Жайылымдық жерлерді игеру қашан дұрыс жүйеге келтіріледі?

Ауылдық жерлерде жайылымдық жер беру ауылдық округ және аудан әкімдіктерінің құзыреттеріне кіреді. Елді мекендердің аумағында жайылымдар жетпей жатса, онда жайылымдар ауыл округінің шегінде беріледі. Бұл мәселе аудан әкімі шешімімен жүзеге асырылады. Ал егер жер аудан көлемінде жетіспей жатса, облыстық деңгейде шешіледі. Бұл туралы қолданыстағы «Жайылымдар туралы» заңда нақты көрсетілген. Яғни, ауданаралық мәселелер облыс әкімдерінің араласуымен, ал облысаралық жайылымның түйіні уәкілетті органның ұсынысымен Үкіметтің атсалысуымен тарқатылады, деп хабарлайды Agroqogam.kz.

Жайылымдарды пайдалануға беру заң жүзінде жүзеге аспайтын кездерде бар. Оған дәлел ауыл фермерлерінің мал бағатын жер таппай дал болуы. Себебі, заңнаманың нормаларын іске асыру бойынша халық арасында жергілікті билік органдарымен тиісті әдістемелік, консультативтік іс-шаралар және заңды түсіндіру жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмейді.

«Жайылымдар туралы» заң мал басының өсуіне, өзіндік құны арзан әрі экологиялық таза мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісін арттыруға, ауыл шаруашылығына арналған жерлердің тозуын тоқтатуға, ең бастысы, еліміздің байлығы болып саналатын 184,3 млн гектар жайылымдық жерлерді ұтымды пайдалануға бағытталғанына қарамастан, оның толық орындалмай отырғаны алаңдатады.

Ағымдағы жылдың басында бұл мәселе Үкімет деңгейінде көтерілді. Ауылшаруашылығы министрі «Жайылымдардың жетіспеушілігі орын алып отырған уақытта елдің жер ресурстарын ұтымды және тиімді пайдалану мәселелері бірінші орында тұруы тиіс» — деді.

Мінберде айтылатын статистика ауыл халқының мәселесін шеше ме?

Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар арасында үйлесімді жұмыспен  жүйелі де мақсатты іс-әрекет жоспары жоқтығынан жергілікті халық әлі де жайылым  тапшылығын көріп келеді.

Дегенмен жауапты органдар заңда бекітілген міндеттерін тиісті деңгейде орындаумен қатар, өз жауапкершіліктерін арттырып, «Жайылымдар туралы» заңның жүзеге асырылуын қамтамасыз етсе ауыл халқы үшін ғана емес мемлекет үшін маңызды үлкен мәселелер шешілер еді. Ауыл тұрғындары да өз құқықтарын біліп, заң жүзінде іс-әрекет жасаса игі.

Маржан Әбіш,

Астана

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.