Шотландияда жұмыс істеген қазақ жігіті: «Онда бос жер қалдырмай, өңдейді»

Бүгінде елімізде табыс табу үшін шетел асып, бөтен елде қара жұмыс істеп жүргендер аз емес. Әсіресе, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Польшаға баратындар баршылық. Бұл ретте Шотландияда көкөніс пен жеміс фермаларында еңбек етіп, тер төгіп жүрген қазақтың бірі Қуаныш Сәркен ондағы ауыл шаруашылығы туралы аз-кем ақпаратты бөлісті, деп хабарлайды Аgroqogam.kz.

Шетелде табыс табу – қазақ жастарының көбі бас қатырып жүрген тақырып. Әсіресе шекара асып, «батпан құйрыққа» кенеле қалам деген ниетте жүргендердің көбі аз жұмыс істеп, тез байып кету шетелде де оңай емес екенін білмейтін секілді. Ал Шотландияда жұмыс істеп келген Қуаныш болса, кез келген жетістіктің артында қыруар тер, еңбек жатқанын жақсы ұғынған. Неғұрлым көп еңбектенсең, соғұрлым жақсы ақша табуға мүмкіндік бар дейді ол.

Ақтаулық Қуаныштың негізгі мамандығы — мұнай-газ ісі. Оқуды аяқтап, Батыс Қазақстан облысында мамандығы  бойынша бір жобада жұмыс істепті. Алайда кейіннен жұмыстан қысқарып, жұмыссыз қалған соң, шетелге барып, жұмыс істеуге ұйғарған екен. Ондағы жұмыс туралы танысынан естіпті.

«Мен ол кезде өз бетіммен баруға болатынын білген жоқпын. Шетелге жұмысқа орналасуға көмектесемін деген адамдарға 500 мың теңге бердім. Сөйтіп Шотландияға бардым. Еш қиындығы жоқ екен. Жұмыс беруші адамдармен екі рет сұхбат болды. Онда бізге не істейміз, айлық қалай төленеді, бәрін түсіндірді», — дейді ол.

Ақтаулық азамат Шотландиядағы фермада брокколи терумен айналысқан. Маусымдық қара жұмыстың ақысы сағатына есептеліп, аптасына бір рет төленеді екен. Брокколиді аптасына алты күн болса, күніне шамамен 8-9 сағат жұмыс істедік, дейді ақтаулық. Ең кемі бір аптада 342 фунт жалақы (ред. — шамамен 195 000 теңге) алып отырған.

Жұмысшылар керуен деп аталатын шағын үйлерде тұрған, ал азық-түлік сатып алуға ферма арнайы уақыт бөліп, аптасына екі мәрте дүкенге сапар ұйымдастырылып отырады. Азық-түлік бағасы Қазақстанмен бірдей, кей өнімдер тіпті арзан.

«Орташа есеппен азық-түлікке аптасына 25 фунт жұмсаймыз (ред. — шамамен 15 000 теңге)», — деді ол.

Қуаныштың сөзінше жатын орын, азық-түлік және өзге шығындарды қосқанда айына 1 млн теңгеге жуық ақша табуға болады. Шығын 300-400 мың теңгені құрайды.

Айтуынша, Шотландияда ауылшаруашылығы саласындағы жұмыстың қызатын уақыты — мамыр-қазан айларының аралығы. Ол өзі тамыз айында барғандықтан фермада біраз уақыт қана жұмыс істегенін айтады.

«Тамыз айында бардық, екі жарым айда жұмыс бітіп қалды, негізі мені апарған компания басқа фермадан әрі қарай жұмыс тауып беруі керек еді. Бірақ олай болмай шықты. Кейін Лондонда түрлі жұмыс істеп, ақпан айында елге қайттым», — дейді ол.

Шотландияда түрлі ауылшаруашылық фермалары жұмыс ұсынады екен. Оның ішінде құлпынай, салат, алма, алмұрт, шие, гүл, саңырауқұлақ, картоп, пияз, қызанақ фермаларында жұмыс қызып тұр.

Қазіргі таңда қара жұмыс істеп жүргендер қатарында қазақстандықтардан бөлек, Өзбекстан, Қырғызстан, Литва азаматтары, сондай-ақ украиналықтар бар екенін айтады.

Қуаныштың сөзінше, оны әсіресе жергілікті халықтың бос жер қалдырмай өңдейтіні, технологиясының дамып кеткені таңғалдырған. Әр метр жердің игілікке пайдаланылуы үлгі аларлық іс, дейді ол.

Бұл жағынан мұндағы ауыл шаруашылығы саласы біздікінен көш ілгері тұр, деп әсерін бөлісті ол.

Айтолқын Адырбай,

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.