Жол биыл біте ме: Кегендіктер Сұлтанғазиевты сұрақтың астына алды

Жол, жайылым, газ, мектеп. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевпен кездесу кезінде Кеген халқы жылдар бойы қордаланған мәселелерді қайта көтерді. Жиында жол зардабын тартқан кегендіктер бұл проблеманы бірнеше мәрте айтты. Ал «Кеген-Қайқы» автожолының қандай күйде екенін өз көзімен көрген өңір басшысы мәселе қатаң қадағаланатын, жаңа мердігер биыл қыс түскенше жыр болған жол аяқталатынын мәлім етті, деп хабарлайды agrоqogam.kz тілшісі.

Кеген жолының ауқымды жөндеу жұмыстары 2017 жылы басталған. Десе де жол жасауды міндетіне алған мердігерлер жұмысын сапасыз орындап, біраз бөлігі сол күйінде жасалмай қалған. Бұл жолмен күнделікті қатынайтын қарапайым халық наразылығын білдіріп келе жатқанына да бірнеше жылдың жүзі болған. Тіпті бір ай бұрын аудан тұрғындары жолды жауып тастап, тез арада мәселесін оң шешімін табуды талап еткен.

Облыстың жаңа әкімі Сұлтанғазиев аталған жол учаскесіне өзі барып, ауыл ақсақалдарының уәжін тыңдады. Артынша ұйымдастырылған кездесуде бірнеше тұрғын әкімнен көмек сұрап, мәселені шешіп беруді талап етті.

Кеген аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Халық Зықаев бұрынғы мердігерді сынға алды.

«Халықтың орынды өкпе, ренішін тудырып отырған жол мәселесін қайта қозғайын. Кеген мен Қайқы асуындағы жолды Кравченко басқаратын «Искер Т» ЖШС-нің ұтып алғанының аудан халқы үшін дұрыс болған жоқ.

Өйткені, аталған серіктестік облыс бойынша ең көп тендерді ұтып алған. Жұмыс көлемі көп. Ал, оның бәрін бір мезгілде жүргізу, орындау мүмкін болмады. «Искер Т» ЖШС-нің асфальт зауытының шығарған өнімі сапасыз болды, зауыт жұмыс тоқтап қалды. Мұның бәрін «Қазавтожол» мекемесінің басшылығы мүлде тексермеді», —  деп ренішін жеткізді ол .

Айтуынша, егер техникалық қадағалау органы жұмысын дұрыс атқарса, қазіргідей шикіліктер орын алмас еді. Сонымен бірге тұрғындар кездесуде игерілмей жатқан, бірақ жеке кәсіпкердің иелігіне өтіп кеткен шабындық жерлерді де қайтаруды сұрады.

«КазМЯСО» ЖШС-нің иелігіне өтіп кеткен Тасбұлақ, Шайтансай секілді өңірлердегі игерілмей жатқан шабындық алқаптарын жергілікті тұрғындарға қайтарып алып беруге көмек жасауды сұраймыз», — деді ол.

Ауыл белсендісіне жауап берген Сұлтанғазиев «ҚазАвтожолмен» келісім жасалғанын, олар 20 тамызда жаңа мердігерді анықтап, биыл күздің соңына дейін аталған жол учаскесі аяқтайтынын уәде еткенін еске салды.

«Қазавтожолмен» келістік. 2023 жылы келеміз. Жақсы нәтижені көрейік. Барлығы «Қазавтожолға» байланысты болып тұр. Өз тарапымыздан барлық жағынан, әсіресе  техника жағынан көмек көрсетеміз»,  — деп жауап берді облыс әкімі.

Одан бөлек «КазМЯСО» ЖШС-ға қатысты игерілмей жатқан жерлерге де қатысты өз ойын айтты. Аталған жерлер шын мәнінде игерілмей жатса, қайтарып алу үшін жұмыс жасалатын сөз етті. Оның сыртында Қарабұлақ өңіріндегі бұрын балалар лагері болған жерді қайтарып алу бағытында жұмыстар жүргізілетінінен де хабардар етті.

Айтолқын Адырбай,

Алматы облысы,

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.