Бүгінгідей ақпараттық-технологиялық дәуірде мал шаруашылығы секілді бейнеті мол кәсіппен айналысатын жастар көп емес. Десе де, бұл маңызды салаға дәл жастардың қызығушылығын арттырудың маңызы өте зор. Осы ретте, ата кәсіпті өміріне айналдырған, еліміздің мал шаруашылығы саласына үлес қосып жүрген саусақпен санарлық жастармен пікірлесіп, осы саладағы проблемалар, маңызды жайттар туралы ойын білген болатынбыз. Бүгінгі кейіпкеріміз — телекоммуникация маманы бола тұра, жылқы малын өсіруге бет бұрған 25 жастағы Наушанов Нұрбек Ербосынұлы.
Нұрбек Ербосынұлы Талдықорған қаласының тұрғыны. Бұдан бірнеше жыл бұрын радиотехника, электроника және телекоммуникация саласы бойынша білім алып, маман атанған. Алайда ол өз жолын бұл саламен емес, мал шаруашылығына қарай бұрды. Шаруашылыққа деген қызығушылығы оны ауылға жетектеп алып барған.
«Кәсібім мал шаруашылығы, мал өсіру бағу бордақылау, туризм, атпен саяхат ұйымдастыру. Үкіметте бір жыл жұмыс істеп, ол жерден шығарып жіберді. Ақсу ауданы Қапал Арасан маңында шаруашылығымыз бар. Қазіргі уақтытта осы жақтамын», — дейді ол.
Жас жігіт әлеуметтік желіде асау үйрету, атты баптау, атбегілік секілді кәсіп бойынша контент жасап, оны халыққа ұсынады. Мақсаты ұмытылып бара жатқан ата кәсіпті жандандырып, халыққа жылқы малының ерекшеліктері туралы көбірек ақпарат беру.
«Осындай контент жасап жүргеніме шамамен 2 жыл болып қалды. Хобби ретінде видео салып жүрген едік. Табыс көзіне айналдыруға болатынын білгеннен кейін дамытып жүргізіп кеттік. Жалпы жылқы басқа мал сияқты емес, өз бетінше өмір сүре беретін ерекше мал. Бір үйір жылқыны бір айғыр басқарып жүре алады. Бір ғана айғыр сенің орныңа белгілі бір территорияда бір үйір жылқыны бағып, белгілі мөлшерде қарап, күзетіп береді. Сен айғырды бақсаң, айғыр бір үйір жылқыны бағады. Тағы да бұл малдың бір ерекшелігі — ол өзі қардың астынан шөпті тебіндеп тауып жейді. Қой секілді артынан күнде жүрмейсің. Анда-санда қарап жүресің және сиыр сияқты шөп беріп, әуре болмайсың. Өзі шөбін тауып жейді. Тек жайылымның шөбі жақсы болса, болғаны. Көп жылқы ұстасаңыз, әрине, күзету керек. Ұры-қары деген бар. «Жылқы ысқырса желдікі, айдаса кісінікі» дейді.
Жылқы асыраудың қиындығы да жоқ емес. Қасқыр, ит-құс мәселесі қиын, жеп қоюы мүмкін. Сол үшін қыстыңгүні қасқырдан күзету керек. Құлындайтын кезде жақсылап көңіл аударып, атқару керек арнайы жұмыстарын жасау керек. Тай таңбалау, қысырақ бөлу, тайды ептеп, жылқыларды реттеу секілді жұмыстарды уақытылы атқару керек. Балаларын басқа айғырса салып отыру керек. Айғырға балаларын салмасаң, ол қуалап жібереді, сөйтіп басқа жаққа қаңғып кетіп, жоғалады. Қыстың кезінде шөп болмай қалса, ол да өте қиын», — деп бөлісті ол.
Жас кәсіпкердің айтуынша, бүгінгі таңда жылқыға қатысты етті-сүтті дамыту біздің ел үшін аса маңызды болып отыр. Бұл бағыт бізде ақсап тұр, дейді ол.
«Жылқыға қатысты түрлі салалар бар. Бізге жақыны етті-сүтті бағыттағы жылқы малын өсіру. Біз халықты етпен, сүтпен қамтамасыз етуіміз керек. Мақсатымыз — осы. Ат спорты, бәйге бөлек әңгіме. Оны бірге алып жүру өте қиындау. Хобби ретінде алып жүру керек. Ұлттық спорт, көкпар дегенің де бөлек сала. Бұл енді кәсіби емес бағыттар, ермек ретінде қарастырылатын дүние. Кәсіп ретінде, ақша табу мақсатында бірінші кезекте етті-сүтті бағыт тұратыны анық. Бізде бұл бағыт ақсаңқырап тұр деп ойлаймын. Жетісу облысында көбінесе жылқының тұқымдары шатысып кеткен. Кейбір жылқыларда не ет жоқ, не сүт жоқ. Кей жылқыларда арбиған бойлары бар. Еті де, қазысы да жоқ секілді мәселелер бар. Міне, осы саланы бір жүйеге келтіру керек», — дейді маман.
