Алматы облысында 180 мыңнан астам адам «ауыл» мәртебесі жоқ саяжайларда тұрып жатыр

Алматы облысында саяжайлар мәселесі шешімін табар емес. Облыс әкімінің айтуынша, өңірде ауылшаруашылық мақсаттағы жерді бөліп сату әдетке айналған. Салдарынан бұның арты үкімет үшін қомақты шығын келтіріп отырү Бұл туралы Сұлтанғазиев Қарасай ауданының тұрғындарымен кездесу кезінде айтты, деп хабарлайды Agroqogam.kz.

Ауылшаруашылық нысандағы жерлерді қожайындары алты сотықтан бөліп, сатып жіберген жағдайлар Алматы облысында өте көп. Осындай деректердің нәтижесінде бүгінде 674 саяжайда 183 мың адам қиын жағдайда тұрып жатыр. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жеткізді. Қарасай ауданы Оңту елдімекенінің тұрғыны Райысов Қайрат әкімнен өз жер учаскелерін заңдастыра алмай отырғанын айтып, көмек сұрады. Айтуынша, бүгінде тұрғындар өз жеріне мемлекеттік акт алу үшін сотқа дейін барып, әуреге салынған. Сотта жеңіп алғанымен, нәтижесі оңды болмай тұр, деп ренішін жеткізді тұрғын.

Оның өтінішіне жауап берген облыс әкімі саяжайлар проблемасын шешу неге қиынға соғатынын түсіндіруге тырысты. Сөзінше, бір меншік иесі иелігіндегі ауылшаруашылық нысанындағы жерлерді сотықпен сатып жіберу осындай проблемаларға әкеп соқтырып отыр.

«Cаяжайдын жері – ауылшаруашылық жерлер. Оның бір ғана мемлекеттік актісі бар және ол бір адамның қолында. Ол адам жердің қожайыны болған соң, ол ауылшаруашылығымен сол жерлер айналысуы керек еді. Бірақ айналыспайды. Алты сотықтан бөледі де сатып жіберуді әдетке айналдырған. Сосын ол жерлерге үйлер түсіп, саяжайға айналады. Одан кейін елдімекенге айналады. Не су, не газ, не мектебі жоқ», – дейді Сұлтанғазиев.

Шенеуніктің айтуынша, мұндай «ауыл» мәртебесін ала алмай жүрген саяжайлар саны жүздеп саналады. Сол себепті әзірге проблема ашық күйінде қалмақ.

«Біздің облыста мұндай саяжай саны – 674 . 183 мың адам сонда тұрады. Ешқайсының дұрыс жағдайы жоқ. Қазір онда тұрып жатқан адамдардың балалары өсіп, немерелері бар. Бір адамға ыңғайлы. Бөліп, сатып, кетіп қалған. Ал салдарынан үкіметке үлкен ауыртпалық түседі. Жолын жөндеп, суын жасап, газ жүргізіп беруіміз керек. Біз үлгере алмай жатырмыз. Мүмкіндік жоқ. Егер ол ауылшаруашылық жері болса, онда ауыл шаруашылығымен айналысу керек. Елдімекеннің іші болса ғана үй салған жөн. Рұқсат болады.

Егер инвестрлар табылып, газ, су, жолды жүргізіп жатса, онда жерді бөліп ауыл жасауға дайынбыз. Бір қарап көрейік», – деп уәде берді әкім.

Айтолқын Күзербаева,

Алматы облысы,

Agroqogam.kz.

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.