Алматы облысында 400 бала көрші ауылға қатынап оқиды

фото: Vox populi

Алматы облысындағы саяжайдан 400 бала көрші ауылға қатынап оқуға мәжбүр. Бұл мәселенің бергі жағы. Көктем, күз маусымдарында балалар тіпті бұл мүмкіндіктен айырылады. Себебі, балаларды таситын автобус ойқы-шойқы жолмен жүре алмай, құмға батып қалады, деп хабарлайды Аgroqogam.kz тілшісі.

Десе де, мәселе қашан шешілетінін облыс әкімі де нақты айта алмайды. Себеп біреу – бұл саяжай елдімекен статусына сай емес, ал саяжайларға статус беру – бір күнде шешілетін нәрсе емес.

Алматы облысының енді Іле ауданына қарасты саяжай тұрғындары өз ренішін білдіруде. Қонаев қаласы халқымен кездесу кезінде облыс әкімі саяжай мәселесін тағы да тыңдауға мәжбүр болды. Жүз мыңдаған халық өңірдің саяжайларын паналап жүргенін ескерсек, қанша бала әлі де жолсыз, сусыз, жарықсыз, бастысы – мектеп пен медициналық пунктсіз отырғанын елестету де қиын. Мұны Сұлтанғазиев те мойындап, әзірге өңірдегі барлық 674 саяжайдың қаншасы елдімекен дәрежесіне өте алатынын нақты айта алмай отыр. Ал бұл уақытта проблема зардабын балалар көріп отыр.

«Жолдың арғы бетіндегі саяжайдан келіп отырмын. Назар аударуларыңызды сұраймыз. Бізде 400 бала Заречный (көрші ауыл – ред.) орта мектебіне барып,  қатынап оқиды. Күзде, көктемде автобустар жүре алмайды, құмға батып, балалар сабаққа бара алмайды. Осы жол проблемасын шешіп беруді сұраймыз. Екінші проблема, саяжайда байланыс жоқ, медициналық көмекке хабарласа алмаймыз, ауыратындар бар. Тіпті толғатып, үйде босанып қалғандар бар. Балалар кешігіп жатса, ата-анасы хабарласа алмай жатады. Одан соң, үшінші мәселе – модульный медпунктке жер бөлінген, салып береміз дегеніне үш жыл болды, бірақ нәтиже жоқ», – деп шағымын жеткізді тұрғын.

Мәселені естіген Сұлтанғазиев әзірге жол проблемасын шешу жолдарын қарастыратынын, алайда саяжайдың статусын ауыстырмай еш жағдай жасай алмайтынын ашық айтты.

«Кезегі келгенде ғана жасаймыз. Талғар, Іле ауданында да осы проблема бар. Қағаз жүзінде елдімекенге айналдыру үшін көп жұмыстар жасау керек. Бұл территория қала ішіне кіреді. Сол кезде жолдар да, бәрі де дұрысталады. Балшыққа батпайтындай, жолды жасап беретіндей сөйлесейін. Әзірге жолды түзетіп берсек, автобус бара алатындай жасап беруіміз керек. Ол жаққа жол түсе ме, түспей ме деген мәселе де әлі белгісіз. Медпункт бәрі сол статусқа байланысты. Сіздікі жеңілдеу болады, себебі бұл саяжай маңын дамыту Қонаев қаласын дамтудың бас жоспарына кіріп тұр», – деп жауап берді облыс басшысы.

Еске салсақ, күні кеше Талғар ауданында 25 саяжайға елдімекен статусын беру қарастырылып жатқаны белгілі болды. Жалпы алғанда өңірде ресми түрде 183 мың адам саяжайда тұрып жатыр. Ал бейресми тұрғын саны бұдан екі есе көп болуы мүмкін екенін әкімнің өзі мойындап отыр. Демек, Алматы облысында 300 мыңға жуық халық инфрақұрылымсыз күн көруде деп топшылауға болады.

Айтолқын Адырбай,

Алматы облысы

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.