Ешкі сүтінен қымыран жасаған азамат: ауыл халқы серпіле алмай отыр

«Мал өсірсең – ешкі өсір, өнімі оның көл-көсір». Ата-бабамыздан қалған осы бір өсиет әлде нақыл сөздің құнын қаншалықты ұғынып, қадіріне жетіп отырмыз? Ешкі малынан өнім алу Көксу ауданының тұрғыны, жергілікті мәдениет үйінің директоры Өмірбек Қазыбекұлы бүгінде ерекше кәсіпті дөңгелетіп отыр. Ешкі сүтін өндірумен айналысатын ол бұл салада қордаланған мәселелер, ауыл халқының жағдайы және өз кәсібінің ұңғылы мен шұңғылы туралы баяндап берді.

«Ә дегенде ешкі сүтінің пайдасын халық түсіне қоймады»

Өмірбек Қазыбекұлы туралы әлеуметтік желіден естіп-білдік. Аудан көлемінде ешкі өсіріп, оның басын көбейтіп отырған аптал азамат. Өмірбек ағаның жасы бүгінде алпысқа таяп қалған. Десе де ол әлі де өз арманын жүзеге асыру үшін қолдан келгенін жасап отыр. Ал арманы асқақ. Денсаулыққа пайдасы мол, кішкене балалар үшін таптырмас азық болуға қауқарлы, құрамы бойынша ана сүтін алмастыра алатын ешкі сүтін өндіру. Қытайдан атажұртқа көшіп келгелі небәрі 16-ақ жыл болса да, ол бүтін бір аудан тұрғындарын ешкі сүтімен қамтамасыз етіп отыр.

«2015 жылдан бастап үйдегі жұбайым жұмыссыз болғандықтан, асырап отырған бала-шаға болғандықтан, отбасылық кірісімізді арттыру үшін түрлі идеяларды қарастыра бастадық. Біздің тұратынымыз – шеткері ауылдық жер. Мал шаруашылығымен ғана шұғылданатын ауыл, сол жағдайды негізге алып, ары ойлап, бері ойлап, ешкі бағуды қолға алмақ болдық. Ол кезде сиыр сүті арзан, екінің бірі оны бағып жатыр деп ойладық. Тура сол кезде «Айқын» газетіне шыққан ешкі сүтінің ерекшеліктері, ешкі тұқымын өсірудің жолдары, етінің де сүтінің де дәнекерлегі жайында керемет мақаланы оқыдым. Өзім де сол жылдары асқазан жарасымен ауруханаға түскен едім. Ғылым ешкі сүтінің он түрлі ауруға ем екенін дәлелдеген екен. Мұның бәрін негіз етіп, қиялданып, базардан он бас ешкі текесімен сатып алдым. Оны бағып-қағып, бір жылдан соң шағын кәсіпкерлікке грант ұтып алдым. Ақырындап базарға шығара бастадық», – дейді ол.

Айтуынша, сиыр сүтіне үйреніп алған ауыл халқы бастапқыда ешкі сүтінің құнын түсіне қоймаған. Сонда Өмірбек аға жұбайымен бірге бұл өнімнің пайдасын дәріптей бастапты.

«Ішінде бета казеині мол, ана сүтін алмастыра алатын дүние. Тегінде ғылым да, ата-бабамыз да мойындаған. Ежелден білген қазақ, жетім қалған балаларды ешкі сүтімен азықтандырған. Мұны ғылым да мойындап отыр. 300 теңгеге, арқаға көтеріп жүріп, аралап жүріп саттық, екі жыл сонымен айналыстық», – дейді ол.

Ауыл тұрғыны бұл кәсібін ұлғайтып, ешкі санын да, одан алынатын өнімді де арттыруға мүмкіндік бар екенін жасырмайды. Десе де, ауыл халқына тұсау боп тұрған жайылым мен жер мәселесі Өмірбек ағаның кәсібін де айналып өте қойған жоқ. Шабындықтың болмауынан, мал жаятын жер болмағандықтан ешкі басы 150 бастан ары аспайды, деп қынжылады бастамашыл азамат.

