Жалған статистиканы беретіндер жауапқа тартылмай, еш нәрсе өзгермейді

Бір топ мәжіліс депутаты елдегі ауыл шаруашылық саласындағы проблемаларды тізіп, үкімет басшысы Алихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады. Олар  министрліктің ветеринария, субсидиялар үлестіру, астықтарын үлестіре алмаған диқандар мәселелеріне құлақ аспағанын айтып, наразылығын білдірді, деп хабарлайды Agroqogam.kz.

Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа жолданған хатқа 25 депутат қол қойған. Хатта олар еліміздің ауыл шаруашылығы саласындағы бірқатар өзекті проблемаларды қозғап, салаға деген көзқарасты түбегейлі өзгерту керектігін алға тартты. Олардың айтуынша, соңғы екі жылда осы салаға қатысты көптеген депутаттық сауал жолданғанымен, шаруалардың жанайқайы әлі күнге дейін тиісті деңгейде «естілмей» келеді.

«Қағаз жүзінде бәрі де қатып тұрғаны болмаса, айтарлықтай өзгерістерді қарапайым адамдар сезініп отырған жоқ. Біз бүгіндері өз міндетін орындауда  Ауыл шаруашылығы министрлігінің халық алдында қалай есеп беретініне қайран қаламыз. Себебін айтсақ, есіңіз шығады.

Мәселен, ветеринария жұмысында былық пен кемшіліктер шаш етектен. Жарты жыл бойы осы салаға жауапты комитет төрағасы мен вицеминистр тағайындалмады», — дейді олар.

Салдарынан 8 ай бойы егілетін вакцина дер кезінде қолға тимей, екпе малдарға бір айда жаппай салынған.

«Мұның ақыры қаншама мал ауруға ұшырап, мол қаржыға сатып алынса да, пайдаланылмаған екпе қоқысқа төгілді. Экспортқа суытылған ет шығарамыз деген үмітінен айырылды. Бірақ, министрлік міз бақпады», — делінген хатта.

Сонымен бірге депутаттық сауал мәтінінде жұт болған аймақтарға субсидия үлестіру мәселесі де тиісті деңгейде қарастырылмағаны айтылған. Мәселен, министрлік ашқұрсақ малдың жайын ескермей, егер төлі 75 пайыз болмаса, субсидия берілмейді және зоотехнорма бойынша 5%  артық шығын болмау керек деген бұйрық шығарған. Осының себебінен малшылардың бірі субсидиядан айырылса, екіншісі құжаттарын бұйрыққа сай келтіреміз дегеннің арқасында, жалған құжатпен істі болды. Одан бөлек арық малдарын сата алмаған тұрғындар уақытында несие қарызын жаба алмай, айыппұл төлеп, кемінде 5 жылға дейін несие алу мүмкіндігінен айырылған.

Сонымен қатар хатта астықтарын өткізе алмай диқандар мәселесі де айтылған.

«Диқандар да биыл қиындықтарға тап болды. Маңдай терін төгіп, егін еккен адамдар астықтарын өткізе алмай отыр (…).

Осыған байланысты, премьер-министрдің орынбасары Роман Васильевич Скляр 13 қазандағы сауалға жазбаша берген жауабында 10500 вагон бар, экспортерлардың бүкіл қажеттіліктері шешіледі деп сендірген еді. 

Өкінішке қарай, жағдай түзелмеді. Астықтарын өткізе алмаған диқандар сабылып жүр. Олар енді желтоқсан айына дейін жағдай түзелмесе, несие қарызын өтей алмайды. Келесі жылы несиеден айырылады деген сөз. Бұған жаны ашып, шырылдаған қай министрді көрдіңіздер?», — деп наразылығын жазды депутаттар.

 Сүт және сүт өндіру ісіне қатысты шыққан шу да сауалда егжей-тегжейлі жазылған. Олар сүтке берілетін субсидияны екі есе төмендетуді ұсынған АШМ бастамасын сынға алды. Айтуарынша, бүгінгі таңда фермерлерге бөлінетін субсидия көбеюдің орнына азайып барады.

«Көп жағдайда Үкімет сырғытпа жауап беріп үйреніп қалған. Тағы бір кінәрат — біздегі статистикаға да сену қиын. Ел ішінде осы салаға 5 жылда 2 трлн. теңге бөлінді деген ақпарат бар. Бірақ министрліктің әр жылға бөлінген субсидиялары бойынша жазбаша ақпаратқа сүйенсек, 5 жылда ол 1 трлн.ға да жетпейді.

Біз қашанға дейін жалған статистикамен өмір сүреміз? Жалған статистиканы беретіндер жауапқа тартылмай, еш нәрсе өзгермейді. 

Жалған деректермен қалай мемлекеттің даму стратегиясын жасаймыз? 

Ауыл шаруашылығының субсидияларын қысқарту жалғаса беретін болса, қалай азық-түлік қауіпсіздігін жасап, халықты қажетті тауарлармен қамтамасыз етеміз?», — деген сұрақ қойға депутаттар премьер-министрден «ауыл шаруашылығы министрлігі барлық өңірде Мемлекет Басшысы алдына қойып отырған міндеттерді жүзеге асыру туралы есеп беруін жұмыс тәртібіне енгізуді;

—        жұмыс жасап отырған шаруаларды қанай бермей, оларға жағдай жасап айыппұл мен пеняны алып тастап, қара тізімді жоюды;

—        субсидияларын дер кезінде төлеп, шаруаларға ұзақ мерзімге қолжетімді  несие беру жолын қарастыруды» сұрады.

Айтолқын Күзербаева,

Agroqogam.kz.

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.