Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің бірнеше жатақханасы, тәжірибелік жер учаскелері, оқу корпустары түріндені активтері меншік иелеріне заңсыз өтіп кеткен. Дәл осылай мәжілістің бүгінгі пленарлық отырысы кезінде депутат Ерлан Саиров мәлімдеді.
Депутаттың сөзінше, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің бір топ оқытушы ғалымы мәжіліс депутаттарына университеттен заңсыз шыққан активтерді оқу орнына қайтару туралы өтініш жасаған. Оның сөзінше, университеттің жеке меншігі заңды тұлғалардың иелігіне заңсыз өтіп кеткен.
«001-2022 жылдары мың орындық студенттік үш жатақхана, бес оқу-зерттеу корпусы — 18,828 шаршы метр. Әкімшілік шаруашылық ғимараттар және өзге де жылжымайтын мүлік объектілері — 700 шаршы метр, университет ғимараттарына іргелес жер учаскелері — 5 гектар жер. Алматы облысының Талғар және Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан университеттің оқу тәжірибелік шаруашылық жер учаскелері — 12 гектар. Барлығы қолды болып кеткен. Қазақтың жалпақ тілімен айтсақ, университет мүлкінің ту-талақайы шыққан», — деді Ерлан Саиров.
Саировтың айтуынша, университеттің ғимараттарын иеленген заңды тұлғалар оқу корпустарының аумағында бірнеше заңсыз құрылыс объектісін салған. Оқу корпустары ойын-сауық орындарына, бизнес орталықтарына, тіпті қонақүйлерге айналған.
Өз кезегінде депутат бас прокуратурадан заңсыз қолды болған активтерді қайтару комиссиясы аясында аталған ғимараттардың мемлекеттік меншігіне қайтаруын жедел қамтамасыз етіп, аталған жылдары заңбұзушылыққа барған тұлғаларды заң алдында жауапкершілігін анықтауды талап етті.
Айта кетсек, аталған оқу орнын 2001 жылдан 2022 жылға дейін академик, профессор Тілектес Есполов басқарып келген. Ал 2022 жылғы қараша айында оның орнына Ақылбек Күрішбаев келген.
Айтолқын Адырбай,
Agroqogam.kz