Қарашөкеев: Қазақстан өзін астықпен толық қамтамасыз етеді

Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев егін жинау науқаны мен малды азықпен қамтамасыз ету туралы айтып берді.

Оның айтуынша, биыл Қазақстан қолда бар қорлар мен жаңа өнім есебінен өзін астықпен толық қамтамасыз етеді. Бүгінгі күні 2,2 млн га дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналды, бұл жалпы жинау алаңының 13,9% құрайды. өткен жылы осындай күнге 2,5 млн. га немесе 15,9% жиналған болатын). Гектарына орта есеппен 14,6 центнер түсімділікпен 3,3 млн. тонна астық бастырылды.

«Жалпы астық жинау көлемі болжам бойынша 18,3 млн. тонна болады, оның ішінде бидай 13,4 млн. тоннадан асады деп күтіліп отыр. Бұдан басқа, республикада 3,1 млн. тонна көлемінде ауыспалы астық қалдығы, оның ішінде 2,5 млн. тонна бидай бар. Бұл республиканың ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз етуге, сондай-ақ астықтың белгілі бір көлемін экспортқа шығарып, тиісінше дәстүрлі нарықтарымыздағы сауда позицияларымызды сақтау үшін жеткілікті», — деді Ербол Қарашөкеев.

Бұдан бөлек, Азық-түлік корпорациясында 362,8 мың тонна көлемінде резервтік астық қоры бар. Аталған астық көлемі қажет болған жағдайда ішкі нарықты тұрақтандыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ішкі нарыққа жіберілетін болады. Мәселен, биыл Азық-түлік корпорациясының резервтерінің арқасында әлеуметтік нан бағасын тұрақтандырған болатын.

Сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы министрі ауыл шаруашылығы жануарларының мал басын азықпен қамтамасыз ету үшін азықтық дақылдардың егіс алаңдары 448,1 мың.га 3,7 млн. га дейін ұлғайтылғанын айтты.

«2022 жылға облыс әкімдіктері мал азығын сатып алу құнын арзандатуды субсидиялауға 11,5 млрд.теңге бөлді. 200 мың тонна көлемінде жемдік астық сатып алу үшін Азық-түлік корпорациясының жарғылық капиталын ұлғайтуға 20,0 млрд. теңге қаржы бөлу мақұлданды», — деді министр.

Бүгінгі күні 21,0 млн. тонна шөп дайындалды, бұл жоспардың 87,3%, жалпы жоспар 24,1 млн. тоннаны құрайды. Жемшөп дайындаудың негізгі жұмысы қыркүйек пен қазан айында жүргізілетін болады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі егін жинау және мал азығын дайындау жұмысын тұрақты бақылап отыр.

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.