Аграрлық несие корпорациясы «Қарызды өсімпұлсыз төле!» акциясын бастап жатыр. 2022 жылғы 7 қараша мен 30 желтоқсан аралығында өтетін шара аясында 31-қазандағы жағдай бойынша мерзімі өткен қарыз алушылар мен лизинг алушылар (жеке және заңды тұлғалар) оны өсімпұлсыз өтей алады.
«Корпорация алдында 2022 жылғы 31-қазандағы жағдай бойынша мерзімі өткен міндеттемелері бар кәсіпкерлерге өсімпұлды төлемеуге мүмкіндік беріледі. Мерзімі өткен негізгі борышты, мерзімі өткен сыйақыны, мерзімі өткен негізгі борышқа есептелген сыйақы сомасы мен айыппұлды 100% өтегендердің өсімпұлы алынып тасталады. Берешекті өндіріп алу туралы сот шешімі болған кезде қарыз алушы өсімпұл сомасын есептемегенде қарызды толық өтеген жағдайда өсімпұл жойылады», — дейді аймақтық даму департаментінің директоры Әсемгүл Қайырденова.
Клиент осы жылдың 30-желтоқсанына дейін Корпорацияның есеп айырысу шотына ақша аудару арқылы борышты өтей алады. Бұл бір реттік науқан екенін ескеру керек.
Акцияға қатысу үшін Корпорацияның облыс орталықтарында және Астана, Алматы, Шымкент қалаларында орналасқан филиалдарына жүгіну қажет. Қосымша ақпаратты колл-орталықтың 5115, +7 7172 995577 телефон нөмірлері арқылы білуге болады.