Үкімет сағатында бүгін агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды. Жиында сөз алған «Ет өңдеу кәсіпорындарының қауымдастығы» ЗТБ төрағасы, «Кублей» консерві зауытының директоры Талғат Берекешев аталған саладағы бірқатар проблеманы тізіп шықты, деп хабарлайды Аgroqogam.kz.
Берекешевтің айтуынша, ет саласы отандық өнімдерді шетел нарығына шығару бойынша бірқатар проблеманы бастан кешіріп отыр. Оның бірден-бір себебі ет бойынша халықаралық деңгейде ұсыныс жасайтын «Халықаралық эпизоотикалық бюро» Қазақстанды аусыл ауруынан ада елдер қатарына қоспауы.
«Бірінші проблема – елде малды мал сою орындары мен алаңдарында жүзеге асырады. Мал соятын орындарда крематорлар ұстау және тұтынуға жарамсыз қалдықтар мен сүйектерді өңдеу тиімді емес, өйткені мал сою алаңдарына малдың аз түсуіне байланысты бұл экономикалық тұрғыдан кіріс әкелмейді. Сондықтан қалдықтар қоқысқа тасталады, ол жерден аң-құстар алып кетіп түрлі мал инфекциясын бүкіл Қазақстан бойынша тарата бастайды», — деді Берекешев.
Сонымен қатар Талғат Берекешев Ресей 2022 жылы өзінің ет өңдеушілерін қолдау мақсатында 200 мың тонна, 2023 жылы 100 мың тонна ірі қара мал етін баж салығынсыз кіргізуге рұқсат бергенін еске салды. Мұның арты Қазақстан нарығы көрші елдердің арзан өнімдеріне толып, отандық қайта өңдеу бағытына кері әсерін тигізуде, дейді ол.
«Қазақстан ЕАЭО құрамында болғандықтан және Ресейден ет пен дайын өнімдерді баж салығынсыз әкелу мүмкіндігі қарастырылмағандықтан, Қазақстан нарығы көрші елдердің арзан өнімдеріне толып, отандық қайта өңдеу бағыты мемлекеттік қолдаусыз құлдырауда», — деп ашық айтты ол.
Сонымен бірге ет өңдеу саласының маманы қайта өңдеушілерге арналған жеңілдіктерді алып тастау да проблема үстіне проблема жамайтынын жеткізді.
«Қазір қарастырылып жатқан үшінші мәселе – Салық кодексінің 411-бабында қарастырылған ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеушілерге берілген жеңілдіктерді алып тастау мәселесі қаралуда. Ет шаруашылығымен айналысатын шаруаларымыз өз өнімдерін сату кезінде көбіне ҚҚС төлеуден босатылады. Салық кодексінің 411-бабының күші жойылса, ҚҚС төлеу бойынша бүкіл ауыртпалық ет өңдеушіге түседі. Дүниежүзінде 137 мемлекет қосылған құн салығын төлеу әдісін қолданады, оның ішінде 125 мемлекетте ҚҚС төлемін бөлек өтеу қарастырылған. Яғни, фермер де 4 пайыз төлейді, өңдеуші де 4 пайыз төлейді, бөлшек сауда желісі де өнімді сатқан кезде 4 пайыз — барлығы 12 пайыз мөлшерінде төлейді. Бұл шоғырланған салық төлемі деп аталады», — деді ол.
Сөзінше, ауыл шаруашылығы министрлігінің қолданыстағы ережелеріндегі мемлекеттік қолдау Ауыл шаруашылығы министрлігі ережелерінің талабы өте жоғары болғандықтан, отандық ет өңдеушілерге қолжетімді емес.
Спикер аталған мәселелерді шешу бойынша «Сиыр етін жинаудың өзіндік құнын төмендету» бағыты бойынша субсидия алуға үміткер кәсіпорындардың қуаттылығына байланысты талапты тәулігіне 100 басқа дейін төмендетуді, «Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеушілер туралы» Салық кодексінің 411-бабында көзделген жеңілдіктерді қалдыру туралы өз өтінішін жеткізді.
Айтолқын Адырбай,
Agroqogam.kz