Алматы облысы Междуреченск ауылы маңынан «ерекше» шаруа қожалығы табылды. Мал ұстаймыз деген желеумен жер алған екі азамат қожалықты нағыз есірткі лабораториясына айналдырыпты, деп хабарлайды agroqogam.kz тілшісі.
Бұл туралы Алматы облыстық полиция департаментінің бастысы Бауыржан Әленов хабарлады.
«Жедел алдын-алу шаралары жұмысын жүргізу кезінде Іле ауданы 209 жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторлары «MITSUBISHI» маркалы жол талғамайтын автокөлікті тоқтатқан. Автокөлік салонын тексеру кезінде химиялық сұйықтық құйылған 25 канистр табылған. Тергеу амалдарын жүргізу кезінде Алматы облысы ПД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы қызметкерлері мен Іле ауданы КПБ қызметкерлері бірлесе отырып, 29 жасар күдіктінің тиым салынған заттарды жасауға қатысы барын анықтаған», — деді өңірлік полиция бастығы.
Аталған жасырын лаборатория Междуреченск ауылы маңындағы шаруашылық қожалығы аумағында орналасқан болып шықты. Тексеріс барысында анықталған есірткі лабораториясынан 1500 л прекурсор тәркіленген.
Іле ауданында анықталған бұл лабораторияға қатысты Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Бақытжан Әмірханов пікір білдірді. Оның айтуынша, күдік тудырмас үшін екі ер адам жерді 18 млн теңгеге сатып алып, оны биік дуалмен қоршап қойған. Мал ұстауға арналған қора-жайлар салынған.
Аталған дерек ҚР ҚК 296 б. 4 т. сәйкес Іле ауданы ПБ СДБТР тіркелді. Мамандандырылған сараптамалар тағайындалды.
Айтолқын Адырбайқызы,
Алматы облысы
Agroqogam.kz.