Жылыжайлар жыры: Түркістандағы дихандарға қолдау көрсетіле ме?

Түркістан облысындағы жылыжайлар мәселесі бойынша шаруалар өзінің проблемаларын шенеуніктермен талқылады. Вице – премьер Серік Жұманғарин және ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек бастаған үкіметтік делегация оңтүстік дихандарымен арнайы кездесіп, көмір тапшылығы, жылыжайларға гектарына субсидия беру, биыл суықтан зардап шеккен жылыжайларды қолдау секілді мәселелерді сөз етті, деп хабарлайды Agroqogam.kz тілшісі.

Қаңтар айының басында еліміздің бірқатар өңірінде қатты аяз болып, оңтүстіктегі жылыжай қожайындары жайларды жылыта алмай, жүздеген тонна көкөніс үсіп кеткен болатын. Салдарынан көптеген шаруала миллиондаған шығынға батып, тіпті кейбірі осы бағыттағы жұмысты тоқтатуға мәжбүр болған еді. Дихандар жылыжайды жылыта алмаудың басты себебі өңірдегі көмірдің тапшылығынан көрген еді. Бұл ретте ел астанасынан лауазымды тұлғалар арнайы келіп, халықтың талап-тілегін тыңдап, өз ұсыныстарын, проблеманы шешу жолдарын талқылады. Аталған жиынның видеосы отандық сарапшы Алмасбек Садырбаевтың парақшасында жарияланды.

Жиында белгілі болғандай, бүгінде Түркістан облысының әкімдігі зардап шеккен шаруашылықтарды қолдау бойынша жедел шаралармен айналысып, ел Үкіметі алдағы уақытқа жүйелі шараларды әзірлеп жатқан көрінеді. Ал Серік Жұманғариннің сөзінше, бұл салада қордалаған проблемалар мен кемшін тұстар аз емес.

«Үкімет атынан жылыжай шаруашылығын одан әрі қалай дамыту керектігін бірлесіп шешу үшін келдік. Бізбен бірге Өзбекстаннан өз тәжірибелерімен, технологияларымен және жылыжайларды күтіп ұстаудың басқа да мәселелерімен бөлісуге дайын мамандар келді. Біріншіден, мемлекетке нәтиже қажет.

Жылыжай шаруашылықтарына берілетін субсидиялар бұрын да болған, бірақ олардың пайдасы аз болды: жылыжайлар белсенді деп саналғанына қарамастан ештеңе өндірмеді. Егер мемлекет субсидия берсе, сіздер оның есесіне көкөністерді ішкі нарыққа жеткілікті мөлшерде және нарықтық бағамен сатуларыңыз керек. Екінші мәселе – сертификаттау. Алдағы уақытта субсидиялар алу үшін жылыжай өндіріс стандартына сай болуы керек. Ол үшін жылыжайлар үшін ұлттық стандарт қабылданады. Техникалық реттеу және метрология комитетіне тиісті тапсырма берілді, сондай-ақ сіздерді осы стандартты әзірлеуге белсенді қатысуға, тәжірибедегі білімдеріңізбен бөлісуге шақырамыз. Үшіншіден – көмір мәселесі: бізбен бірге Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілі келді, ол келешекте биылғыдай төтенше жағдайларды болдырмауға көмектесетін шешімдерге тоқталады»,- деді кездесуде Серік Жұманғарин.

Жиында белгілі болған тағы бір жайт, аграрлық несие корпорациясы арқылы көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруға 140 млрд теңге бағытталып отыр. Бұл туралы Әбілхайыр Тамабек айтты. Сөзінше, қазір жылыжайларды осы бағдарлама бойынша қаржыландыру бағытына қосу жұмыстары пысықталуда. Бағдарлама шарттарына тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін жылыжайлар 5%-дан аспайтын несие ала алады.

