Несие, бөліп төлеу, ломбард: еліміздің ата-аналары мектепке қалай дайындалуда?

Фото: Zakon.kz

Биыл мектеп киімдерінің бағасы кемінде 15-20 пайызға қымбаттаған. Бұл туралы балаларын мектепке дайындап жүрген ата-аналар мен сатушылар айтуда. Ал Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері бір баланы мектепке әзірлеу үшін орташа алғанда 40 мың теңге жеткілікті деп отыр. Бұл сома расымен жете ме? Qogam-media.kz тілшілері бірнеше өңірдегі мектепке дайындық қалай өтіп жатқанын анықтап көрді.

Қалтаға түсетін салмақ қашан жеңілдейді?

Оқу жылының басталуына бір аптадан аз уақыт қалды. Ата-аналардың көпшілігі мектепке дайындалып үлгерді. Биыл жылына бір рет берілетін материалдық көмек сомасы 40 567 теңге көлемінде белгіленді. Үкіметтің №64 Қаулысына сай, алдағы оқу жылы қарсаңында 400 мыңнан астам балаға мектепке дайындалуға, яғни мектеп формасы мен қажет керек-жарақтарды алуға ақшалай көмек берілуге тиіс. Десе де, бұл сома жеткілікті ме?

Бұл сұраққа жауап беру үшін мынаған назар аударсақ: былтыр тиісті санаттағы әр оқушыға берілетін сома — 37 389 мың теңгеге тең болған. Биылғыдан 3000 теңгеге кем. Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сай, былтырғы жылдың шілде айымен салыстырғанда кеңсе тауарларының бағасы 67,7%-ға өскен. Оның ішінде дәптерлер — 77,2%-ға, қаламдар 38,6%-ға; түрлі-түсті қарындаш – 41,9%-ға; сурет альбомдары — 44,1%-ға қымбаттаған.  Жылдық көрсеткіштегі инфляция деңгейі шілде айы бойынша 14%-ға артқан. Ал көмек мөлшерінің ұлғаюы он пайызға да жетпейді. Бұл салыстырмалы статистикадан ата-аналар көңіл-күйін анық аңғаруға болады.

Өткен аптадағы үкімет отырысында Премьер-министр Алихан Смайылов мектеп формасы мен керек-жараққа бағаны реттеуді тапсырған болатын. Осыған орай еліміздің әр өңірінде жәрмеңкелер жұмыс істеп тұрғаны да рас. Мәселен, Алматыда мектеп тауарларын сататын кәсіпкерге сауда орны тегін беріледі, есесіне ол жәрмеңкедегі бағаны нарықтағы бағадан 15%-ға төмендетуге міндеттеледі.

«Жәрмеңке қаланың 7 ауданында өтеді. Кей жәрмеңкелер шілде айының соңынан басталып, кейбірі бірінші қазанға дейін жалғасады. Бұл шаралар бағаны арзандату үшін жасалып отыр», — дейді Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Нұрқасымов.

Өкінішке орай, ол ата-аналарға артылған салмақты жеңілдетіп отыр деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Себебі «Көк базар» маңындағы жәрмеңкеде сауда жасап жүрген екі баланың анасы Айдана Нұрмағанбет мектепке дайындықты екі ай бұрын бастаса да, ақшасын жеткізе алмай жүргенін ашып айтты. Айтуынша, жеңілдікті санатқа жатпайды, сондықтан, мемлекеттен еш  көмек алмайды. Күнкөріс пен несиеге де ай сайын ақша керек, дейді ол.

«Екі балам мектепке барады. Тұңғыш қызым бесінші сыныпта, екіншісі үшінші сыныпқа көшті. Кенжеміз мектеп табалдырығын биыл аттайды.  Қыздарым бірінің киімін бірі киеді. Екінші қызым үлкенімнің жейделерін, белдемшелерін кие салады. Барлық күшті бірінші сыныпқа баратын Нұрсұлтанға салып отырмыз. Мен дүкенде сатушымын, жолдасым – күзетші. Ортақ табысымыз – 250 мың теңге», — дейді ана.

Өзгенің қаңсығы бізге таңсық па, әлде мәселе сапада ма?

Қызылорда да 5-30 тамыз аралығында дәл осындай жәрмеңкелер өтіп жатыр.  Алайда бір өкініштісі, сатып алушылардың қарасы аз. Ата-аналар жәрмеңкеге қойылған жергілікті кәсіпкерлер тігетін мектеп формасына күмәнмен қарайды. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Азамат Каюповтың сөзінше, жергілікті тауарлар арзан болса да, халық әдеттегідей шеттен әкелінген тауарларға жүгіреді. Бірақ ол отандық кәсіпкерлер ұсынған тауарлардың да сапасы жақсы деп сендірді.

«Мұнда қойылған киімдердің сәйкестендіру сертификаты бар. Яғни, тігу кезінде жабдықтар, үлгілер, мата құрамы, сапасы тексерілген деген сөз. Бастысы мата сапасы мен бағасы. Біздегі тігін цехтарының бірі 8 мың киім топтамасын, екіншісі 2 мың топтама әкелді», — дейді ол.

