Қызылорда облысында ескі вагондарға жалған құжат жасап, субсидия беруге «атсалысқан» шенеуніктер сотталды. Ауыл шаруашылығы басқармасының Инвестициялық бөлім басшысы мен басқарма маманы шаруа қожалықтарына мемлекет қаражатын заңсыз үлестірген, деп хабарлайды Agroqogam.kz.
Cот материалдарының деректеріне сүйенсек, Қызылорда облысының ауылшаруашылық басқармасының шенеуніктері 13 бірдей шаруа қожалығына «вагон сатып алғаны» үшін субсидия үлестірген.
Аталған мемлекеттік қолдау шаралары ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушысының «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сай жүзеге асырылады. Оған сәйкес шопанға арналған тіркемелі шассилі жылжымалы вагондарды сатып алуға байланысты шығынның 80% субсидияланатыны белгілі. Бұл субсидия өтінім берілетін жылға дейін үш жылдан ерте емес жасалған, екі жылдан ерте емес сатып алынған жабдық немесе техника үшін беріледі. Сотталған қызметкерлер дәл осы бұйрық бойынша субсидияның дұрыс үлестірілуін қадағалайтын мамандар тобының құрамына енген. Осыны пайдаланған қызметкерлер ескі вагондарға тиісті құжатты қолдан жасап, ондаған шаруа қожалығына 1 млн 600 теңге көлеміндегі субсидия берген. Іс материалдарына көз жүгіртсек, ақша жымқырудың бұл амал-айласын арадағы делдалдар атқарған. Ал басқарма қызметкерлері ауылда жарамсыз болып тұрған, дөңгелегі жоқ, ескі вагондарға жалған құжат әзірленіп, «жұмысқа жарамды» деп танылып, ақпарат Qoldau.kz жүйесіне енгізілген. Артынша субсидия беру туралы өтінімге электрон қол қойған. Заңсыз әрекеттің салдарынан мемлекетке 22 млн 400 мың теңге залал келгені дәлелденді. Заңсыз субсидия алған шаруа қожалықтарының сегізі алған ақшасын үкіметке қайтарып берген.
Сот шешімі бойынша, Облыстық ауылшаруашылық басқармасының бөлім басшысы мен бас маманы кінәлі деп танылып, мемлекеттік ұйымдарда материалдық немесе қаржы аударымына негіз болатын құжаттарға қол қою құқығы жүктелетін лауазымдарды атқару құқығынан 3 жылға айыра отырып, 2 жыл мерзімге шартты түрде бас бостандығын шектеу жазасын алды.
Айтолқын Адырбайқызы,
Agroqogam.kz.