Алматы. 17 шілде. /Айтолқын Адырбай / QOGAM-MEDIA.KZ — 13 шілдеден бастап ЖОО-ның білім беру грантынан үміткер қазақстандық абитуриенттер үшін құжат тапсыру басталды. Науқан бір аптаға, яғни 20 шілдеге дейін жалғаспақ. Осы орайда Қазақстан профориентологтары қауымдастығының төрайымы Жадыра Тойбай еліміздегі кадр тапшылығы, мамандық таңдаудың маңызы және мемлекеттік гранттар қалай игерілетіні туралы айтып берді.
Биыл еліміздің ЖОО-на бөлінген білім беру гранттарының саны ауыз толтырып айтарлықтай ұлғайды. 2023-2024 оқу жылына 88 мың грант бөлінген. Бұл көрсеткіш былтыр 73 мыңға тең болса, он жыл бұрын, яғни 2013 жылы мемлекеттік білім беру гранттарының саны 35 053 болған. Биыл басты назар — техникалық мамандықтарда. Testcenter.kz ұсынған ақпаратқа сай, педагогика (12 560), инженерлік және өңдеу, құрылыс салаларына (18 744), ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (10 103) мен жаратылыстану ғылымдары мен математикаға (7388) анағұрлым көп грант бөлініп отыр. Десе де, белгілі бір салалардағы кадр тапшылығын шешуге білім беру гранттарының санын арттыру сеп бола ала ма? Профориентолог Жадыра Тойбайдың сөзінше, гранттарды арттыру мәселені шешудің бір ғана жағы.
«Дүниеде екі нәрседе адам адаспау керек деп жатамыз. Оның бірі — жар таңдау болса, екіншісі — мамандық таңдау. Абитуриентттер мамандық таңдау процесіне келген кезде қатты қиналады. Яғни, саналы түрде таңдау жасау көп балада жоқ. Қай салада грант көп, көбіне соға түсе салады. ЖОО-ның басты проблемаларының бірі осыған келіп тіреледі. Бірінші курста студенттерді қабылдау проблема емес. Нағыз проблема — екінші курста студенттерді ары қарай ұстап қалу. Себебі екінші курста студенттер қай сала өзіне сай келетінін түсініп, оқуды тастап кетіп жатады. Төрт жыл оқып, бітіретіндер де баршылық. Төрт жыл деген үлкен, қайтып келмейтін уақыт. Өкініштісі, бітіргеннен кейін ары қарай сол сала бойынша еңбек етпейді. Гранттар белгілі бір саланың дамуы үшін жақсы мамандарды даярлау үшін бөлінеді. Нәтижесінде ондай мамандар келмегендіктен, сала бізде ақсай береді. Қоғамда дипломы бар, жұмысы жоқ жас мамандардың көбейіп кетуі де осы себептен», — дейді ол.
Ата-аналардың бала қалауын ескермей, тегін оқуды ғана көздеуі – проблеманы ушықтырады, дейді Жадыра Тойбай. Одан бөлек, жарнамасы көп мамандықтар да абитуриентті адастыруы бек мүмкін.
«Мамандық таңдауға әсер ететін көптеген фактор бар. Соның ішінде негізгісі — ата-анасының ықпалы. Мамандық емес, «мамамдық» деп қалжыңдап жатады, яғни анасының таңдап берген мамандығы. Ата-аналар баласына өзінің қолы жетпеген мамандықтарды тықпалайды. Бұның зардабын әлі қаншама жыл тартамыз. Мамандықты баланың психологиялық портретіне, қалауына сай таңдаған жөн. Екіншісі – жарнама. Шектен тыс жарнамаланып тастаған мамандықтарға көзді жұмып бара салмау керек», — дейді ол.
2000 жылдар абитуриенттер арасында жаппай сұранысқа ие болған «экономист», «заңгер», «менеджмент» мамандықтарының дәуірі әлі де жүріп тұр, дейді маман. Десе де, техникалық сала, әсіресе инженерлікке, IT-саласына, құрылыс жобалаушы мамандары да биыл сұраныс артыпты. Сондай-ақ педагогикалық мамандықтарға қызығушылық артқан.
«Қазіргі балалардың көзі ашық, көп зерттейді. Биыл байқағаным — түлектердің көбі медицина, білім беру саласына кетіп жатыр, энергетиктерге, ұшу аппараттарын басқару, ұшақтарды құрастыру секілді мамандықтарға барып жатыр. Менеджмент, сату менеджерлері, маркетинг, жарнама салалары да сұраныста», — деп бөлісті ол.
Айтуынша, техникалық салада кадр тапшылығы әлі де жоғары. Оның ішінде машина құрастыру, инженерлер, машина басқарушылар, жалпы осы салада мамандар аз. Оған қоса, ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, орман шаруашылығы, ветеринария салаларында да тапшылық көзге ұрып тұр, дейді Тойбай.
«Тапшылық бар болғандықтан гранттар саны да көп. Бір өкініштісі, бұл гранттардың барлығы жаппай игерілгенімен, ары қарай аталған салаларда жұмыс істеп кететін кадрлар аз. Бұл тұрғыда жүйелі түрде жұмыс істеу керек. Сол мамандықтың мәнін түсіндіріп, баланың қызығушылығын арттыру керек. Тиісті білім беру керек. Қызығушылықпен барған бала ары қарай жұмыс істеп кетеді», — дейді ол.
Профориентолог маманның айтуынша, грант аз болса да, өзі таңдаған салаға ақылы түрде түсетін, ары қарай дамып, магистратура, докторантураға түсуді көздейтін жас мамандар көбейіп келеді.
«Әр адамның психологиялық портретін неге есепке алу керек? Біріміз жуаспыз, біріміз пысықпыз, экстраверпіз, интровертпіз, интуитпіз, сенсорикпіз. Соның барлығын анықтап, психологиялық портреті мен қабілеттерін анықтап, соған сай мамандық таңдау – ең дұрыс жол», — деді ол.