Құлпынайға қатысты қулықтар

«Даудың басы — Дайрабайдың көк сиыры» демекші депутат Дайрабаевтың басы даудан арылмай қойды. Бұған дейін Жигули Дайрабаевтың ұлдары Жамбыл облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының бұрынғы басшысымен бірлесіп, сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін жымқырды және алаяқтық жасады деген айыппен істі болғаны туралы еліміздегі көптеген ақпарат көздері хабарлады.

Жақында өз парақшасында Дайрабаев бұл іске қатысты: «Олар – өз-өздеріне жауап бере алатын азаматтар. Жұмыстарын адал істеп, мемлекеттен көмек алып, халыққа жұмыс орнын беріп жүрген кәсіпкерлер. Олар өздерін заңнама талаптарына сай қорғауға құқылы және мемлекет алдында кәсіби іс-әрекеттерінің адалдығын дәлелдеу үшін күресетін болады» деген жазба қалдырды.

Дегенмен оның «Мен ешқандай мандаттан бас тартпаймын. Парламент қабырғасында жүріп еңбек еткенімде халыққа көп пайдам тиеді», – деген сөздері ел есінде. Сонда соттың шешімі мен куәгерлер бола тұра, жалаң сөздермен халыққа қызмет ете беруге бола ма? Әлде бұл мәселеден мандаттың күші артық па?

Тараз қалалық №2 сотында алаяқтық бойынша 4 адамға қатысты қылмыстық іс қаралып, субсидияны ұрлау арқылы мемлекетке 550 миллион теңге шығын келтірді деген күдікпен айып тағылған. Яғни олар сатып алынған «Альбион» құлпынай көшеттері үшін (шаруа қожалықтарына рәсімдеп) мемлекеттен субсидиялар алған, оның бір бөлігі алаяқтық жолмен ұрланып, түскен қаржы жеке қажеттіліктеріне жұмсалған.

Ақпарат көздерінің мәліметтеріне сәйкес, адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену бойынша айыпталған 4 тұлғаны прокурор, қылмыстардың жиынтығы бойынша Дайрабаев пен Молдақалықты 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын шартты түрде тағайындауды, ал басқарма басшысының орынбасары Ерлан Күлекеевті 6 жылға бас бостандығынан айыру, Елжан Елібайдың мүлкін тәркілеп, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Нәтижесінде сот Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары қызметінде болған Е.Күлекеевті 6 жылға бас бостандығынан айырды. Е.Елібай мүлкі тәркіленіп, кез келген меншік нысанындағы ұйымдарда басшылық лауазымды атқару құқығынан айырылып, 5 жылға сотталды. Марат Дайрабаев пен Дидар Молдақалықтың мүлкі тәркіленіп, кез келген меншік нысанындағы ұйымдарда басшылық лауазымды атқару құқығынан айырылды. Екеуінің де 5 жылға шартты түрде бас бостандығы шектелді. Оларға пробациялық бақылау қойылмақ. Дегенмен, сотталушылар кінәләрін мойындамаған.

Әңгімемізге арқау болған «Альбион» құлпынайдың ерекше сұрпының бірі, оның жидегі қатты әрі тәтті, хош иісті болып келеді. Жинағаннан кейін де тауарлық түрін жоғалтпай, сауда нарығына шығаруға өте ыңғайлы.

Құлпынай өсірумен айналысатын шаруашылықтарға қолдау бар, мемлекет тарапынан 50 пайыз субсидия беріледі. Яғни, мемлекет қолдауының нәтижесінде құлпынайдан мол өнім алуға жағдай жасалған. Жалпы құлпынай табысы мол кәсіп, барлық технологияны мұқият сақтап, дұрыс баптаған жағдайда ол жыл сайын өнім береді.

Ал сіздер құлпынайға мемлекеттен субсидия бөлінетінін білдіңіздерме? Енді қаржы бөлінсе де құлпынай қара жерге егілмей, халықты тиісті өніммен қамтамасыз етпей, тиісті қаржыны жымқыру әдістерімен айналысатын тұлғалардың бар екенін де білдіңіздер. Мұндай факторлардың ел экономикасына кері әсерін айтпаса да түсінікті. Сондықтан шаруалар арасындағы шиеленіскен жемқорлық фактілері егін мен өнім көлемін арттыруға үлкен кедергі болып тұрған рас…

Маржан Әбіш,

Астана

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.