«Ешкі саны әжептәуір өсті. 2016 жылы Көксу ауданының әкімі Тоқпейісов Ғалым есімді кісі менің жұмысымды қолдап, шешімді қабылдап, 300 гектар жайылым беретін болып, шешімін шығарып берді. Сонымен ол шешім шешім күйінде қалды, бәрі беріліп кеткен деді. Жаздық табын бағатын, сауын сиыр бағатын жайылымға қыстырылып жайып малды өсірдік. Өсіріп, 130-140-қа жеткіздік. Бірақ біз оны баға алмадық. Табын жоқ, жаятын жер жоқ, одан қалса шабындық жер болмағандықтан, мал санын азайттық. Жазда 130-140 болса, қыстыгүні 50-60 дейін алып қалып, қалғанын сатып тастап отырмыз. Біреу қолдап кетті деп ата алмаймын», – деп ашығын айтты ол.

«Ешкі сүтінен қымыран жасадым»

Өмірбек Қазыбекұлының сөзінше, ол үш жылдан бері ешкі сүтінен жаңа өнім – қымыран жасап шығарған. Бұл үшін ол түйе және бие сүтін ашытып жасау әдісін қолданады. Ал нақты тәсілін Қытай еліндегі азаматтан сұрап-біліп, қолданып көріпті.

«Тегінде ата-балаларымыз түйенің сүтін қымыран дейді екен. Кейін шұбат деп кеттік. Ал біз осы ата-бабалардың атауын жаңғыртып, тура түйенің шұбатындай, ешкі сүтінен қымыран жасап шықтым. Әдіс амалын сонау Қытай жеріндегі шеберлерден үйреніп отырып жасап шықтық. Соны да сатамын. Бағасы тұрақты – алты жүз теңгеден. Өздері алып кетеді (авт. – тапсырыс берушілер), ауыл тұрғындары сатып алады. Сұраныс бар. Шыққан сүтті солай сатып жасап жатырмыз. Жалпы біз ешкі сүтінен қымыран жасаған тұңғыш адамбыз. Түйенің шұбатын бұрын ежелде ата балаларымыз қымыран деп жасаған екен. Қымыз, шұбат секілді ашытып жасаймыз», – дейді ол.

Өмірбек аға алдағы уақытта күніне орта есеппен 5 литрден кем сүт бермейтін, құны 500 мыңнан кем есес асыл тұқымды ешкі өсіруді қолға алсам дейді. Қолындағы ешкі малының тұқымы араласып кеткендіктен, олардың сапалық көрсеткіштеріне көңіл толмай отыр, дейді азамат.

«Бастапқыда заанен ешкілері болған, кейін альпі ешкілерін алдық. Заанен қысқа төзімсіз болды. Альпі ешкілері қысқа төзімді, таулы жерге, суыққа төзімді жануар екен. Екі тұқым будандасып кетті. Оның төлі мықты, тау-тасқа шыдас беретін ешкі болып шықты. Осы жылы бәрін сатып, бұдан да жақсы тұқымын сатып алмақпыз арнайы фермадан паспорты барын», – деп жоспарын бөлісті көксулық азамат.

«Ауыл халқы серпіле алмай отыр, қарапайым халыққа түк те жоқ»

Айтуынша, бүгінде оның ешкілері тау-тасты, жабайы өсімдігі мол жайылымдарда жүргендіктен, өнімі де табиғи әрі таза. Одан бөлек, аудан, тіпті өңір бойынша саны жағынан ең көп ешкі өсіріп отырған жалғыз осы Өмірбек аға. Соның өзінде кәсібін қолдауға мүмкіндік беретін үкіметтік тетік жоқтың қасы дейді.

