Талғар ауданында қоқыс полигоны 5 күннен бері өртеніп жатыр

Талғар ауданында бірнеше ауылдың тұрғындары жалпы аумағы 2 гектар болатын тұрмыстық қалдықтар полигонынан зардап шегіп отыр. 5 күн бұрын өртенген қоқыс үйіндісі әлі бықсып жанып жатыр, деп хабарлайды Аgroqogam.kz тілшісі.

Талғар ауданындағы Ақтас ауылының қасындағы «Жан-Ару» қоқыс полигоны ашылғалы бері осымен 6-ші мәрте өртеніп отыр. Бұл жолы полигон түнгі он бірге таман өртенген. Қоқыстан шыққан ыс  Кеңдала, Ақтас, Ават және Бәйтерек ауылдарына дейін жетіп, тұрғындар жаппай шағымдануда.

Талғар ауданы әкімдігі айналаға тараған улы түтін мен қолқаны қапқан сасық иістен экологияға, экономикаға да айтарлықтай зор зиян келгенін мойындайды. Экологиялық зардабы мол полигонның қожайыны өртті сөндіру бойынша жұмыстарды жүргізбей отыр, дейді әкімдік.

«Алматы облысы сотының шешімі бойынша қоқыс полигонының қызметі тоқтатылды. Полигонның жалпы аумағы 2 гектар, қоқыс 30 метр тереңдікке дейін орналасқан. Бүгінгі таңда 5 мамырдан бастап аудан әкімінің бастамасымен өрт ошағын сөндіру жұмыстары жүргізілуде», — делінген әкімдік хабарламасында.

Өрт сөндіруге 20 бірлік техника жұмылдырылған. Ал полигонның қызметі заңсыз болуы мүмкін.

«Алматы облысының құзырлы органдары тиісті заңнамаға сай келтірілген шығынды өтеу бойынша шараларды қабылдайтын болады», — деп хабарлады әкімдік.

Айтолқын Адырбай,

Алматы облысы,

Аgroqogam.kz.

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.