Исабаев: Материалдық жағдайым өзіме, келіншегіме, немерелеріме жетеді

Фото: Gov.kz

Жетісу облысы. 28 қыркүйек. /Айтолқын Адырбай/ QOGAM-MEDIA.KZ- Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев өңір тұрғындарымен кездесу барысында шенеуніктерден есеп беру кезінде жалған ақпарат мен өтірік цифрларға жоламауды талап етті. Сонымен бірге ол өзінің ешкімге тәуелді еместігін, сондықтан ащы сөйлеуден тартынбайтынын жеткізді.

Облыс әкімі Ақсу тұрғындарымен кездесу кезінде былтырдан бері біршама жұмыстар атқарылғанын, десе де кей кезде шенеуніктерден жалған есептер келіп түсетінін жасырмады. Сөзінше облыстық коллегияда колледж басшылары түлектердің жұмыспен қамтылуы бойынша жалған ақпарат берген.

«Облыстық коллегияда мүйізі қарағайдай үш колледждің басшылары соңғы бес жылда біздің түлектеріміз 100 пайыз жұмысқа орналасқан дейді. Тексеріп қарасақ 30-60 пайыздан аспайды. Колледждің басшыларына қатаң сөгіс бердік. Ондай кісілер ертеңгі күнді ойламайтын адамдар. Үкімет колледждің 100 пайыз шығынын көтеріп  отыр. Әрине жалған ақпарат. Ол кісілердің орнында болсам кетіп қалар едім. Олар отыр. Өтірік, жалған ақпарат берсек елдің көсегесін қалай көгертеміз?» – деді ол.

Сөзінше, мемлекет қаржыландыратын жатақханалардың 70 пайызында балалар тұрып жатыр. Ал 30 пайызында тұрмайды.

«Оған қанша ақша бөлініп отыр. Бухгалтерлеріміздің істеп отыраны анау. Не болады сонда айналайындар?», – дейді Исабаев.

Одан бөлек өз сөзінде өңір басшысы ешкімге тәуелді еместігін, мансап қуатын жаста еместігін айтты.

«Мансап қуып, жасым қырықта болып, қызметім өседі, министр болам деген ой менде жоқ. Алпыстан асқан азаматпын.  Мақсатым – елге, жерге адал қызмет ету. Екі үш жыл ішінде Жетісудің экономикасын көтеру. Халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту. Бітті. Ұзақ жылдар кеденде жұмыс істеген, елші болып еңбек еткен адаммын. Менің материалдық жағдайым өзіме келіншегіне, немерелеріме жетеді. Қалған өмірімді мемлекеттік қызметке арнаған адаммын. Сондықтан, мен ащы сөйлеймін, өйткені тәуелді емеспін. Сөйлегенде менің кол аяғымды ешкім матай алмайды», – деп ескертті ол.

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.