«Мардымсыз жалақы, құқықтардың сақталмауы»: ALACEM зауытының жұмысшылары неге наразы?

17 шілде. /Айтолқын Адырбай/ QOGAM-MEDIA.KZ – Жетісу облысындағы бірнеше өңірді цементпен қамтамасыз етіп отырған ALACEM цемент зауытынан маза кетті. Оған себеп – жұмысшылардың бас көтеруі. Жұмысшылар басшылықтан не талап етіп отыр? Басшылықтың айтар уәжі қандай? Жайттың мән-жайын QOGAM-MEDIA.KZ тілшісі материалынан біле аласыздар.

Өткен аптада ALACEM зауытының жұмысшылары әлеуметтік желілерге зауыт басшылығының жұмысына риза емес екенін айтып, бейнеүндеу жолдады. Бейнеүндеу арқылы олар құзырлы органдардан көмек сұрап, зауытқа тексеріс жүргізіп, жұмысшылардың еңбек жағдайын саралауды өтінген.

«Қымбатшылықтың шарықтауы, кез келген тұтыну бағаларының еселеп өсуі, күнкөріс жағдайларының нашарлауы осы арызды жазуға себеп болды. Ашылғанына талай жыл болған, екі өңірді, тіпті республиканы өніммен 24 сағат бойы цементпен қамтамасыз етіп отырған цемент зауытындағы жалақы ашылғалы бері өспеген. Ең төменгі айлықты ел азаматтары ғана алады. Қытайдан келген азаматтар 1 млн теңге көлемінде жалақы алып жатқанда, біздің жұмысшылар мардымсыз 120-200 мың теңге шамасында аралығында жалақы алады», — дейді Құрманбаев Серік есімді жұмысшы.

Сөзінше, жұмыстың зияндылығына үстемақы төленбейді, жылына бір санаторийге жіберуді мүлдем жоқ.

Басшылықтың әрекетіне наразы болған жұмысшылар жұмыстың қауіптілігін ескеріп, жалақыны 700 мыңға дейін көтеруді, жұмысшылар құқығын қорғайтын кәсіподақ құруды, әр жұмысшының тек өз міндетін атқаруын қамтамасыз етіп, бас көтерген жұмысшылардың қудаламауды талап етуде.

Алайда зауыт басшылығы жұмысшылардан тікелей арыз-шағым болмады деп сендіріп отыр.

«Кәсіпорында арнайы ұжымдық ережелер бар. Соған сай зауыт қызметкерлері болсын, өзге де ұйымдар болсын зауыт басшылығының атына хат түрінде өтініш жазуы керек. Одан соң аталған мәселелер 10 күннің ішінде көзбе-көз шешіліп, шешім шығарылып, хаттама толтырылуы керек. Бүгінгі таңда мұндай арыздар басшылық атына келіп түскен жоқ», — делінген зауыттың түсіндірмесінде.

Кербұлақ ауданының әкімдігі болса, 2023 жылдың 11 шілдесінде аудан әкімі Есболатов Қанат зауыт жұмысшылармен кездесіп, мән-жаймен танысқанын мәлім етті.

Айта керу керек, Кербұлақ ауданындағы «Алацем» ЖШС-і штатында 274 азамат, одан бөлек 57 резидент емес тұлағалар мен тағы 200 штаттан тыс жұмысшы еңбек етеді. Штаттағы жұмысшылардың орташа жалақы мөлшері 219 мың теңгені құрайды (160 000-350 000 теңге аралығы). Резидент емес тұлғалар түрлі өндірістік цехтердің инженерлері қызметін атқарады.

Наразылықтың соңы қандай құзіретті тұлғалар тарапынан қандай шешімге алып келетінін әзірге белгісіз. Дегенмен бұл мәселе біздің редакцияның назарында болады.

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.