Қуаңшылық: Шымкенттік жігіт ұйымдастырған асаршылар 17 гектар жердің шөбін қолмен орған

Фото Айтолқын АДЫРБАЙҚЫЗЫ / Agroqogam.kz

24 жастағы шымкенттік Құрмет Талапқазы – әлеуметтік желі арқылы елді қуаңшылықтан зардап шеккен өңірлерге көмек беруге шақырған азамат. Шөп ору науқанын қолға алып, қырылып жатқан малды аман алып қалуға ұмтылған жігіт бүгінде елдің түкпір-түкпірінен қолдау тауып, асардың аясы арта түскен. Бастапқыда жалғыз өзі шөп орып, оны Маңғыстау жұртына жөнелтуге белсене кірісіп кеткен жігітке  жүздеген тұрғын қосылған. Бүгінде ел тағдырына бей-жай қарамайтын азаматтар бас-аяғы 1,6 млн теңге қаражат жинап, 17 гектар жердің шөбін орған, деп хабарлайды Аgroqogam.kz тілшісі.

Құрмет Талапқазы  бастаған науқанға бей-жай қарамай, бірден қолдау көрсеткен азаматтар қарасы артып келеді. Жігіттің айтуынша, әлеуметтік желі арқылы тараған видеодан соң оған күніне жүздеген адам қоңырау шалатын болған. Алайда, бастамашыл азамат бұл әрекеті арқылы атақ не пайда табуды еш ойламаған. Керісінше, ол елдегі қуаңшылықтан қиналып отырған батыс өңірінің тұрғындарына шын-ниетімен көмек бергісі келгенін жеткізді.

«Әрине, бұл ой жайдан жай келген жоқ. Бастапқыда қымыз сатумен айналысқан едім. Биылғы батыстағы ахуал қиын екенін естіп, шынымен қатты уайымдадым. Оның шешімін қалай тапса боады екен деп ойландым. Сөйтіп, шөп жинап берген дұрыс болар деген ойға келдім. Шымкент өңірін түгел аралап шығып, шөбі қалың өсетін Сарыағашқа назар аударып, шөп оруды сол жерден бастадым», – дейді ол.

Құрмет шөп орып, оны вагонға тиеп жатқанын видеоға түсіріп, жігіттер қауымын асарға шақырған. Ондағы мақсат – жалғыз өзі  еңсере алмайтын шөп көлемін, бірлесе жинау. Неғұрлым көп адам жиналса, соғұрлым көбірек шөп жіберу мүмкіндігін туады, деген ол ойының жүзеге асатынына сенімді болғанын айтты.

Қазіргі таңда, Құрмет ұйымдастырған асар нәтижесінде 17 гектардың шөбі орылған. Орташа есеппен жиналған шөп орамының саны – 40 мыңнан асып артылады. Бұдан бөлек, елдің түкпір-түкпірінен хабарласып, сөзбен, ақшалай көмек беріп жатқандар да аз емес екен.

«Жетісай мен Мақтаарал жақтан 300-дей жігіт келіп көмек берді. Су әкеліп, біздің жұмысты жеңілдеткісі келетіндер өте көп. Оларға алғысым шексіз. Дегенмен, әлі де қиындықтар бар. Мәселен, шөпті тасымалдау жағын ойластырып жатырмыз. Жүк көлігімен жеткізу құны арзан емес болғандықтан, шөпті вагонмен тасымалдамақпыз», – деді Құрмет Талапқазы.

Асаршылар бүгінде Маңғыстау өңірінің ахуалы ауыр аудандарға 6 вагон шөп жібермек. Бір вагонды 380 мың теңгеге жалға алған. Мұндай вагондарды бірнеше үш күн сайын жібермек.

Дәл қазір халықтан көмек ретінде 1,6 млн теңге жиналған. Бұл қаражатты белсенді азаматтар керегіне жарататын болады.

Бүгінде Құрмет пен оған көмекке келгендер шөп қолымен оруда. Ол үкімет тарапынан техника ретіндегі көмек ұсынылса құба-құп болар еді, дейді.

Құрмет Талапқазы Сарыағаш ауданындағы жерлерді шауып болған соң, белсенді еріктілер тобымен бірге шөбі шүйгін солтүстік, шығыс өңірлеріне баруды көздеп отыр. Бұл ретте, ол өзіне қолдау керектігінде жасырмады.

Айта кету керек, бүгінде қоғам белсенділері Құрмет Талапқазының бұл әрекетін ерлікке балап отыр. Мәселен, отандық журналист Гүлбану ӘБЕНОВА оның бұл әрекетіне оң бағасын берді.

«Депутат Мәди Ахметов, депутаттық демалыста Түркістан облысына барып, құрдасыңыз Құрметке көмек көрсеткіңіз келмей ме?

Өткен жылы “Халық алғысы” медалімен Сізді қандай еңбегіңіз үшін марапаттады?

Бұл жоғары марапатты ақтай аласыз ба? Сіз емес, “Халық алғысы” медаліне Құрмет Талапқазы лайық!

Дегенмен, Мәжіліс депутатының шөп шабу барысындағы фото есебін күтеміз», – деп жазды ол.

Еске салсақ, биыл ауа-райының қолайсыздығы салдарынан еліміздің, батыс және оңтүстік-батыс өңірлерін қуаңшылық жайлаған. Әсіресе, Маңғыстау облысының бірнеше ауданында ірі қара мал, оның ішінде жылқы малы жаппай аштан қырылуда. Үкімет тарапынан арнайы комиссия құрылып, өңірге басқа көршілес облыстардан шем-шөп жіберу ұйымдастырылып жатқанымен, шаруалар күзде жағдайдың күрделі болатынын болжап отыр.

Айтолқын АДЫРБАЙҚЫЗЫ

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.