«Айта берсек проблемалары көп. Енбек керек, жетілдіру керек. Мал басын 1000-ға дейін сауын ешкіні жеткізуді армандаймын. Сүтінен йогурт өндіріп, балалар ішіетін сүт өнімдіретін кәсіпорын ашуды армандаймын. Бірақ қаражат жоқ. Біздің ауыл – шалғай ауыл. Ұзақ жылға несие алайын десең, кепілге қоятын тұрақты жылжымайтын мүлкіміз – үй. Оны 3 миллионға бағалайды. Соған беретіні миллион теңге. 1 млн теңгемен қалай жұмыс жүргізуге болады? «Қалада үйің болса қой» дейді. Үйіміз жоқ. Агро саласындағы ең басты қиыншылық – осы. Әйтпесе, біздің кез келген ауыл тұрғыны кәсіп жасауға дайын. Несие бөлінеді, бірақ ауыл ұзап, шалғайланған сайын залогқа қоятын үй, қора-жайымызды бағаламайды. Бұл – күрмеуі қиын проблема. Ауыл халқы ешқандай серпіле алмай отыр. Ауылда мақтаған ең керемет үйді 5 миллион теңгеге бағалайды. Оның 46 проценті қанша болады? Сол 2,5 млн-ды екі-үш ай жүгіріп жүріп аласын, оған қандай мал, қандай қора салуға болад?! Шаруа қожалығы болмағаннан кейін бізге субсидия да бөлінбейді, май-шелпектің бәрін кәсіпкерлер, шаруалар алады. Ал шағын кәсіпкер, қарапайым халыққа түк те жоқ. Қолдау ауадай қажет, «қысқа жіп күрмеуге келмейді, күрмесең байлауға келмейді». Балық бермей-ақ қойсын, қармақ берсін. Халық дайын отыр. Материалдық жағдайы жақсы болған сайын, мәдениет те көркейеді. Халық өзінің жағдайын жасап, ауқатын өзі ары қарай көтеріп алар еді. Шаруа қожалығы болған үлкен кәсіпкерлер үкіметтің барлық жағдайын қолданады. Ал қарапайым кәсіп жасауға мүмкіндік бермейді. Халықта жұмыс жоқ, атпал азаматтар жалданып кетеді. Қол-аяғымыз кесіліп кетеді», – деп уәжін айтты ол.

«Өзбекстанда балалар ауруханасының алдында ешкі өнімдері сатылады»

Өмірбек Қазыбекұлы қолдау болса, балаларға ешкі сүтінің өнімдерін шығарса деп армандайды. Себебі мұндай өнім бала денсаулығына, әсіресе сүйектерінің дұрыс қалыптасуына, көз саулығына өте пайдалы.

«Балаларға табиғи өнім жасап берудің маңызы зор. Анемия, көздің әлсіз көруі, созылмалы туберкулез, рахит, диатез, асқазан жарасының бірден бір емі – осы ешкі сүті. Табиғилығын сақтай отырып, өнім шығару керек. Ананы қосып, мынаны қосып жай ғана шығару – мақтан емес. Көрші отырған Өзбекстанның өзінде үлкен балалар емханасының жанында мыңдаған-екі мыңдаған ешкі асырайтын фермалар өнімін әкеп сатады екен. Ешкінің сүтімен емдейді екен, ешкіні жүріп жүретін емхана деп атаған екен. Еті де, сүті де – дәрі. Осының бір қадіріне жете алмай жатырмыз, қолдау жоқ. Өкінішті. Балаларға балмұздақ жасауға болады. Соның өзіне шамамыз келмей отыр. Істесе, ақылымыз жетіп тұр, қолдау жетпейді. Атырауда үш мың ешкі сауатын ешкі фермасы бар. Олар шетелге жібереді. Ел ішіндегі нарыққа жетпейді дейді», – дейді азамат.

Өмірбек ағаның сөзінше, егер есебін тапса, ешкі мал өте өсімтал. Жылына кейде екі мәрте төлдейтін ешкілер егізден туады. Сондықтан, ешкі малының өнімін алу мәселесін үкімет деңгейінде қолға алсақ, одан ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық, дейді ол.

Айтолқын Адырбай,

Жетісу облысы

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.