соманың басым бөлігі биогаз
қондырғысының құны. Жұмыс 3 жылға созылуы мүмкін», – дейді Ерлан Блиев.

Аулалардан қоқыс қашан шығарылады?

Аулалардағы қоқысты шығару мәселесі де – өте өзекті. Жеке компаниялар өз
жұмыстарын игере алмағандықтан, қала әкімдігі СПК жанынан қоқыстардың тазалығымен
айналысатын кәсіпорынды қайта құруда. Қалада коммуналдық мекеме бұрын болған,
бірақ 2018 жылы жабылып қалған. Мамыр айында қоқыс шығаратын көліктер, тракторлар
және басқа да техникалар алуға бюджеттен алғашқы 3 миллиард теңге бөлінді. Тағы 7-10
миллиард теңгеге лизингке техника сатып алуды жоспарлаған. Қазірге дейін қалаға 24
қоқыс шығаратын көліктің бесеуі жеткізілді, жаңа кәсіпорын тамыз айында жұмысын
бастайды, барлық техника қыркүйек айында жеткізіледі, дейді қала әкімдігі.

Тұрғындар еркін тыныс алуы үшін қаладағы ауаның ластану мәселесінің шешілуін
тағатсыздана күтуде. Бірақ бұл мәселе тек Ақтөбеге ғана қатысты емес.

2022 жылы Қазақстан ауасы ең ластанған 50 елдің қатарына енді. Бұл туралы
швейцариялық IQAir компаниясының ауа сапасы туралы есебінде айтылған. Өткен жылы
қоршаған ортаға эмиссиялардың жалпы көлемі 4,2 млн тоннаны құрады. Ең ластанған
қалалар қатарына Теміртау, Өскемен, Қарағанды, Астана, Алматы және Ақтөбе кірді.

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.