Алматы облысы Балқаш ауданында жас кәсіпкер қарамағындағы 10 қызметкерге тұрғын үй кілтін табыстады. Осылайша, 20 жылдан астам уақыт бойы мал шаруашылығы саласында еңбек етіп келе жатқан ондаған ауыл тұрғыны баспаналы болды.
Өткен демалыс күндері Бірлік ауылының тұрғындары үшін ерекше өтті. «Бірлік АЖА» ЖШС-ның 30 жастағы директоры Жандос ӘБДІЖАППАРОВ баспанасы жоқ отбасыларға баспана тарту етіп, зор қуанышқа бөледі.
Аяқ астынан «үйлі» болған 53 жастағы Мұқтар ДҮМШЕБАЕВ аталған агрофирмада механик болып қызмет атқарады. Үш баланың әкесі бұл салада жүргеніне 16 болғанын айтады. Сондықтан, ол серіктестік директорының бұл сыйлығын айрықша толқыныспен қабыл алыпты:
«16 жыл бойы «совхоздың» үйінде тұрып келемін. Өз үйім болған емес. Бүгін, міне, баршамызға тұрғын үй кілтін тарту кетіп, зор қуаныш сыйлап жатыр екен. Өте қуаныштымыз. Бұл – еңбегіміздің еленгені. Отбасымызда немерелеріммен, ұлым және келініммен қосқанда тоғыз жан бар. Ұлым да осы салада жұмыс істейді. Сол себепті, бұл кісіге алғыстан басқа айтарым жоқ», -дейді қуанышын жасыра алмаған отағасы.
Мұқтар Дүмшебаевтың айтуынша, баспана нағыз мұқтаж отбасыларға беріліп отыр. Екі көпбалалы және үшінші топ мүгедектігі бар бір отбасына, сонымен бірге өзге де басында өз үйі жоқ жеті отбасыға кілт табысталған.
Қызметкерлеріне тұрғын үй сыйлаған Жандос Әбдіжаппаровтың айтуынша, осы арқылы ол ауыл тұрғындарының жағдайын жақсартуға үлес қосқысы келеді. Мал шаруашылығымен айналысудың машақаты мен бейнетін жақсы білетін кәсіпкер ел жағдайын жақсартуды ауылдан бастау керектігіне сенімді. Сондықтан, ол «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық акциясына қатысып, ауылдастарына осындай «тосынсый» жасауды ұйғарыпты.
«Осыдан 3 жыл бұрын 7 баспананың кілтін ауыл тұрғындарына табыстаған болатынбыз. Міне, енді тағы бір қуанышты жағдай болып жатыр. Мен Тәуелсіздік құрдасы әрі, елімнің патриоты ретінде ауылымның көркейюіне титтей де болса, үлесімді қосқым келеді. Жақсылық жасау жаныма қуаныш сыйлайды», — дейді жомарт азамат.
Жастайынан төрт түлік малға жақын болып өскен кәсіпкер аталған агрофирманы 2015 жылы құрған. Осы уақыт ішінде саланың «отымен кіріп, күлімен шыққан» ол қазіргі таңда бас-аяғы 70 тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Мал тұқымын көбейту мен асылдандыру бағытында дамып отырған серіктестік болашақта өз аясын кеңейтуді жоспарлап отыр.
Айта кетерлік жайт, Алматы облысы бойынша аталған «Қайырымды істер марафоны» шеңберінде 600 астам іс-шара ұйымдастырылған. Жандос Әбдіжаппаров сынды жомарт азаматтардың қатысуымен жүзеге асатын бұл шара ары қарай да өз жалғасын таппақ.
Айтолкын КУЗЕРБАЕВА, Алматинская область