Жуырда Ұлттық бюро статистика ұсынды. Соған сәйкес, бізде бие сүті, оның ішінде қымыз өндірісі былтырғы жылмен салыстырғанда азайды деген статистика келтірілді. Осыған қатысты жылқы малын өсірумен айналысып жүрген шаруа өз ойын бөлісті. Оның пікірінше, қымыз өндірісі расымен де азайған. Оған себеп, бұл істің машақатының тым көптігінде. Екіншіден, қымыз өндірушілер мен сатып алушы арасындағы делдалдар жұмысының адал еместігі проблеманы ушықтырып отыр, дейді ол.
«Қазір бие сауатын адамдар азайып кеткен. Ешкім бие сауғысы келмейді, былайша айтқанда ол бір жұмыс, үлкен әуре. Былтырға қарағанда биыл қымыз аз дегенге келісемін. Былтырлары көбірек болатын. Қазір бие байлайтын үйлер де азайған. Мысалы жайлауға шыққан кезде байқағаным, он үйдің біреуі ғана бие байлайды. Оның үстіне, қазір көбінесе жуас биелерді байлайды. Бұрын асау биелерді байлайтын, қазір асауды жуасытатын, соның әдіс тәсілін меңгерген адам аз. Жуасытудың тәсілін білмейді. Бұрынғы кісілер көп білетін. Жалпы қымыз өндірісіне деген сұранысқа келер болсақ, сұраныс азайған жоқ. Халықтың қалтасы әзірге көтеріп жатқан сияқты. Мәселен, бір литр қымызды 600 теңгеге алсаңыз, бір литр колаңыз 500 теңге. Екі өнімнің пайдасы мен зиянын, бағасын салыстырып қарасаңыз болады. Екіншіден, егер қымызға сұраныс азая түсті десек, оны азайтуға себеп болып отырған бір фактор бар. Ол — алыпсатарлық. Ауылдағы қарапайым бие сауатындардан қымызды сатып алып, дүкендерге, кафе, мейрамханаларға апарып сатқан қымыздарға су қосып, басқа бірдеңе қосып, құрамын бұзып жібереді. Оны ішкен халықтың іші өтеді, олар ренжиді, таза қымыз жоқ дейді. Содан соң халық та қымыз ішкісі келмей қалады. Қымызды халыққа сатып отырған адамдардың адалдығы маңызды. Яғни, қымызды қалай алды, сол күйінше ұсыну керек. Осындай өнімді ұсынсаң, сені сұрап жүріп, күтіп жүріп алады. Проблеманы шешудің амалы — таза қымыз ұсынудың жолдарын іздеу. Бәлкім ортақ бір сапаны қадағалайтын орган қажет шығар. Таза қымызды өткіземін деген адам болса, оны бабына келтіріп барып сатуы керек. Қымыздың бабы деген тағы бір бөлек әңгіме. Анау-мынау адам қымыздың бабын келтіре алмайды. Қазіргі қымызды ішсең, бәрі ащы. Ашып кеткен қымыздар. Оның өзінің деңгейлері болады. Дөнен, бесті, тай деген сияқты. Соның бәрін бабын жасап, дұрыстап барып сату керек», — дейді ол.
25 жастағы кәсіпкер елдегі жылқы шаруашылығы бойынша мемлекет тарапынан қолдау аз деп есептейді. Мәселен, жылқы, қой, сиыр сынды малдардың етін экспорттауға үлкен назар аударылмаса, саладағы проблемалар қатары да көбейе береді, деп есептейді Нұрбек.
«Жылқы шаруашылығына мемлекеттік қолдауды көрмедім де, естімедім де. Мемлекеттің ешқандай қолдауы жоқ сияқты. Мысалы, сиырға, қойға субсидия береді. Жылқыға ондай ештеңе бермейді. Беретін бағдарлама жоқ. Бәлкім бұрын берген шығар… Қазір естімедім.
Мемлекетке айтар түйткілім, осы жылқы етін экспорттасақ болар еді. Сиыр, қой етін шетелге шығару керек. Біздің Қазақстанды ет басып қалды. Бағасы сол қалпы тұр, әлі көтерілген жоқ. Басқа азық-түлік бағасы көтерілген.