Мұндай жәрмеңкелерден жейделерді 2-5 мың теңгеден, мектеп формасының топтамасын – 3500 теңгеден бастап алуға болады. Десе де, тілшіміздің байқағанындай, матаның сапалы емес екені көзге ұрып тұрды. Ал Қызылорда базарларындағы өнімдердің 93 пайызы Қырғызстан, Қытай, Ресей мен Түркиядан әкелінген. Қазақстандық фирмалар тіккен киім-кешек жалпы тауарлардың 7 пайызын ғана құрайды.

Өңірлердегі ата-аналар не дейді?

Осы мақаланы жазу барысында бірнеше өңірдегі тілшілеріміз базар аралап, халықпен тілдесіп көрді. Салыстырмалы түрде алғанда, тұтас ел аумағындағы тауарлар бағасынан айтарлықтай айырмашылық көрмедік. Мәселен,  тұтас алғанда Алматы, Ақтөбе, Қостанайда бір баланы мектепке толық дайындау үшін 100 мыңның арғы-бергі жағындағы қаражат қажет. Бұл орташа сападағы, табысы орташа отбасылар алатын мектеп формасы, аяқ-киімін, сөмкесі, керек-жарақтарын қосқандағы сома.

Алматы

«Бір ғана ұлға екі шалбарды – 12 000 мың теңгеден 24 мыңға, жакетін – 16 мыңға, жейдесін 7 мыңнан екеу алдық. Аяқ-киімді арзанын ала тұрдық. 12 мыңға шықты. Жылы жемпір – 11 мың. Спорттық киім – 12 мың.  Сонымен тек киімге 78 мың кетті», — дейді алматылық Дана.

Одан бөлек, бірінші сынып оқушысына арналған сөмкенің ең арзаны – 8 мың, керек-жарақтар – 12 мыңға шыққан. Жалпы алғанда, бір оқушыны толық киіндіру үшін 100 мыңға жуық қаражат кеткен.

Қостанай

Қостанайда да жағдай осыған ұқсас, бірінші сынып оқушысына арналған сөмке 8 мыңнан басталып, ер балаларға арналған костюм 20-30 мың теңге аралығында. Аяқ-киім де Алматымен шамалас: ең арзан дегені – 13 мың теңгеден жоғары.

Павлодар

Ал павлодарлық 10 ата-ана қатысқан сауалнамадан ұққанымыз: әр ата-ана қалтасына қарай бір баласын 80-120 мың теңге аралығындағы сомаға мектепке сақадай сай ете алады.

«Тұтас алғанда 88500 теңге жұмсадық. Тізім бойынша канцелярлық тауарларға – 16000 теңге, туфли – 8000, спорттық аяқ-киім – 11000, екі жейде 5000 мыңнан, белдемше – 7000, шалбар – 10000, сарафан – 8000, 1500 теңгеден 3 аяқ-киім, спорттық костюм – 12000, 1000 теңгеден екі қысқа жейде», — дейді ол.

Қызылорда

Қызылордада орташа деңгейдегі мектеп формасы 5000-7000 теңгеге тең. Сапасы бұдан гөрі жоғары формалардың құны 9000 теңгеден басталады. Мәселен, жақында Түркиядан Қазақстанға көшіп келген жерлесіміз бір баласын киіндіру үшін 300 мың теңге жұмсаған.

Ақтөбе

Үш баланың анасы 39 жастағы Элмира Ержанованың сөзінше, Ақтөбеде әр балаға 100 мың теңге қажет. Ұл балаларға арналған шалбар 10-12 мың теңге, кеңсе тауарларына тағы 10-12 мың теңге, жемпір – 10 мың теңге, жейделер – 5-6 мың теңге кетеді, дейді ол.

«Ең арзанын алар болсақ, шамамен 60-70 мың теңгеге алуға болар еді, бірақ сапасы да соншалықты нашар болады», — дейді ол.

Солтүстік-Қазақстан облысы

СҚО-дағы тілшіміздің берген ақпаратына сай, өңірде биыл кеңсе тауарларына өзге өңірлерден қымбатырақ. Мәселен, басқа облыстарда 12 беттік 1 дәптердің құны орташа алғанда 30 теңге болса, СҚО-да 45 теңгеден. Десе де, мұнда ата-аналардың көбі интернет арқылы сатып алуға көшкен. Осы арқылы анағұрлым үнемдеуге болады, деп есептейді ата-аналар. Солардың бірі —  Анар Баймолдина. Оған қоса, биыл жилет, эмблема сынды бірқатар атрибуттарға қатысты талап өзгеріп, ата-аналардың да ақшасы қалтасында қалатын болған.

«Қара шалбар, белдемшелер шамамен 7 мың теңге болды, көйлекті интернет-дүкеннен 2- ақ мыңға алдық, олар базарда 8-15 мың тұратын. Осылайша мектеп формасына орташа есептегенде 25 мың теңге кетті. Кәдімгі дәптерлер бізде 45 теңгеден, ал қалың дәптерлер 180 теңгеден басталады», — дейді ол.