«Қазір біз жылыжайларды субсидиялау бойынша түрлі нұсқаларды қарастырып жатырмыз, бірақ электр энергиясы мен газға жұмсалатын шығындар негізге алынатын болады. Қалған бағыттар бойынша қолдау шаралары қазірдің өзінде іске асырылып жатыр, мемлекет тұқым, тыңайтқыш, өсімдіктерді қорғау құралдарына шығындардың жартысын субсидиялайды. Сондай-ақ жылыжайлар үшін стандарт әзірленеді. Стандарт талаптарына сәйкес келетін және қарсы міндеттемелерді қабылдайтындардың барлығы субсидия алады», – деп атап өтті ол.

Сонымен бірге шенеунік жылыжай саласын қолдау бойынша да мағлұмат бере кеткен.

«Жылыжайларды қолдауға екі ұсыныс айтып отырмыз. Бірінші ұсынымымыз гектарына берілетін субсидияны қайтару. Бірақ электроэнергия мен газға жоғарыда атап өткенімізде есептейтін боламыз. Бір мәселе бар бұл жерде: фермерлік жылыжайлардың құжаттары жоқ, яғни үй іргесіндегі жылыжайлар. Бұл бойынша сәйкестендіру стандарттарын жасаймыз. Оларға гектарына субсидия төленетін болады. Ал көбіміз бұл стандарт талаптарына сай келмей қаламыз десеңіздер, екінші ұсынысымыз бар. Ол – өткізген дайын өнімдердің тоннасын субсидиялау. Бірақ ертеңгі күні Түркіменстаннан, Өзбекстаннан алып келіп, өзіміздікі деп өткізіп жібермеу керек. Екі нұсқада да коррупциялық тәуекелдер өте үлкен. Бұрынғы әңгімеге қайтып келу үшін, сіздер де, азаматтар да зардап шекпейтіндей жасау керек», – деп ескертті вице-министр.

Мақта өндірушілер мен диқандар қауымдастығының төрағасы Данияр Қалтаев жылыжайлар барлық қажетті құжаттарды рәсімдеуге дайын екенін айтты.

«Бізге гектарлық субсидиялар алған тиімді, бұрын осы схема бойынша жұмыс істеп келдік. 2018 жылы субсидиялар алынып тасталғандықтан, барлық жылыжай ғимараттарын салу тоқтап қалды. Біз сертификаттаудан өтуге дайынбыз. Біздің ұсыныстарымыз: маусымаралық уақытта көмір болмайды, ал болған жағдайда, оның сапасы нашар. Жылыжай қожалықтарында көмірді алдын ала сатып алуға қаражат жоқ, оны жеткілікті мөлшерде сақтайтын орын жоқ. Мұның бәрі өнімдерімізді бәсекеге қабілетсіз етеді. Біз Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен, «ҚТЖ» ҰК» АҚ-дан әлеуметтік көмірмен алдын ала қамтамасыз етуді сұраймыз», – деп ойын жеткізді ол.

Ал өңірдегі көмір тапшылығы мәселесінің салдарын тағы да болдырмас үшін ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитетінің көмір өнеркәсібі басқармасының басшысы Жанат Игисинов көмір өндіруші кәсіпорындармен келіссөздер жүргізу шарттарын жасауды ұсынды.

«Индустрия және инфрақұрлымдық даму министрлігі өз тарапынан көмір өндіруші компаниялармен көмір жеткізу бойынша келіссөздер жүргізуге көмектесуге дайын. Тек суық түскеннен кейін емес, барлығын алдын ала жасау керек. Көмір сақтау қоймаларында өзінің қасиетін жоғалтпайды»,- дейді министрлік өкілі.

Еске салсақ, бұған дейін agroqogam.kz оңтүстіктегі жылыжайлар мәселесі туралы жазған болатын. Өсімдік шаруашылығы маманы Түркістанда қаңырап бос тұрған жылыжайлар мәселесі туралы ойын ашық білдірген-ді.

Айтолқын Адырбай,

Agroqogam.kz.

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.