Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр еліміздегі асыл тұқымды мал басының санына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінгі күні асыл тұқымды малдың үлес салмағы өсуінің оң серпіні сақталуда. Мысалы, егер 2010 жылдың 1 қаңтарына шаруашылықтың барлық санаттарындағы асыл тұқымды ірі қара малдың (ІҚМ) саны 344,1 мың басты құраса немесе асыл тұқымды малдың жалпы мал басына шаққандағы үлес салмағы 2,9% құраса, 2021 жылдың 1 қаңтарына шаруашылықтың барлық санаттарындағы асыл тұқымды ІҚМ саны 978,6 мың басты құрады немесе асыл тұқымды малдың жалпы мал басына шаққандағы үлес салмағы 12,5%-ға дейін өсті, оның ішінде негізгі мал басы қазақтың ақбас және әулиекөл тұқымдарына тиесілі», — делінген Үкімет басшысы орынбасарының депутаттар сауалына берген жауабында .
Оның айтуынша, репродуктор шаруашылықтар арқылы жыл сайын 109 мыңнан астам асыл тұқымды төл еліміздің фермерлік шаруашылықтарына өткізіледі.
«Сондай-ақ асыл тұқымды ұсақ мал басының (ҰМ) да өсуі байқалады. Мысалы соңғы 10 жылда асыл тұқымды ҰМ саны 959,5 мың бастан 2 725,7 мың басқа жетті немесе 139,1%-ға өсті, асыл тұқымды жылқы саны 109 мың бастан 225,7 мың басқа жетті немесе 207 пайызға өсті. Сонымен қатар, соңғы жылдары етті бағыттағы тұқымдық бұқаларды пайдалана отырып, ІҚМ-нің аналық басымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс бағдарламасына (тұқымдық түрлендіру) қатысушы шаруашылықтар санының өсуі байқалды», — дейді Р. Скляр.
Мысалы, 2016 жылы ІҚМ тұқымдық түрлендірумен айналысатын шаруашылықтардың саны 15,8 мыңды құрады, 2020 жылдың қорытындысы бойынша 25,3 мың фермерлік шаруашылық тұқымдық түрлендірумен айналысуда.
«Айта кету керек, мемлекеттік қолдау шаралары есебінен ұйымдастырылған шаруашылықтарда мал өнімділігінің өсуі байқалады, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарындағы малдың орташа тірідей салмағы соңғы бес жылда 2,5%-ға немесе 400 келіден 411 келіге дейін өсті», — деді ол.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Мәжілістің жалпы отырысында депутат Аманғали Бердалин еліміздің климат ерекшелігіне бейімделген отандық асыл тұқымды мал сапасын арттыру мәселесін көтеріп, депутаттық сауалын Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярға жолдады.
Источник: www.inform.kz