Төрт баланың анасы былтырғы жылмен салыстырғанда баға өскенін, сол себепті ғаламтордан киім алуға кеңес беретінін айтты.

Батыс Қазақстан облысы

Білім басқармасының деректері бойынша, алдағы оқу жылында мектепке 121 мың оқушы мектептерде білім алады. Облыста 6 744 оқушыға 40 567 теңге көлеміндегі материалдық көмек берілген.

«Көмектің жалпы сомасы 224,8 млн теңгеге тең», — деп хабарлады БҚО білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева. Өңірдегі тілшіміздің ақпаратына сай, ата-аналардың көбі мектеп керек-жарақтары мен киім-кешектің қымбаттығынан оқу жылының бірінші айына ғана жететін тауар сатып алады екен. Өңірде сапалы аяқ-киімнің бағасы 30 мыңға дейін жетеді. Сол себепті оқушылар сапасы орта деңгейдегі аяқ киім алуға мәжбүр.

«Біз биыл мектеп бітіреміз. Шалбар, кардиган, поло мен аяқ киім ғана алдық. Осыған тұп-тура 100 мың теңге кетті. Әлі спорт киімін, жылы киімдер алуымыз керек», — дейді Qogam-media.kz сауалнамасына жауап берген Юлия есімді тұрғын.

Базарларда арзан «қытай» өнімдеріне деген сұраныс артып тұр. Олардың бағасы 8 мың теңгеден басталады.

«Үлкен ұлыма костюмді 55 мыңға, көйлегін 12 мыңға, туфлиін 34 мың теңгеге алдым»,  — дейді тағы бір ана.

Ал кеңсе тауарларын кем дегенде 50 мың теңгеге толық алуға болады, дейді ол.

Мұнда 12 түсті қарындаш – 1200 теңге, қаламдар – 60-200 теңге аралығы, күнделіктер 400-700 теңгеге дейін. Одан бөлек, бояулар, қайшылар, ермексаздар, сурет дәптерлерінің бағасы мың теңгеден кем емес.

«Несие мен бөліп төлеу аман болсын»

Биыл базардағы саудагерлер де бағаның қымбаттағанын айтады. Мәселен Қытай мен Түркиядан киім-кешек, керек-жараққа тапсырыс беріп, ата-аналарға арзан бағада сататын саудагер Айнагүл Қуанышқызының сөзінше, әсіресе, киім 15-20 пайызға қымбаттаған.

«Былтыр ата-аналардан түсетін тапсырыс екі есе көп болды, шыны керек. Биыл сауда қызып тұрған жоқ. Дәптер былтыр 20 теңгеден болса, жыл бойы өсіп-өсіп – 30 теңгеге жетті. Қарындаштарың  — 500 теңгеден, қаламсаптың ең арзаны — 150 теңге. Әр ата-ана бір балаға 11-12 мың ғана қалам-дәптерге жұмсап отыр. Қытайдан тікелей тапсырыс беремін. Биыл киім 15-20 пайызға қымбаттады. Баға өсті деп жатыр, өскен жоқ, ұшты ғой. Бөліп төлеуді ашып қойған. Сол аман болсын», — дейді ол.

Бүгінде банктер де халықтың тұрмыс-тіршілігіне сай бейімделген өнім ұсынатын болған. Ата-аналар үшін осындай науқан кезінде киімді несиеге не бөліп төлеуге алу – қосымша көмек болса, қаржы ұйымдары үшін бұл қыруар пайда көзі. Халық қарыздан көз аша алмай жүр.

«Бүгін таңнан бері ұл балалардың 12 костюмін банктен бөліп төлеу арқылы саттым. Сатып алушылар көп, бірақ үшеуі ғана ақшалай есеп айырысты», — дейді тағы бір қызылордалық сатушы.

Одан бөлек, әр базардың маңында самсап тұрған ломбардтардың жұмысы да қызып тұр. Мысалы үшін, Қызылорда базары маңында бір емес бірден 9 ломбард орын тепкен. Онда келушілердің бірі, үш баланың анасы мектепке балаларын әзірлеу үшін бірнеше алтын жүзігін өткізгенін жасырмады.

«Мектеп басталуға аз қалды. Күйеуім екеуіміздің жалақымыз жетпейді. Сондықтан осында келуге мәжбүрмін», — дейді ана.

Осылайша, қазақстандық ата-аналар мектепке дайындық науқанынан әупірімдеп өтуде. Әркім баласын қалтасына, жағдайына сәйкес, қатарынан қалдырмауға ұмтылады. Бала – болашағымыз. Біздікі — мемлекет елдегі әр балаға қамқорлық танытса деген ниет қана…

Айтолқын Адырбай, Мира Жакибаева, Алла Злобина, Ксения Кожабаева, Айгуль Куандык, Станислав Манаков, Павел Притолюк

Qogam-media.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.