Бізде мал көп. Қытайға немесе басқа мемлекеттерге тірідей мал сатқанша, етті экспортқа шығарып, еттің бағасы жоғары етіп сатсақ дұрыс болар еді. Айтар уәжім осы. Ал жалпы, асырамаймын деген адам жылқыны субсидиясыз-ақ асырайды. Жер болса болды. Мемлекеттен субсидия сұрамай-ақ қояйық. Одан да жылқы шаруашылықтарына ұлттық парктердің жерлерін жайлаулыққа, күзеу, қыстаулыққа берсе, соның өзі бізге субсидия болар еді. Соңғы жылдары бізде жылқы малының саны күрт өсіп кетті. Ал жылқы күйіс қайтармайтын, өті жоқ, есесіне таңнан кеш батқанша азық жей беретін мал. Тоқтамайды, тынбайды, жей береді. Шөп өте көп керек. Сол шөптің жетіспеушілігінен бос жатқан жатқан жерлерді, орман шаруашылығының, ұлттық парктер қарамағындағы жерлерді жылқыны жаюға берсе жақсы болар еді», — деп ойын білдірді жас кәсіпкер.
Жылқы шаруашылығына қатысты уәжінен бөлек, атбегілікпен айналысып жүрген азамат асау үйрету туралы да өз ойын айтты. Ол бүгінде асау үйрету бойынша көптеген пайдалы ақпаратты бөлісіп жүр. Асау үйрету деген не, жақсы атты тай кезінен танудың маңызы қандай, оның қандай да бір сыры бар деген сауалға кейіпкеріміз былай жауап берді:
«Асау үйретудің түрлі тәсілдері бар. «Ат тұяғын тай басар» дейді. Тайында таптап мініп, құнанында баптап мініп, дөненінде тосып, бестісінде қосып, бәйгеден келсе — білесіз, келмесе — басын кесесіз. Соғым болады. Кез-келген асаудан жақсы ат шығады деп айту қиын. Бес асаудан ары кетсе екі жақсы ат шығады. Қалғаны ат сиқы жоқ басқа бірдеңе боп кетеді. Атты да тани білу керек. Аттың да өзінің сыншылары болған Сырт бейнесіне қарап, болашақта оның қандай ат болатынын білуге болады. Содан кейін барып үйрету керек. Қорықпау керек. Қорқатын болсаңыз, асау үйрете алмайсыз. Өзіңіздің кім екеніңізді жылқыға көрсету керек. Әйтпесе ол өзінің кім екенін көрсетеді.
Асау үйретулің тәсілдері көп. Жайдақ міну, ертоқым салу секілді тәсілдері бар. Жылқыны басында қалай үйретсе, ол өмірінің соңына дейін солай кетеді. Мән беру керек нәрсе осы. Жақсылап үйретсеңіз жақсы болып кетеді. Маңыздылығы — баптауында. Менің өз әдісім бойынша, оны көктемде үйрету керек, наурыздың кезінде асау жылқымыз арық болады. Ертоқымды салып тұрып, мініп алсаңыз, ол аса бір тулап, жынданып кете қоймайды. Ары қарай реттей бересіз. Күнделікті міну керек. Бұл да бір бала тәрбиесі сияқты. Тәртіп және махаббат керек», — деп тәжірибесінен бөлісті ол.
Қазіргі таңда Нұрбектің шаруашылығы қазақы тұқымды жабы жылқыларын асырайды. «Жесең қазы, ішсең қымыз, мінсек көлік. Әмбебап жылқы тұқымы. Суыққа да, ыстыққа да төзімді тұқым» деп сипаттады ол өзі асырап жүрген жылқыларды. Ал ат спортын дамытып жүрген азамат ретінде Нұрбек бүгінде Алматы облысында бұл саланың даму беталысы жаман еместігін алға тарттты. Сөзінше, бүгінде қала сыртында ат серуенін қолға алып, ат туризмін дамытуды қолға алғандар баршылық.
«Соңғы екі жылда осы салаға қызығатын азаматтардың қатары көбейіп жатыр. Алматы қаласының сыртында атқа мінгізіп үйретіп, серуендететін бизнесті қолға алғандар пайда болды. Бәйге, көкпар қарқынды дамып жатыр. Тек өкінішісі, біздің жайлауда қазақы дәстүрлі көкпар дамымай жатыр. Дамыту керек деп санаймын. Бастысы, жастар жағы қызығуы керек. Елу-алпыс жылдан кейін жылқы болмаса, жылқы бағатын адам болмаса, кейінгі ұрпақ жылқының етін жеп, сүтін ішпесе қандай ұрпақ болады?! Қала халқын етпен қамтамасыз ететін шаруалар болмай қалуы мүмкін. Сондықтан, бұл саланы мықтап қолға алуымыз керек, дамыту керек деп ойлаймын», — деді ол.
Сұхбаттасқан Айтолқын Адырбай,
Алматы облысы,
Agroqogam.kz.